Accessibility links

Кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы заң жобасы парламентке түсті


Астанадағы Қазақстан парламентінің мәжіліс (сол жақта) және сенатының ғимараттары.

Астанадағы Қазақстан парламентінің мәжіліс (сол жақта) және сенатының ғимараттары.

Сейсенбі күні Мәжіліс қолданыстағы заңға өзгерістер енгізуді көздейтін ұсынысты қабылдап алғанын жариялады.


Президент Назарбаевтан парламентке келіп түскен заң жобасы Қазақстанның қолданыстағы заңдарына бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Оған сәйкес, президент сайлау тағайындаған күннен бастап екі ай мерзім ішінде президент сайлауын өткізу тәртібін белгілеу қарастырылған.

Нұрсұлтан Назарбаев ұсынып отырған бұл өзгертулер мен толықтырулар «Сайлау туралы» және «Тұңғыш президент туралы» заңдарға енгізілмек.

– Заң жобасына сәйкес, кезектен тыс президент сайлауын Қазақстан президенті тағайындайды және тағайындалғаннан кейін екі ай мерзімде өтеді. Ал одан кейінгі кезекті сайлау бес жылдан кейін «Сайлау туралы» заңда белгіленген мерзімінде өтеді, – деді сейсенбі күні заң жобасы бойынша түсініктеме берген Мәжіліс депутаты Рахмет Мұқашев.

Оның айтуынша, кезектен тыс президент сайлауы кезекті сайлау тәртібі бойынша өтеді. Сайлау науқанының мерзімін Орталық сайлау комиссиясы белгілейді.

Қаңтардың 31-і күні түстен кейін президент Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілетін 2020 жылдың соңына дейін ұзарту жөніндегі референдум өткізу бастамасынан бас тартып, елде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді ұсынатынын айтып мәлімдеме жасады.

Назарбаев бұндай шешімді қабылдауын «елді біріктіру идеясы» қажет болғанымен түсіндірді.

Одан сәл бұрын, қаңтардың 31-інде, Қазақстанның конституциялық кеңесі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін республикалық референдум арқылы ұзарту туралы парламент қабылдаған конституциялық заңға қатысты ұйғарымын жария еткен еді. Конституциялық кеңес бұл заң Негізгі заңның ережелері мен нормаларына қайшы келеді деп тапқан болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG