Accessibility links

«Әл-Шабааб» туралы бес сауал


Полиция Найробидегі «Әл-Шабааб» тобы кепілге алған адамдарды босату операциясы кезінде. Кения, 21 қыркүйек 2013 жыл.

Полиция Найробидегі «Әл-Шабааб» тобы кепілге алған адамдарды босату операциясы кезінде. Кения, 21 қыркүйек 2013 жыл.

Сомалидегі исламшыл фундаменталистердің «Әл-Шабааб» тобын басқа аймақтар біле бермейтін. Кения астанасындағы сауда орталығында теракт ұйымдастырғалы бұл ұйымды «Әл-Қаиданың» ең күшті, әрі айлалы серіктесі деп атай бастады.

«Әл-Шабааб» қандай ұйым?

Араб тілінен аударғанда «Жастар» деген мағына беретін бұл ұйым соғыс шарпыған Сомалиде 2006 жылы пайда болды. Сүнниттердің радикалдық ұйымы «Әл-Шабааб» ("Әш-Шабааб" деп те жазылады - ред.) кезінде Сомалидің оңтүстігін бақылауында ұстаған. Бірақ қазір Сомалиде тұрақтылық орнатып, әлсіз үкіметке қолдау көрсетіп жүрген Африка Одағы күштеріне, соның ішінде көбіне кениялықтарға қарсы тұра алмаған бұл ұйым ауылдық аймақтарға ығысқан.

Бұл топ өздері бақылау орнатқан аймақтарда шариғаттың қатал заңдарын қолдануды, мәселен, зина жасаған әйелді таспен ұрып өлтіруді, ұрының қолын кесуді қолдайды.

«Әл-Шабааб» Сомалидегі жағдайды тұрақтандырмақ болып жатқан елдер азаматтарына осымен екінші рет шабуыл жасады. Бұл топ 2010 жылы Уганданың Кампала қаласында 76 адамның өмірін қиған қастандық ұйымдастырған. Кения астанасы Найробидегі 69 адам опат болған терактіні осы ұйым мойнына алды.

«Әл-Шабаабтың» «Әл-Қаидамен» қандай байланысы бар?

«Әл-Шабаабтың» қазіргі басшысы Мухтар Әбу Зубайр 2012 жылдың ақпанында әлемдік террористер қозғалысына кіретінін мәлімдеген. Бірақ бұл ұйымды нақты кімнің қаншалықты және қай уақыттан бері басқарып отырғаны белгісіз.

Найробидегі терактіден кейін үнемі ғаламдық жиһад туралы сөз ететін Әбу Зубайр сомалилік бұл топты дәл «Әл-Қаиданың» жолымен бастап бара жатқандай көрінеді. «Әл-Шабаабты» тек Сомалиге бағыттауды көздейтін қарсыластар билік жолындағы ішкі күресте Әбу Зубайрдан жеңіліп қашып кетті, кейбірі сол тартыстың құрбанына айналды.

Шотландиядағы терроризм мен саяси зорлық-зомбылықты зерттеу орталығының сарапшысы Питер Лердің айтуынша, «Әл-Шабаабтың» «Әл-Қаидамен» нақты қандай байланысы бар екенін әлі де нақтылай түсу керек.
"Әл-Шабааб" ұйымының мүшелері.

"Әл-Шабааб" ұйымының мүшелері.


– «Әл-Шабааб» унитарлы, қатаң иерархиялық ұйым еместігін түсінуіміз керек. Іс жүзінде бұл – әрқайсысының өз әскері бар ықпалды дінбасылардың альянсы. Әрі олар аса радикал экстремизмнен бастап ұстамды бағытқа дейін түрлі көзқарасты қолдайды. Сондықтан олардың бір өкілі «Әл-Қаиданың» бір бөлігіміз» деп жатса, өзгелері бұдан басқаша ойлауы мүмкін, – дейді сарапшы.

Лондондағы Корольдік біріккен қызмет институтының Африка жөнінде маманы Анна Рейдер де «Әл-Шабааб» пен «Әл-Қаиданың» ғаламдық жиһад идеясына қатысты байланысы айқын емес дейді.

– «Әл-Шабаабты» оңтүстік Сомалидегі кландар қаржыландырғанын естен шығармауымыз керек. Сондықтан олар сол маңдағы қауіпсіздік пен әділет үшін, елдің осы бір артта қалған аудандарындағы тіршілік үшін белгілі бір деңгейде жауапты. Егер олар оңтүстіктегі тайпа көсемдерінің қалауына қарамай, күштерін әлемдік жиһадқа жұмсаса, түрлі тартыстар басталары анық, – дейді Анна Рейдер.

Сол себептен, Найробидегі шабуыл ғаламдық жиһадтан гөрі Сомалидегі Африка одағы күштеріне Кенияның ықпалын әлсіретуге бағытталған деп тұспалдауға болады.

«Әл-Шабаабтың» қуаты қандай?

«Әл-Шабаабтың» құрамында қанша әскер бар екенін ешкім нақты айта алмайды. Бірақ көп болжамдар бойынша, 5 мыңдай болуы мүмкін. Бұлардың бірнеше жүзі – шетелдік сарбаздар. Жақсы қаруланған бұл топ 2011 жылы Сомалидің Могадишо қаласынан, 2012 жылы Кенияның Кисмайо портынан ығыстырылған соң біраз әлсіреп қалғанға ұқсайды.
Найробиде "Әл-Шабааб" басып алған сауда орталығы. 23 қыркүйек 2013 жыл

Найробиде "Әл-Шабааб" басып алған сауда орталығы. 23 қыркүйек 2013 жыл


«Әл-Шабаабтың» Сомалидегі ықпалы қаншалықты екені де белгісіз. Әу баста олардың «елде қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз» деген сөзін халық құп көрген. Алайда бұл топтың билік орнатқан аймақтарында қатал шариғат заңдарын енгізіп, ауыр салық салуы халықты шошытты. «Әл-Шабаабтың» Сауд Арабиясында кеңінен таралған ваххабиттік бағытты ұстанатыны, ал Сомали халқының көпшілігі сопылық жолды тұтынатыны да біраз кикілжің туғызады. Әсіресе «Әл-Шабааб» сопылардың мазарларын қиратқан кезде бұл анық байқалды.

Кейбір сарапшылардың сөзінше, «әл-Шабааб» әлсірегеніне қарамастан күшті ұйым екенін әлемге тағы бір паш етті». Топтың Кения шекарасын бұзып өте алуы, Могадишо қаласында жанкештілердің бомба жарылыстарын жиі ұйымдастыруы бұл топтың құрамына кіргісі келетіндерге мүмкіндік беріп, олардың ел ішінде және шетелде шабуыл жасауына жол ашады.

«Әл-Шабааб» басқа аймаққа қауіп төндіре ала ма?

Сомалиден көшіп келген иммигранттар көп тұратын АҚШ пен Ұлыбритания сияқты Батыс елдері үшін бұл үлкен мәселеге айналған.

АҚШ конгресмені, өкілдер палатасындағы ішкі қауіпсіздік комитетінің мүшесі Питер Кингтің айтуынша, «Әл-Шабааб» АҚШ-тағы сомалиліктер арасынан 50-дей адамды қатарына қосып үлгерген. «Олар Сомалиден қайтып келіп, үйренгендерін АҚШ-та қайталауы мүмкін» дейді конгресмен.
Сомали полициясы "Әл-Шабааб" мүшесін тұтқындап жатыр. Могадишо, 23 наурыз 2012 жыл

Сомали полициясы "Әл-Шабааб" мүшесін тұтқындап жатыр. Могадишо, 23 наурыз 2012 жыл


Питер Лердің ойынша, «Әл-Шабааб» шетелдегі сомалилік диаспоралар арасында ақша жинауға, адам тартуға мүдделі болуы әбден мүмкін. Бірақ олардың басты мақсаты – шалғай аймақтардан жаңа майдан ашу емес, Сомалидегі ішкі соғыста жеңіске жету.

– Олар АҚШ-та немесе Ұлыбританияда соғыс ашуы мүмкін деген – тек әлдекімдердің долбары ғана. «Әл-Шабааб» оны қолдай ма? Оларға қаржы бөле ме? Олардың мұны орындайтын жеткілікті адамы бар ма? Себебі олардың әскерінің көбі Сомалидегі дала соғыстарына қатысып, жеңіске жету мақсатымен жүр. Бар мәселе осында. Қалғандары жай әңгіме ғана, – дейді Питер Лер.

Найробидегі шабуыл топтың тактикасынан хабар бере ме?

«Әл-Шабааб» Кенияда бейбіт халыққа әскери операция құсаған шабуыл жасады. Бұл 2008 жылғы қарашада Мумбайда болған шабуылға өте ұқсас. Яғни жақсы жаттыққан әскерилердің шағын тобы қарапайым адамдарға тұтқиылдан лап қойып, жайратып салады.

Кейбір сарапшылар Найроби шабуылының Мумбайдағыға ұқсас болуы кездейсоқтық емес дейді.

«Бұл тактиканы қолдануға басқалардың онша асықпай отырғаны таңқалдырады» дейді терроризм жөніндегі америкалық маман, ЦРУ-дың бұрынғы қызметкері Брюс Рейдел.

Мумбайдағы шабуылды Пәкістан әскерінің бұрынғы офицері, «Әл-Қаидадағы» қолбасылардың бірі жоспарлаған. Оны 2011 жылы АҚШ әуеден шабуылдау арқылы атып өлтірген. «Әл-Шабааб» тобы «әл-Қаидамен» тұрақты түрде байланыс жасап отырады, ал Найроби шабуылы – жай кездейсоқтық емес, олардың арасындағы өзара ақпарат алмасудың нәтижесі деп сенетіндер бар.

Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG