Accessibility links

Журналист Исмаилова қамауда мойымағанын айтады


Журналист Хадижа Исмаилова (сол жақта) мен заңгер Элтон Гулиев. Баку, 19 ақпан 2014 жыл.

Журналист Хадижа Исмаилова (сол жақта) мен заңгер Элтон Гулиев. Баку, 19 ақпан 2014 жыл.

Әзербайжандық журналист Хадижа Исмаилованың Баку абақтысында отырғанына бір айдан асты. Халықаралық ұйымдардың қолдауына қарамастан, оның басына түскен сынақ әлі бітпейтін тәрізді.

Әзербайжанда жоғары биліктегі жемқорлықты әшкерелеген журналист Хадижа Исмаилова бір айдан астам уақыттан бері қамауда жатыр. Оған «адамды өзіне қол жұмсамақ болуға мәжбүрлеген» деген айып тағылған. Исмаилова уақытша қамау орнында екі айдай отырады, егер Әзербайжан үкіметінің прокурорлары істі қарап бітпесе – бұл мерзім тағы да ұзартылады.

«СОТТАР МЕН ПРОКУРОРЛАРДЫ АЯЙМЫН»

Әзербайжандағы Азаттық радиосында күн сайын ток-шоу жүргізетін журналист қаңтардың 8-і күні өзін қолдаушыларға хат жазып, қорқытып-үркітуге беріле қоймайтынын мәлімдеген. «Мені тергеген кезде ізгілік пен зұлымдық арасындағы күрес жалғаса береді дедім» деп жазған ол. «Президент Илхам Әлиевтің режиміне келсек, олардың зұлымдығына қарсы шағын күрес үлкен соғыстың бір бөлігі ғана. Қазіргі кезде біз жеңіске жетіп отырмыз» дейді журналист.

Хадижа Исмаилованың түрмеден жазған хаты. Қаңтар, 2015 жыл.

Хадижа Исмаилованың түрмеден жазған хаты. Қаңтар, 2015 жыл.

38 жастағы Хадижа Исмаилова ізіне түскен адамдарға қарағанда өзін әлдеқайда тәуелсіз сезінетінін айтады. «Мен бұл соттан не күтемін? Соттар мен прокурорлардың дәрменсіз кейпіне қарап, оларды іштей аяймын. Бір қызығы, олардың сондай әлпетін көргенде өз күшіме сенімім арта түседі. Бұндай ресми қызметтегі адамдарға қарағанда өзімнің тәуелсіз тұлға екенімді сезіне түсемін».

Исмаилованың тұтқындалуы көптеген журналистер мен белсенділерді түрмеге қамаған Әзербайжан билігінің азаматтық қоғам үнін шығармауға тырысқан әрекетінің бір бөлігі саналады. Оған қоса, тәуелсіз БАҚ пен қоғамдық ұйымдар да қысымға алынып, біразы жабылып қалды.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОЛДАУ

Желтоқсанның 26-сы күні Баку билігі Азаттықтың Әзербайжан қызметі бюросының кеңсесіне құлып салды. Ел ішінде Азадлыг деп аталатын бюроның журналистерін ұзақ тергеп, бірнеше апта бойы тінту жүргізді, бірақ ешқандай айып тақпады.

Қаңтардың 8-і күні Әзербайжанның Мейдан ТВ арнасы Хадижаның анасы – Эльмира Исмаиловадан сұхбат алды. Эльмира Исмаилова қызын аптасына бір рет көретінін, оның көңіл-күйі жақсы екенін айтқан. «Азадлыг радиосының кеңсесін жапқан кезде ол әріптестерін көре алмайтыны үшін қамықты. Ол әріптестеріне олардың ортасында болғанды қатты қалайтынын жеткізуді сұрады» дейді анасы.

Хадижа Исмаилованы халықаралық қолдаушылар тобы артып келеді. Еуропалық кеңес, Еуропа Одағы, АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Том Малиновский, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) мен құқық қорғау ұйымдары ресми Бакуден оны босатуды талап етті.

Қаңтардың 5-і күні танымал жазушы Халед Хоссейни де бұл тізімге қосылды. Исмаилова Хоссейнидің алғашқы романы «Жел соңынан жүгіргендерді» әзербайжан тіліне аударған еді. «Әзербайжан үкіметінің Хадижаны сөйлетпеуге тырысқаны және еркіндігінен айырғаны оның қажыр-қайратының басым екенін көрсетеді» дейді Хоссейни.

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМДЫ ТҰНШЫҚТЫРУ

Бірақ Әлиевтің үкіметіне бұлардың пікірі әсер етпеді. Қаңтардың 8-і күні жариялаған сұхбатында президент әкімшілігінің басшысы Әли Хасанов «демократияны дамытамыз дегенді желеу етіп кейбір халықаралық күштер мемлекеттің ішкі ісіне араласады» деп айыптады.

«Олардың бұл әрекеті көптеген елдерде әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа, азаматтық бүліктер мен экономикалық құлдырауға, әлеуметтік сүргіннің басталуына ықпал етті. Кейбір белгілеріне қарап, Әзербайжанда да осындай сценарийді жүзеге асырушылар бар деген ойға келеміз» деді Хасанов.

Хадижа Исмаилованың анасы Эльмира Исмаилова. Баку, желтоқсан, 2014 жыл.

Хадижа Исмаилованың анасы Эльмира Исмаилова. Баку, желтоқсан, 2014 жыл.

Исмаилова өзіне тағылған айыптың жалған екенін және президент Әлиев пен оның отбасы сияқты жоғары билікте отырғандардың жемқорлығын әшкерелейтін мақалалары үшін айыпты болғанын айтады.

Тұтқындардан бірнеше ай бұрын Хадижа Исмаилованы қорқытып-үркітіп, пәтерінде заңсыз түсірген видеоны үкіметшіл сайттарға шығарған еді. Анасы тұратын үйдің мекенжайы да билікшіл газет бетінде жарияланды.

Бірақ анасы Эльмира Исмаилова қызының журналистік қызметін мақтан тұтады және қолдайды. «Хадижа журналистік зерттеуін аяқтаған кезде өзін бақытты сезінеді» деді ол Мейдан телеарнасына. «Егер ол оқиғада бір деректің жетіспей тұрғанын байқаса оны ешқашан жарияламайды. Тіпті кішкентай оқиға болса да, соны анықтау үшін қайта тексереді» дейді журналистің анасы.

Арзу Гейбуллаева мен Роберт Коалсонның мақаласын аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG