Accessibility links

«Хорасан» тобы «Ислам мемлекетінен» де қатерлі саналады


"Әл-Каида" террористік ұйымының өліп қалған көсемі Усама бен Ладеннің суреті Пәкістандағы базарлардың бірінде ілініп тұр.

"Әл-Каида" террористік ұйымының өліп қалған көсемі Усама бен Ладеннің суреті Пәкістандағы базарлардың бірінде ілініп тұр.

New York Times басылымы «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымынан да қауіпті «Хорасан» террористік тобы туралы жазады.

АҚШ Ирак пен Сирия аумағында барған сайын күшейіп бара жатқан «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымына қарсы тұратын халықаралық коалиция құрып жатыр. 25 қыркүйекте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде АҚШ президенті Барак Обаманың төрағалығымен осы мәселеге байланысты арнайы отырыс өтпек.

ӘЛ-ФАДЛИ ДЕГЕН КІМ?

Жақында The New York Times басылымы АҚШ пен Еуропаға Сирия аумағында әрекет ететін басқа бір террорлық ұйымнан көбірек қауіп төніп тұрғанын хабарлады. Бұл мәліметті олар Американың барлау қызметінен алған.

«Хорасан» деп аталатын бұл ұйымды кезінде Осама бен Ладеннің қоластында болған кувейттік Мухсин әл-Фадли басқарады. АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметіне қарағанда, 2001 жылғы 11 қыркүйектегі террорлық шабуылдың болатынын алдын-ала білген санаулы адамның қатарында әл-Фадли болған. Осыдан-ақ оның «әл-Каидадағы» орнын байқауға болады.

Нью-Йорк. 11 қыркүйек 2001 жыл.

Нью-Йорк. 11 қыркүйек 2001 жыл.

Болжам бойынша, әл-Фадли 11 қыркүйектегі аласапыраннан соң үзеңгілестерімен бірге Ауғанстаннан Иранға қашып кеткен. Жақында ол Ираннан Сирияға өтіпті. Иранда ол «әл-Каиданың» қаржылық операцияларына жауап берген, яғни, Кувейттегі «жиһадты» жақтайтын байлардан қаржы алып, оны Сириядағы «әл-Каидамен» байланысы бар жасақтарды қолдауға жұмсап отырған.

The New York Times газетінің жазуына қарғанда, АҚШ-тың барлау қызметі әл-Фадлиді он жылдан бері аңдып келеді. 2012 жылы АҚШ осы терроршыны тұтқындауға мүмкіндік беретін ақпарат берген адамға 7 миллион доллар сыйақы да тағайындаған.

Америкалық басылымның ақпарат көздері айтқан болжамдарға сүйенсек, АҚШ пен Еуропаға «Ислам мемлекеті» ұйымынан гөрі «Хорасан» тобы көбірек қауіп төндіріп тұр. Себебі олардың басты міндеті – Америка мен Еуропа аумағына террорлық шабуыл жасау. Оның үстіне «Хорасан» мен «ән-Нуср майданы» топтары батыс барлау қызметтерінің назары негізінен «Ислам мемлекетіне» ауып кеткен оңтайлы сәтті жақсы пайдаланған.

«ҮШЕУІ ДЕ ҚАУІПТІ»

Ақ үй мен АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы The New York Times басылымындағы бұл мақалаға қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының депутаты Майк Роджерс «Хорасан» мен «әл-Каидадан» АҚШ-қа көбірек қатер төніп тұр деген болжаммен келіспейді. CBS телекомпаниясының жексенбілік хабарына келген ол былай деді:

Сирияда құлаған ұшақ бөлшегін ұстап тұрған «Ислам мемлекеті» тобының өкілі.

Сирияда құлаған ұшақ бөлшегін ұстап тұрған «Ислам мемлекеті» тобының өкілі.

– Біріншіден, «әл-Каида» баяғыдан батыс елдеріне шабуыл жасаймыз деп қорқытып келеді. Мұны естен шығармау керек. Екіншіден, «Ислам мемлекеті» ұйымынан төнетін қауіп «әл-Каида» мен «Хорасандікінен» үлкен не кіші деп салыстырмас едім. Бұл қатерлердің сипаты әркелкі. Дәл қазір «Ислам мемлекеті» тобынан қауіп төніп тұрғаны рас. Ал «Хорасанды» біз «әл-Каиданың» Араб түбегінде орналасқан бір бөлімшесі деп қабылдаймыз. Бұл топ ең алдымен ұшақтарға шабуыл жасауға бейіл. Бұл өте қауіпті, себебі олардың қолында ақша да, техникалық жабдықтар да, шабуылды бастауға әзір тұрған содырлар да бар. Мұны ұмытуға болмайды. Бұл – қазір төніп тұрған қатер. «Ислам мемлекеті» мен оны «ән-Нуср майданы» да қауіп төндіріп тұр. Мұндағы ең қиыны – осы үш топтың да құрамында Батыс елдерінің азаматтары бар, олар Батыс мемлекеттерінің паспорттарын ұстап жүр. Осы үш топтың бірі болмаса бірі Батыста террорлық шабуыл жасай ма деп қорқамыз. Сондықтан біз бұлармен күресті барынша күшейттік.

«ОЛАРДА АҚША ДА, ТЕХНОЛОГИЯ ДА БАР»

Майк Роджерстің пікірін АҚШ сенатының барлау қызметі жөніндегі комитетінің басшысы Дайан Файнстан да қолдайды. СBS телеарнасындағы дәл сол хабарға қатысқан ол АҚШ-тың өз ішінде қауіп төндіре алады-ау деген бірнеше ұйымның бар екенін айтты.

– Әрине, «Ислам мемлекеті» – сондай топтардың бірі. Екіншісі – Йеменде орын тепкен «Араб түбегіндегі әл-Каида» ұйымы. Олардың қолында ұшақ бортына байқатпай алып кіруге болатын жарылғыш жасауға мүмкіндік беретін технология бар. Бұл топтың террористері мұндай жарылғышты төрт мәрте АҚШ-қа алып өтпек болған, – деді сенатор.

АҚШ-тың бұрынғы қорғаныс министрі Роберт Гейтс президент Обама бастаған «Ислам мемлекеті» тобының көзін жою науқаны барысында басқа террорлық ұйымдардан төніп тұрған қауіпті де естен шығармау керек дейді.

АҚШ-тың бұрынғы қорғаныс министрі Роберт Гейтс.

АҚШ-тың бұрынғы қорғаныс министрі Роберт Гейтс.

– Бізге басқа ұйымдардан қатер төніп тұрғанын ұмытпау қажет. Олар, әрине, «ән-Нусра майданы» және «әл-Каида» ұйымдары. «Әл-Каидамен» күресіп келе жатқанымызға 13 жыл болса да, оны әлі күнге құрта алмай отырмыз. Ауғанстан мен Пәкістанда оларға біраз соққы бере алдық. Әлемнің басқа аймақтарына, әсіресе Африка мен Таяу Шығысқа көз жіберсек, онда «әл-Каиданың» әлі де үстемдік етіп отырғанын байқаймыз, – деді Гейтс.

New York Times басылымының жазуына қарағанда, АҚШ пен Еуропаны толғандыратын басты мәселе – Сирия мен Иракта террористердің қатарында мыңдаған шетелдіктің соғысып жүргені. Барлау қызметінің берген мәліметтеріне сүйенген газет террористердің қатарына қосылған шетелдіктер саны Сириядағы соғыс басталғалы бері 15 мың адамға жетті деп хабарлады. Олардың арасында жүзден аса Америка азаматы мен 2 мыңға жуық еуропалық жүр. Террористермен қатар жүріп соғыс тәсілдерін үйреніп жатқан олар кейін өз елдеріне барып осының бәрін қайталай ма деген үрей бар.

Владимир Дубинскийдің мақаласынан қазақшаға аударылды.

XS
SM
MD
LG