Accessibility links

Украинада қаза тапқандар саны көбейді


Шерушілер ішкі істер министрлігі өкілдері отырған автобусты тоқтатып тұр. Киев, 21 ақпан 2014 жыл.

Шерушілер ішкі істер министрлігі өкілдері отырған автобусты тоқтатып тұр. Киев, 21 ақпан 2014 жыл.

Киевте қақтығыстардан қаза тапқандар саны 75 адамға жетті. Елдегі саяси дағдарысты реттеу жөніндегі билік пен оппозиция арасындағы келіссөздердің алғашқы кезеңі өтті.

Киевте соңғы үш күнде қақтығыстардан қаза тапқандар саны 75 адамға жетті деп хабарлайды Украинаның денсаулық сақтау министрлігі. 571 адам медициналық көмек сұрап келген, 363 адам ауруханаға жатқызылған.

Оппозиция өкілдері қаза тапқандар саны ресми есептен әлдеқайда көп дейді.

"Тек кеше, 20 ақпанның өзінде ғана Киевте 70-тен 100-ге дейін адам мерт болған" дейді Майданның медициналық қызметінің үйлестірушісі Олег Муси.

Қаза тапқандар арасында 22 жастағы журналист Игорь Костенко бар. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, оның оқ тиіп, жараланған денесі Октябрь сарайының маңынан табылған.

Бұған дейін зардап шеккендердің көпшілігі тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдікке ілінуден қорқып, ауруханаға қаралмай жатқаны айтылған еді.

Украина ішкі істер министрлігі "милицияның 13 қызметкері қаза болды" деген ақпарат таратты.

Киевте бүгін елдегі саяси дағдарысты реттеу жөніндегі келіссөздердің алғашқы кезеңі аяқталғаны хабарланды.

Тоғыз сағатқа созылған келіссөздерге Украина президенті Виктор Янукович, оппозиция жетекшілері Арсений Яценюк, Виталий Кличко мен Олег Тягнибок және Германия сыртқы істер миинстрі Франк-Вальтер Штайнмайер, Польша сыртқы істер министрі Радослав Сикорский қатысты. Кейіндеу келіссөздерге Ресейдің адам құқықтары жөніндегі уәкілі Владимир Лукин де қосылды.

Келіссөздерге қатысушылардың барлығы оған қатысты түсінік беруден бас тартты. Оппозиция жетекшілері журналистерге ұшырасып қалмау үшін президент сарайының артқы есігінен шығып кеткен. Еуропа Одағындағы дереккөздеріне сілтеме жасаған Reuters агенттігі келіссөздердің "өте ауыр" жүріп жатқанын хабарлады.

Бүгін Еуропа Одағының Украинадағы өкілдігінің басшысы Ян Томбинский ЕО өкілдері Януковичпен тағы бір кездесу өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады.

Өткен түні Жоғарғы Рада антитеррористік операцияны тоқтату және әскерилер, милиция жасақтары мен арнайы қызмет сарбаздарын казармаларға қайтару туралы құжат қабылдаған. Парламент депутаттары бұған қоса жолдарды жабуға және Украина аумағында қозғалысқа шектеу қоюға тыйым салған.

Жоғарғы Раданың бүгінгі отырысында депутаттар елдің 2004 жылғы конституция жобасын қалпына келтіруге дауыс береді деп жоспарланып отыр.

Киевте 18 ақпаннан бері демонстранттар мен милиция арасында қақтығыстар жүріп жатыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG