Accessibility links

"Терроризмге қарсы соғыс" науқаны кең-көлемді ұғымға айналды


АҚШ президенті Джордж Буш 2001 жылғы 11 қыркүйектегі шабуылдардан кейін жариялаған "терроризмге қарсы соғыс" науқаны қазір кең-көлемді ұғымға айналды. "Терроризмге қарсы соғыстың" нысанына алғашында "Әл Қаида" ұйымының жетекшісі Осама бин Ладен алынған еді, бүгінгі таңда террорлық әрекетке қатысы бар дейтін кез-келген жеке тұлғаның не болмаса топтың көзін жою, оларды қолға түсіру, олардың қимылдарының алдын алу мақсат тұтылады. "Терроризмге қарсы соғыс" Орталық Азия мен Орталық Азия аймағы төңірегінде қандай бағыт-бағдар алып жатыр?

Вашингтонда орналасқан Джорджтаун университетінің терроризм мәселелері бойынша сарапшысы Брюс Хоффман "Азаттық" радиосына осы мәселе жайында сұхбат берді. Айта кету керек, Брюс Хоффман "терроризмге қарсы соғыс" деген ұғым қазіргі таңда алғашқы мағнасын жоғалтты дейді. Терроризм деген ұғым саяси өзгерісті қақтығыс жолымен жасау әрекетін білдіреді. "Ал терроризмге қарсы соғыс дегеніміз ол бізге қауіп төндірген кез-келген нәрсеге қарсы соғыс, бізге үрей туғызатын кез-келген құбылысқа қарсы соғыс,- дейді Брюс Хоффман. -Соғыс дегенде әскер күшін қолдану деген ой еріксіз есіңізге келеді, бірақ бұл науқан соғысқа емес, кең-көлемді күреске айналды, бұл мүлдем басқа нәрсе".

Терроризмге қарсы соғыс науқанына көптеген елдің үкіметтері қатысып жатыр. Орталық Азияда, мәселен, исламшыл топтарға тыйым салынды, жергілікті үкіметтер оларды террорлық әрекетпен айналысады деп күдіктенеді. Джорджтаун университетінің терроризм мәселелері бойынша сарапшысы Брюс Хоффман олардың қара тізімге ілінулерінің басты себебі – олардың жергілікті үкіметтерге қарағанда балама жол ұсына алатындарында дейді. Айталық, олар Орталық Азиядағы авторитарлық үкіметтерге қарсы, ислам дінін жоққа шығаратын үкіметтерге қарсы күресіп жатырмыз деп өздерін нәсихаттай алар еді, исламшыл топтар коррупцияға қарсы күресудеміз деп ұпай жинап, балама жол ұсына алатын жағдайда. Жалпы, дейді Брюс Хоффман, Орталық Азия географиялық тұрғыдан қарағанда оқшауланып жатыр, Совет Одағы құлағалы бері, кейбір жағдайға қарамағанда, әлемнің осы аймағы өз шеңберінде шектелді, сондықтан осы аймақтағы қақтығыстар Орталық Азия шеңберінен көбінесе шықпайды.

Дегенмен, Орталық Азиядағы қақтығыстар Ресейге, оңтүстікте жатқан Ауғанстанға, Пәкістанға әсер етпей қоймайды, әлемнің басқа тараптарына да әсер етеді, Иранға әсер етеді, дейді сарапшы Брюс Хоффман. Бір аймақтағы қақтығыс сол аймақтың шеңберінен аса алмай қалады деп ешкім кепілдеме бере алмайды, дейді америкалық сарапшы Брюс Хоффман. Бұған мысалды күнделікті ақпарат ағынынан көрсе болады. Ресей Федералды Қауіпсіздік қызметі Қазақстанмен шекаралас Тюмень қаласында "Хизбут-Тахрир" ұйымының бөлімшесін әшкереледік деп жариялады сәрсенбі күні. Мұнда бір Қырғызстан азаматы, бір Өзбекстан азаматы ұсталды. Олардың біреуі сот шешімі бойынша еліне қайтарылыпты.

Орталық Азиядағы исламшыл топтардың тағы бір ерекшелігі – әлемнің басқа аймақтарындағы топтарға қарағанда олар Осама бин Ладен жариялаған ғаламдық жиһад идеологиясына ілескен жоқ. Ғаламдық жиһад ұранына тек "Өзбекстан ислам қозғалысы" қосылды. Орталық Азиядағы өзге исламшыл топтар мақсат-мұраттарын аймақ шеңберінен асырмайды.
XS
SM
MD
LG