Accessibility links

Минск түбіндегі Марат Бакиев тұратын үй


Минск түбіндегі Раубичи деревнясындағы Марат Бакиев тұратын үй.

Минск түбіндегі Раубичи деревнясындағы Марат Бакиев тұратын үй.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің үлкен ұлы Марат Бакиев Минск түбіндегі Раубичи деревнясында тұрады. Оның үйін Азаттықтың Беларусь қызметі тілшісі іздеп тапты.

2010 жылы Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы орынбасары қызметін атқарған 45 жастағы Марат Бакиев елінде 22 жылға сотталған. 2010 жылдың сәуірінде Бішкектің бас алаңындағы тәртіпсіздіктер кезінде 90-ға жуық адам мерт болып, бір жарым мыңнан аса адам жараланған. Қақтығысқа қатысушылар шерушілерді көздеп оқ атқанын айтады.

Марат Бакиев Беларусь еліне әйел, баласы, әкесі, немере ағасы және өзге адамдармен бес жыл бұрын келген. Бакиевтер отбасы әуелі Березинка биосфералық қорығы территориясында тұрған. Ол жердегі тұрғын үй корпустарының бірі - «Плавно» элиталық қонақ үйінде бүкіл екінші қабатты алатын президенттік апартамент жабдықталған.

"Плавно" отелі.

"Плавно" отелі.

Сол жылдың тамызында Беларусь президенті Александр Лукашенко Бакиевтер отбасына азаматтық «тарту еткен». Құрманбек Бакиев жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктердің көпшілігі тұратын «президенттік аудан» - Веснинкадан орын алған. Ал балалары Раубчихадағы қарапайым «баспананы» місе тұтып, бөлек тұруды жөн көрген.

Жөндеу бригадасы шеберлерінің бірінің айтуынша, тіпті бояу иісі де кетпеген мүлде жаңа ғимарат болғанымен, Раубчихадағы үйді толығымен қайта жабдықтау туралы тапсырыс «шұғыл» деген белгімен түскен. Жекежайдың бағасы қанша ақшаға түскені белгісіз, бірақ бұрынғы қожайынның жер телімін ғана 50 мың долларға сатып алғаны аян.

Әлгі шебердің айтуынша, жұмыс үзіліссіз жүргізіліп, үш айдан кейін үйдің іші-сырты толық өзгеріп, бұрынғы нұсқасынан ештеңе қалмаған. Ал тапсырыс беруші төлемді бір рет те кешіктірмеген, ақшаны тіпті алдын ала төлеп тұрған, құрылысшылардың ағымдағы проблемаларын да дереу шешіп отырған. Марат Бакиевтің екінші ұлы (үлкені 20-лар шамасында) жөндеуден өткен үйде дүниеге келген. Ішкі аулаға кіші баласына арнап балалар алаңын жабдықтаған. Қазір үй аумағы, тіпті дуалдың сыртына дейін мұқият күтіп-бапталады.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Марат Бакиевтің үйіне туыстары жиі келіп тұрады. Олар жұрт көзіне онша түспей, автоматты түрде ашылып-жабылатын қақпадан тезірек кіріп кетуге тырысады. Куәгерлер екінші әйелі, кішкентай балаларын ерткен әкесі Құрманбек Бакиев пен немере ағасы Жаныш Бакиевті көргендерін айтады. Бірде жергілікті тұрғындардың бірі қақпадан «Ауди» көлігі шыққанын көрген, бірақ ішіндегі жолаушыларын танымаған.

Беларусь елінде бұрынғы «чекист» Марат Бакиев кәсібін ауыстыруға мәжбүр болған. Ертеректе ақпарат құралдары «Марат Бакиев әйелінің Кипрдағы компаниясы арқылы Минск түбіндегі қала сыртындағы клубтың тең қожайынына айналды» деп жазған. Ойын-сауық орталығында баласын көтеріп тұрған Мараттың фотосуреті интернетте де жарияланған. Қырғызстанға белорус қантын сатуға Бакиевтің қатысы бар деген де хабар тараған. Жұртқа енді таныла бастаған бизнесменнің «Белгоспищепром» концерні ғимаратында жеке кеңсесі де бар.

ТМД территориясында Марат, Максим, Жаныш және Құрманбек Бакиевтерге мемлекетаралық, ал Интерпол желісі арқылы халықаралық іздеу жарияланған. Олардың төртеуі де бірнеше қылмыстық бап бойынша сырттай айыпталып, сотталған. Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев сырттай 25 жылға сотталған.

Құрманбек Бакиевтің баласы әрі даму, инвестиция және инновациялар орталық агенттігінің экс-басшысы Максим Бакиевтің дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі өмір бойына түрмеге кесілген. Қырғызстан соты бұрынғы президенттің баласын ондаған миллион долларға бағаланатын мемлекет меншігін «заңсыз жекешелендірді» деп айыптаған. Ол қазір босқын мәртебесін алып, Ұлыбританияда жасырынып жүр.

Азаттықтың Беларусь қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG