Accessibility links

Қырғызстандағы Ақсы оқиғасына – 10 жыл


Қырғызстандағы оппозиция өкілдері 2002 жылы Ақсы оқиғасында полиция қолынан қаза тапқан құрбандардың суретін ұстап, наразылық шарасын өткізіп тұр. Қырғызстан, 17 наурыз 2010 жыл.

Қырғызстандағы оппозиция өкілдері 2002 жылы Ақсы оқиғасында полиция қолынан қаза тапқан құрбандардың суретін ұстап, наразылық шарасын өткізіп тұр. Қырғызстан, 17 наурыз 2010 жыл.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев 2002 жылғы Ақсы оқиғаларын мемлекеттік деңгейде еске алу күнін белгіледі. Енді қырғыздар жыл сайын 17 наурызда Ақсы оқиғасы кезінде қаза тапқан алты адамның рухына құран бағыштап, үш минут аза тұтады.


- Ақсы толқуына осыдан 10 жыл бұрын Джалал-Абад облысының депутаты Әзімбек Бекназаровтың қамалуы түрткі болғанымен де, бұл халықтың Ақаев билігіндегі непотизмге қарсылығы күшейіп тұрған кез еді, – дейді қырғыз құқық қорғаушысы Сартбай Жайчыбеков Азаттыққа берген сұқбатында.

Оның айтуынша, «мемлекеттің саясатына қарсы шыққан халық наразылығы Ақсыдан басталды».

Ақсы оқиғасы Бішкектегі билікке қарсы толқуды күшейтіп, он жыл ішінде Қырғызстанның екі бірдей президентін елден кетірді.

ӘУЕЛГІ СЕБЕП – ЖЕР ДАУЫ, ЕКІНШІСІ – ДЕПУТАТ

Ақсы толқуының бас кейіпкері, жогорку кенештің сол кездегі депутаты Әзімбек Бекназаров Азаттыққа берген сұқбатында Ақсы оқиғаларына «Қытайға жасырын жер берілді» деген жанжал себеп болғанын, өйткені ол өзі басқа депутаттармен бірігіп жүргізген зерттеулері барысында Ақаевқа қатысты құпия мәліметті жариялағанын айтады.
Қырғыз оппозициясының өкілі Бішкектегі үкімет үйінің алдында Ақсы трагедиясын еске алып тұр. 17 наурыз 2009 жыл.

Қырғыз оппозициясының өкілі Бішкектегі үкімет үйінің алдында Ақсы трагедиясын еске алып тұр. 17 наурыз 2009 жыл.


- Қырғызстан тәуелсіздік алғаннан кейін билікте президент Асқар Ақаев отырған жылдары Қырғызстан елінен, қоғамынан жасырын түрде үш-төрт адам бірігіп, елдің бұрыннан белгіленген шекарасын өзгертіп, болжам бойынша 150 мың гектар жерді Қытайға беріп жіберген, – дейді бұрынғы депутат.

Бекназаров осы зерттеулеріне сәйкес «Қырғызстанның мүддесіне қайшы әрекет еткені үшін президент Ақаевқа импичмент жариялау керек» деген мәселе көтерген. Бірақ ол «бұрындары прокуратурада тергеген істерін қарсы пайдаланып, 2002 жылы 5 қаңтарда өзін қамауға алғанын» айтады.

2002 жылғы ақпанның 7-сі қамаудағы депутат Бекназаровты босатуды талап етіп, әрі Қытайға жер берілуіне қарсылық ретінде Бішкекте аштық жариялаған Шералы Назарқұлов қайтыс болды.

Бұрынғы депутат Әзімбек Бекназаровтың ойынша, «осындай оқиғалар Ақаев билігіне наразылар қатарын көбейтіп, Ақсы оқиғасы осыдан басталды».

- Сайлаушыларым мені қолдап шықты. Олар мені Ақаевтан үйқамаққа шығаруды сұрады. Бірақ мені үш ай бойы Джалал-Абад түрмесінде қамауда ұстады. Сол кезде маған араша түсіп, елдегі және халықаралық ұйымдар көшеге шықты. Ақсылықтарды қолдап жалпы ел көтерілді, – дейді Бекназаров.
Революция комитетінің жетекшісі Әзімбек Бекназаров халықпен кездесіп тұр. Қырғызстан, 2008 жыл.

Революция комитетінің жетекшісі Әзімбек Бекназаров халықпен кездесіп тұр. Қырғызстан, 2008 жыл.


Бұрынғы депутаттың қолдаушылары оның соты болып жатқанда шеруге шығып, Джалал-Абад облысы Ақсы ауданындағы Боспиек ауылына жиналған. Сол кезде жасақ оларды аудан орталығына кіргізбеу үшін қару қолданып, алты адамды мерт еткен.

- Осыған дейін «Бекназаровтың соты әділ өтсін!» деген талап елге оқ атылғаннан кейін бірден өзгерді. Халық содан соң «Ақаев кетсін!» деген бір ғана мәселені төтесінен қойды. 2002 жылдың наурызынан бастап ел осындай келіспес күйге өтті, - дейді Әзімбек Бекназаров Азаттыққа берген сұқбатында.

«АҚСЫ ОҚИҒАСЫНА КІНӘЛІ – БИЛІК»

Ақсы оқиғаларынан кейін сол кездегі президент Асқар Ақаев бұл қақтығысты тергеу мақсатында мемлекеттік комиссия құрды. Ол комиссия Ақсы оқиғасының себептерін анықтау бойынша 2002 жылдың мамырында есебін жариялап, «Ақсы оқиғасында билік өкілдері кінәлі» деген шешім шығарды.

Әзімбек Бекназаров саяси партиялардан құрылған қоғамдық ұйымдар мен тәуелсіз комиссиялар да Ақсы толқуында үкіметтің қару қолданғанын айыптағанын айтады.

- Бұл оқиғаларға қатысты құрылған жеті комиссияның бәрі де «бұл қақтығыста ақсылықтардың кінәсі жоқ, Бекназаровты заңсыз қамаған» деген қорытындыға келді. Бірақ бұған қарамастан, Ақаев бірде-бір адамды жауапқа тартқан жоқ, - деді ол.

Бекназаровтың ойынша, «Ақаевтың Ақсы оқиғасына қатысты шара қолданбауы ақыры оның Қырғызстаннан қашуымен аяқталды» .

Кезінде президент Асқар Ақаевты тергеуге оның президенттік иммунитеті кедергі болған. Уақытша үкімет 2010 жылы Ақаевтың президенттік иммунитетін жойды. Енді бас прокуратура Ақаевты тергеуге қайтадан шақырып отыр.

«41 АДАМ ЖАУАПТЫ»

- 2005 жылғы Қырғызстандағы төңкерістен кейін билікке келген Құрманбек Бакиев Ақсы оқиғаларын ашудың орнына өзімді қудалай бастады. Себебі мен бас прокуратурадан оның премьер-министр болып тұрғанда Ақсы оқиғаларына қатысты «Тайфун», «Боран» атты операцияларға қол қойған құпия құжаттарын таптым. Бакиев кеткенге дейін Ақсы оқиғасына кінәлілер жауапқа тартылған жоқ, - дейді Әзімбек Бекназаров.

Қырғызстандағы халық толқуы. Бішкек, үкімет үйінің алды, 24 наурыз, 2005 жыл.

Қырғызстандағы халық толқуы. Бішкек, үкімет үйінің алды, 24 наурыз, 2005 жыл.

2010 жылғы көтерілістен кейін Ақсы оқиғаларын тергеу шаралары қайта қозғалып, Қырғызстанның әскери соты 2002 жылы премьер-министр болған Құрманбек Бакиевтің, қауіпсіздік қызметінің сол кездегі хатшысы Болот Жанузаковтың, бұрынғы бас прокурор Чубак Абышқаевтың, Джалал-Абад облысының бұрынғы прокуроры Зоотбек Құдайбергеновтің, қауіпсіздік комитеті Джалал-Абад облыстық басқармасының бастығы болған Таштан Мамбеталиевтің үстінен қылмыстық істер қозғаған.

Ақсы оқиғасында жапа шеккендердің қорғаушысы болған Сартбай Жайчыбеков «Ақсы оқиғасы толық тергеліп бітті, бірақ кінәлілерге заңды баға берілген жоқ» деп санайды. «Бұл менің ғана емес, осы іске байланысты бернеше қоғамдық комиссияның жасаған қортындысы» деген Жайчыбеков осы қақтығысқа қатысы бар деген 41 адамның бәрі бірдей жауапқа тартылмағанын айтады.

- Осы адамдардың бәрін жауапқа тартудың мүмкіндігі болмады. Ақаев пен Бакиев биліктері кезінде саяси күштердің араласуымен бірнеше жауапты адам ақталып кеткен. Біз енді алдағы уақытта сол жауапқа тартылмай қалған адамдарға қайта айналып соғамыз деп ойлаймын, – дейді ол.

Адвокат Сартбай Жайчыбековтың айтуынша, «Ақсы оқиғасына қатысты заң бойынша төменгі деңгейдегі басшылар төрт жылдық шамада ғана жаза алды».

- Ақсыдағы халыққа оқ атылған соң көп ұзамай аппаратта қызмет жасайтын кемінде алты адам өмірден өтті. Мен жазаның ең үлкенін солар арқалап кетті деп есептеймін, - дейді адвокат.

«ӨЗ ХАЛҚЫНА ОҚ АТУШЫЛАРҒА САБАҚ»

Ақсы оқиғаларына қатысты 10 жылғы зерттеулер негізінде деректі екі кітап жазған Әзімбек Бекназаров Азаттыққа берген сұқбатында «Ақсы оқиғаларын еске алу күнінде мұражай ашылады» деп хабарлады. Оған шерушілерге атылған оқтар, сол Джалал-Абад ауданында өткен Ақсы құрбандарын еске алу шарасы. 17 наурыз 2009 жыл.

Джалал-Абад ауданында өткен Ақсы құрбандарын еске алу шарасы. 17 наурыз 2009 жыл.

кезде түсірілген видеотаспалар, тергеу комиссиялары жинаған деректер мен 2002 жылғы биліктің Ақсы оқиғасына қатысты барлық құжаттары қойылады.

- Ақсы оқиғасы жайлы құжаттарды оған жауапты болған, ел-жұрттан қашып, шет елдерді паналап кеткен екі бірдей «қашқын президентке» сабақ болсын деп ашық жерге, музейге қоямыз деп шештік, - дейді ол.

Әзімбек Бекназаровтың ойынша, «17 наурызда ашылатын музей өз халқына оқ атқан мемлекет басшыларын алда қандай тағдыр күтіп тұрғанын көрсетеді».

Бірақ Ақсы оқиғасына қатысты құрылған халықтық сот та, қоғамдық комиссиялар да «шерушілерге үкіметтік күштердің оқ атуына кім бұйрық берді?» деген сауалға әлі нақты жауап таба алған жоқ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG