Accessibility links

Сеулде Астананың ядролық стратегиясы мақталды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ президенті Барак Обама Ядролық қауіпсіздік саммитінің алдында сөйлесіп тұр. Сеул, 26 наурыз 2012 жыл

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ президенті Барак Обама Ядролық қауіпсіздік саммитінің алдында сөйлесіп тұр. Сеул, 26 наурыз 2012 жыл

Наурыздың 26-сы Сеулде ядролық қауіпсіздік мәселесіне арналған саммит басталды. 50-ден аса елдің басшылары қатысып жатқан бұл халықаралық жиында ядролық қарудың террористер қолына түспеуін қамтамасыз ету мәселелері талқыланып жатыр. Саммит қарсаңында, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ президенті Барак Обама ядролық мәселелерге қатысты кездесу өткізді.


Барак Обама Қазақстанның ядролық материалдарды қауіпсіздендіру бойынша жасаған іс-шараларын атап өтті.

Ресми деректер бойынша, Қазақстан билігі АҚШ пен Ресейдің көмегімен Совет Одағынан қалған 13 тоннадан артық жоғарғы деңгейде байытылған уран мен плутонийді залалсыздандырған.

Наурыздың 26-сы күні Оңтүстік Корея астанасында өткен кездесулер кезінде Обама Қазақстан мен Украинаны ядролық материалдарын қауіпсіз аймаққа көшірген елдер ретінде сипаттады.
Семей полигонында жасалған алғашқы сынақ. 29 тамыз 1949 жыл

Семей полигонында жасалған алғашқы сынақ. 29 тамыз 1949 жыл


- Саммитте атап өтілетін негізгі жайттардың бірі - совет заманынан бері қалған ядролық материалдарды [залалсыздандыруға] байланысты жасалған тамаша іс-әрекет. Ресей және АҚШ-пен бірлесе жұмыс істей отырып, Қазақстан ол материалдарды қауіпсіздендіріп, барлығымызды қауіптен арылта түсті, - деді Обама.

АҚШ президенті Қазақстанның жоғары деңгейде байытылған уран мен плутонийді сақтауға болатын халықаралық ядролық банк құру туралы бастамасының да талқыланатынын айтты. Барак Обама бұл мәселелер бойынша Қазақстанды «жетекші ел» деп атады.

«ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУ ҮШІН КӨП ЖҰМЫС ЖАСАДЫҚ»

Сөз кезегі тиген президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ядролық сынақ алаңын жапқан және ядролық қару-жарағынан бас тартқан бірінші ел екенін айтып өтті.

- Соңғы жылдары біз: Ресей, АҚШ және Қазақстан [Семей] полигонында қалған инфрақұрылымды жою үшін бірлесе жұмыс істеп келеміз. Сонымен бірге радиация улаған Қазақстан территориясын қалпына келтіру үшін де көп жұмыс жасадық. Көп зардап шеккен және сол трагедия кезінде көптеген жақындарынан айрылған Қазақстан халқы бұл әрекетті барынша бағалап отыр, - деді Назарбаев.

Алайда бірқатар жергілікті қоғамдық белсенділер Семей полигоны аймағын заласыздандыруға қатысты Қазақстан үкіметінің жасаған іс-шарасын жеткіліксіз деп санайды. Бұл мәселе шетелдік зерттеушілердің де назарына жиі ілінеді.
Құрылғы полигон аймағындағы радиация мөлшерінің сағатына 255 микрорентген екенін көрсетіп тұр. Семей, P-1 сынақ алаңы, 22 тамыз 2011 жыл

Құрылғы полигон аймағындағы радиация мөлшерінің сағатына 255 микрорентген екенін көрсетіп тұр. Семей, P-1 сынақ алаңы, 22 тамыз 2011 жыл


Азаттық радиосы былтыр ұлыбританиялық режиссер Энтони Буттстың Семей ядролық полигон аймағында болып, «Заманақырдан кейін» деген деректі фильм түсіргені туралы жазған еді. Фильм авторы радиациялық аймақта әрбір 20 баланың біреуі дүниеге мүгедек болып келіп жатқанына әлемнің назарын аудартқысы келеді.

Азаттық радиосына сұқбат берген Семей қаласындағы отбасын жоспарлау орталығының директоры, Төлеухан Нұрмұхамедов ядролық сынақтардан кейін аймақтағы бала туатын әйелдердің генетикалық өзгеріске ұшырағанын айтқан болатын. Дәрігер арнайы тексерістен өткен, генетикалық төлқұжаты бар әйелдерге ғана бала тууға рұқсат беру керек деген талап қояды.

ОБАМА МЕН МЕДВЕДЕВ

АҚШ президенті Барак Обама Сеулде тағы да бірқатар елдердің басшыларымен жүзбе-жүз кездесті. Ресеймен арада жасалған келісімдер негізінде, екі елдің ядролық арсеналын азайтуды көздейтінін айтты.

Барак Обама Ресей президенті Дмитрий Медведевпен АҚШ-тың Еуропада зымыраннан қорғану жүйесін орнату жоспарына қатысты сөйлесті. Ресей президенті Еуропадағы зымыраннан қорғаныс жүйесін құру жоспарына қатысты талқылауды жандандыра түсуге болатынын айтты. Медведев бұл мәселеге қатысты арнайы техникалық сарапшылардың қорытындысын күту керек деген ыңғайда сөйледі.
АҚШ президенті Барак Обама мен Ресей президенті Дмитрий Медведев. Сеул, 26 наурыз 2012 жыл

АҚШ президенті Барак Обама мен Ресей президенті Дмитрий Медведев. Сеул, 26 наурыз 2012 жыл


АҚШ пен НАТО Еуропада зымыраннан қорғаныс жүйесін орнату Иран сияқты елдерден төнген қауіпке қарсы қорғаныс болуы мүмкін дейді. Кремль бұл жоспарға күдікпен қарап, оны Еуропада орнатуға қарсылық танытып келеді.

Барак Обама сонымен қатар Ресейдің 2010 жылы АҚШ-пен жасасқан ядролық қаруды азайту келісіміне сәйкес, Мәскеу ядролық қорын да азайтады деп үміттенетінін білдірді.

Обама алдағы мамыр айында өтетін Ресейдің жаңа сайланған президенті Владимир Путинмен кездесуінде әскери қарулар мен ядролық оқтұмсықтарды азайту қажеттігіне баса назар аударатынын айтты.

ИРАН МЕН СОЛТҮСТІК КОРЕЯҒА ЕСКЕРТУ ЖАСАУ

Сеулдегі саммит ядролық қару-жарақтың терроршылар қолына түсу қаупін азайту үшін ғаламдық ынтымақтастықты күшейтуді мақсат еткен.

Оңтүстік кореялық ресми өкілдердің мәліметі бойынша саммитке қатысушылар алдағы екі күнде Солтүстік Корея мен Иранның ядролық бағдарламасын да талқылайды.

Барак Обама саммит қарсаңындағы сөзінде, Пхеньянды ядролық бағдарламасын тоқтатуға шақырып, өйтпеген жағдайда оқшауланып қалатынын ескертті. АҚШ президенті осы айдың соңында ұзақ қашықтықта арналған зымыранын сынауды жоспарлаған коммунистік елдің жетекшілігін арандатушылық жасамауға шақырды.

- Ендігәрі арандатушылықтың соңы жақсылыққа апармайтынын біліңіз. Ол заман өткен. Пхеньяндағы жетекшілерге айтарым, бұл сіздердің алдарыңызда тұрған таңдау, сіздер жасауға тиіс шешім. Бүгінше айтарымыз: Пхеньян, бейбітшілікке жол бастап, Солтүстік Корея халқының өмірін жақсарт! - деді Обама.
Солтүстік Кореяның жаңа саяси жетекшісі Ким Чен Ын Стратегиялық зымыран күштері бөлімшесінде әскербасыларымен кездесіп тұр. Түсірілген уақыты белгісіз сурет.

Солтүстік Кореяның жаңа саяси жетекшісі Ким Чен Ын Стратегиялық зымыран күштері бөлімшесінде әскербасыларымен кездесіп тұр. Түсірілген уақыты белгісіз сурет.


Ақ үйдің хабарлауынша, Сеулдегі саммит қарсаңында Обама мен Қытай президенті Ху Цзиньтао кездесіп, Солтүстік Корея тарапынан қандай да бір арандатушылық жасалса, не істеу керек деген мәселені талқылады.

Ал Иранның ядролық бағдарламасына қатысты Обама бұл мәселені дипломатиялық жолмен реттеу мерзімі бітуге таяу деді.

Обаманың айтуынша, Иран бұл мәселеге қатысты «мойындамау, алдау мен қулық» жолына түскен.

- Ядролық қару таратпау келісімі бойынша, Иранның бейбіт ядролық қуат өндіруге хақы бар. Негізінде, халықаралық қауымдастық, оның ішінде АҚШ Иранға қайта-қайта ядролық қуатты бейбіт түрде өндіруге байланысты көмектесуді ұсынды. Бірақ, Иран қайта-қайта одан бас тартты, - деді АҚШ президенті.

Иран ядролық бағдарламасын бейбіт мақсатта жетілдіріп жатқанын айтып, ядролық қару жасауға тырысып жатыр деген айыптауды жоққа шығарып келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG