Accessibility links

Косово сайлауы этникалық жанжалға жан бітірді


Сайлау учаскесінен шығып бара жатқан ЕҚЫҰ өкілі. Митровица, 3 қараша 2013 жыл

Сайлау учаскесінен шығып бара жатқан ЕҚЫҰ өкілі. Митровица, 3 қараша 2013 жыл

Косово президенті Атифете Яхьяга серб ұлтшылдарына елді саяси дағдарысқа ұрындыруы мүмкін екенін ескертті. Елдің сербтер тұратын аймағы сайлаудан соң тыншымай тұр.

Қарашаның 3-і күні кешкісін Косовоның солтүстігіндегі сербтер көп тұратын Митровица қаласында маска киген бір топ адам сайлау учаскесін талқандап кетті.

Жергілікті сайлау комиссиясының өкілдері мен ЕҚЫҰ-ның бақылаушылары шұғыл түрде басқа жерге көшіріліп, қаладағы үш учаске түгел жабылып қалды.

ЕҚЫҰ-ның Косоводағы өкілдігін басқарушы Жан-Клод Шлюмбергердің айтуынша талқандалған бюллетень жәшіктері ел астанасы Приштинаның қасындағы санақ жүргізу орнына жетпей қалған.

Сербтер көп тұратын солтүстік аймақты қоспағанда Косовода сайлаушылардың 46 пайызы дауыс берді.

Президент Яхьяга сайлаушыларды дауыс бергендері үшін құттықтап, сайлаудың жалпы алғанда тыныш жағдайда өткенін айтты.

Косово президенті жергілікті және халықаралық өкілдердің көз алдында жасалған қатыгездік пен сайлау процесіне кедергі келтіру әрекетін арнайы қызмет орындары тексеріп, заң бойынша шара қолданатынын ескертті.

Косово президенті Атифете Яхьяга дауыс беріп тұр. Приштина, 3 қараша 2013 жыл.

Косово президенті Атифете Яхьяга дауыс беріп тұр. Приштина, 3 қараша 2013 жыл.

Белградтағы серб шенеуніктер Приштина 2008 жылы тәуелсіздік жариялағалы бірінші рет Косоводағы этникалық сербтерді дауыс беруге шақырды.

Бірақ Косовоның солтүстігіндегі көптеген тұрғын жергілікті ұлтшылдардың дауыс бермеуге шақырып қысым жасағанын айтады.

Митровица тұрғыны Драгица Джерич Азаттықтың Балқан қызметіне өзінің қоқан-лоқы көргенін баяндады.

- Ертеңіміз бүгінгі күннен жақсырақ болсын деп дауыс беріп келдік. Әйтеуір үміт қой, - деді ол.

Митровица қаласының мэрі болуға үмітті кандидат Кристимир Пантич Белград қолдайтын "Сербия" азаматтық бастама жобасының мүшесі. Ол өзінің дауыс бермегенін айтады.

- Сайлау учаскесінде комиссияның екі-ақ мүшесі отыр екен. Заң бойынша кем дегенде үшеу болуы тиіс. ЕҚЫҰ-ның бір де бір өкілі болмағаны тіпті қатты таң қалдырды. Бұл сайлау демократиялық жағдайда өтеді деген сеніміме селкеу түсірді, - дейді белсенді.

Сербия әлі күнге дейін Косовоның тәуелсіздігін мойындамай келеді, бірақ Еуропа Одағы (ЕО) делдал болған Приштинамен байланыс орнату келісіміне сәйкес этникалық сербтерді дауыс беруге үндейді. Осылайша көршісімен диалог орнатуға келісу арқылы Белград 2013 жылдың сәуірінен бастап ЕО-ға мүшелікке өту процесіне қатысуға мүмкіндік алды.
XS
SM
MD
LG