Accessibility links

Косово соғысындағы жаппай зорлау құрбандары


Босқын тапқан этникалық албандықтар иесіз қалған техниканың тасасында отыр. (Көрнекі сурет)

Босқын тапқан этникалық албандықтар иесіз қалған техниканың тасасында отыр. (Көрнекі сурет)

Косово соғысы кезінде 20 мыңдай албан әйелі «зорлық науқанынан» жәбір көрді. Бірақ олардың жүз шақтысы ғана мемлекеттен жәрдем алған.

Йета – Дреница алқабының ауылдық аймағында тұратын косоволық албан әйел. Оның өмірі ошақ басында өтіп жатыр - бала-шағасын тойдыру үшін күніне 17 таба нан жабады.

1998 жылғы күздің басындағы тіршілігі де қазіргісінен тым өзгеше емес еді. Ауылдағы еркек кіндікті Сербия мен Югославия қарулы күштерінен жасырынып, ауыл сыртына кеткен. Себебі армия ақпан айынан бері косоволық көтерілісшілерді жазалауға кіріскен. Аймаққа серб танкілері келгендіктен, балалы әйелдердің де көбі үй-жайын тастап, бой тасалаған еді. Ал Йета солдаттар қорғансыз әйелдер мен балаларға тиіспейді деген сеніммен үйде қалған.

Бірақ серб солдаттары мінген танк үйінің алдына келіп тоқтағанда өзінің қателескенін ұқты.

«Олар танкіден ауламызға секіріп-секіріп түсіп жатты» дейді Йета (шын атын атаумауды өтінді). «Қару асынған бес ер адам үйге кірді. Олар беттеріне бірден қара маска кие бастағаны есімде. Қыздарыма жанымда тұрыңдар дедім. Біз бір жерге жиылып тұрдық. Олар жертөлеге түсуді бұйырды. Сол жерде зорлыққа ұшырадық. Кенже қызым ол кезде он үште ғана болатын» дейді көз жасын төккен Йета.

Немерелері мен мүгедек баласы үйдің шатырында жасырынып жатқан. Ал Йета мен оның үш қызы жертөледе бірнеше сағат тұтқында болған. Оларды ұрып-соғып, жауыздықпен зорлаған.

Қазір Йета 50-ден асты. Алайда одан әлдеқайда егде көрінеді. Ол серб солдаттарынан жапа шеккенде есін бір сәтке де жоғалтқан емес.

«Не болып жатқанын санаммен түсінсем де, біраз уақыттан соң ойлауды доғардым» дейді ол жанына батқан жарасы жайлы сыбырлап. «Өлтіріп кететін шығар деп ойладым. Бірақ өлімнен қорыққам жоқ. Тіпті өлгім де келді. Үлкен қызым «Өлтіріп кетіңдер!» деп айқайлады» дейді Йета.

Йета үмітсіз, әрі шаршаған кейіппен бетін сипап, басын ұстап біраз отырды. Бір сәт демі тоқтап қалған сияқты болды, сосын су сұрады. «Содан бері оның (үлкен қызын айтады – ред.) жан жарасы жазылған жоқ. Екінші қызымның сол иығы шығып кетті. Қыздарыма бұл туралы тіс жармаңдар дедім... Олардың жарасын қалай жазарымды білмеймін» дейді ол.

«ҚОРЛАУ НАУҚАНЫ»

16 айға созылған Косово соғысында Йета мен оның қыздары сияқты 20 мыңдай қыз-келіншек серб және югослав солдаттарынан мақсатты түрде жүргізілген науқанда зорлық көрген. Human Rights Watch ұйымының мәліметіне қарағанда, бұны «жартылай қарулы» күштер жасаған.

Олар қыз-келіншектерді көбінесе отбасының көзінше қорлайтын. Бұл «бейбіт халықты қорқыту үшін әдейі қолданатын қару» болған (косоволық күрескерлерді де «зорлыққа барған» деп айыптайды. Алайда олар істеген мұндай жағдайлар әлдеқайда сирек кездеседі).

Боснияда да 40 мыңға жуық әйел зорланған. Олардың басым көпшілігі – мұсылман әйелдер. Босниялық серб солдаттары бұл «науқанды» тұрақты түрде жүргізіп отырған. Сондағы мақсат «жауды масқара ету, қорлау» болған.

Йета мен оның қыздарының тағдырына қарасақ, олар дегеніне жеткен. Жәбірлеушілер кеш бата ауылдан кете бастаған, олардың ізі суығанда ер адамдар үйлеріне оралған. Болған жайды естіген жақын туысы «не болғанын ұмытыңдар» деген. Ол «бұл қорлықтың өлімнен жаман» екенін айтқан.

Йета әулетім масқара болмасын әрі қыздары қауымнан оқшауланып қалмасын деп тіс жармауға бекінген. Мұнша қорлықты көріп, іштей тыну қанша қиын болғанымен, ол 15 жыл жұмған аузын ашпаған. Үш қызы елден көшіп кеткен.
Қыздарының бірі тұрмыс құрғанда жолдасы болған жайтты біле сала оны тастап кеткен. Мүгедек болып туған төртінші қызы ғана Йетаның жанында қалған.

Йета болған оқиғаны күйеуіне айта алмаған. Ал қамығуларының себебін «серб солдаттары тұтқындады» деп түсіндірген. Күйеуі «зорлағанда әулетіміз абыройдан жұрдай болар еді» деген екен. Соғыс кезінде күйеуі бірнеше рет «сербтің қолының ұшы тисе, өзі де оны азаптап, тастап кететінін» айтып қорқытқан.

Йета «ондай адамға болған жайтты қалай айтасың» дейді. Ол жолдасынан ел астанасы Приштинаға сұхбат беруге баратынын да жасырған. Йета отағасына «дәрігерге қаралуға барамын» деп кетіпті. Косово соғысында зорлық көргенін баспасөзге айтқан әйелдердің ұзын саны бестен аспайды. Йетаның аты-жөнін жасырғанын түсінуге болады.

«Мені өлтіріп кеткендері дұрыс болатын еді. Біз өмірдің рақатын көріп жүргеміз жоқ. Жолдасың не болғанын білмесе, оған ештеңе айта алмасаң, ешқашан жаның тыныш таппайды. Ең қуанышты сәттерде әңгімелесіп отырғанда да жаман күйде отырасың. Бұл – өміріміздегі ең қасіретті оқиға» дейді ол.

Соғыс кезінде Йетаның отбасы босып кетті. Сербтерден қашып ауылдан ауылға көшіп жүрді. Одан кейін серб қарулы күштерін албандықтар көп тұратын аумақтан тықсырып шығару үшін НАТО жаудырған бомбалардан бас сауғалап жүрді. Йета торығуын көбіне босқындарға көмектесу арқылы жеңген.

Йета «Басқа әйелдердің басына бермесін. Есіме түсіргім келмейді, енді тек алға ұмтыламын» дейді.

ҮНСІЗДІК

Соғыс 1999 жылдың маусымында аяқталды. Йета 2013 жылы ғана «Зорлық-зомбылық құрбандарын оңалту» орталығында көмек алған. Ол орталық – Приштина қаласындағы үкіметтік емес ұйым. Ал оған дейін іштен тынып, бұйығы тірлік кешкен.

Косоволық әйелдердің көбі көмек сұраудан жасқанады. Орталық өкілдерінің айтуынша, көмек сұрап тек 100 шақты әйел хабарласқан. Олардың 80 пайызы Йета сияқты есімдерін айтқысы келмейді. Себебі күйеулері білсе, тастап кетеді, не күш көрсетеді деп қорқады.

Зорлық құрбандарына көмек көрсету мәселесін үкімет те қиындатып баққан. Соғыс біткеннен 15 жыл өткенде ғана – осы жылдың наурызында Косово парламенті жыныстық зорлыққа ұшыраған әйелдерді тіркеу және төлем жасау мерзімін ұзартты.

Төлем - ай сайын берілетін 400 доллар. Бұл – айына 150 доллар ғана кірісі бар, мүгедек қызының мардымсыз зейнетақысымен күн көріп отырған Йетаның отбасы үшін қомақты сома. Тек бір кілтипан бар: бұл көмекті алу үшін Йета зорлық құрбаны болғанын жолдасына айтуы керек.

Болған істі 15 жыл жасырып келген Йета әлі де оны ашып алмайтын сияқты. Алайда басынан кешкенін баспасөзге жариялау арқылы ол косоволықтардың бұл бітеу жараны ұмытпауына көмектессем дейді.

«Ерлердің зорлық құрбаны болған әйелдерімен ашық сөйлескенін көру үшін бәрін жасар едім. Мен құрбан болған шығармын, бірақ басқалардың мұндайды көрмегенін тілеймін. Бізге көмек керек, мемлекеттің қолдауы, қоғамның түсіністікпен қарағаны қажет. Соған жеткенде ғана жанымыз жай табады» дейді ол.

(Амра Зейнелидің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG