Accessibility links

«Билігін репрессиямен нығайтқан революционер»


Күн өткізбейтін көзілдірігін түзеп тұрған Фидель Кастро. Гавана, 16 қараша 1999 жыл. (Көрнекі сурет)
Күн өткізбейтін көзілдірігін түзеп тұрған Фидель Кастро. Гавана, 16 қараша 1999 жыл. (Көрнекі сурет)

Фидель Кастро өзін «социалистік революционермін» деді. Алайда құқық қорғау ұйымдары оны «өзге пікір айтқандардың бәрін жазалайтын репрессиялық режим қалыптастырған диктатор» деп біледі.

Фидель Кастро өзін кедейлердің қорғаушысы, олардың репрессиялық режимдерге қарсы күресінің басшысы ретінде сипаттайтын.

Бірақ құқық қорғаушылар «50 жылға жуық билікте қалу үшін Кастро мыңдаған диссидентті түрмеге тоғытып, сөз бостандығын шектейтін бірпартиялық тиран үкімет құрды» дейді.

Кубаның қарашаның 25-і күні 90 жасында дүниеден озған бұрынғы президентін социалистер «елді кедейліктің батпағына батырған жемқор үкіметті құлатқан 1959 жылғы ерлігі үшін» көп мадақтайды.

Билікті басып алған соң Фидель Кастро қарапайым халықтың денсаулық сақтау, білім алу және тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндіктерін арттыратын әлеуметтік ахуал қалыптастыруға тырысты.

Белсенділер мен сыртта қуғында жүрген кубалықтар «есесіне ол елдің сын пікір айту, саяси партия құру құқықтарын шектеді» дейді. Белсенділердің айтуынша, «Фидель Кастро 2008 жылы билікті інісі Рауль Кастроға тапсырып, соның арқасында экономикада біршама еркіндік орнады, бірақ ол құрған жүйе Кубада әлі күнге дейін адам құқықтарын шектеп жатыр».

Кубаның бұрынғы басшысы өлген күні Amnesty International ұйымының Америка құрлығындағы өкілдігі директоры Эрика Гуевера-Розас: «Әлеуметтік саясаттағы жетістіктеріне қарамастан, Фидель Кастроның 49 жылдық билігі пікір білдіру еркіндігін аяусыз шектеумен есте қалды. Үкіметке қарсы шыққан белсенділерді тұтқындау не қуғындау жүйесі әлі де күшінде тұр. Ол - Фидель Кастроның қалдырған мұрасы» деп жазды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Фидель Кастро (суреттің үстінен басыңыз)

Бұл пікірді құқық қорғаушылардың көбі қостайды. Олар «Кастроның Латын Америкасында алғаш болып сауатсыздықты жою, дәрігерлерді мыңдап дайындау бағдарламасын жүзеге асырғанына қарамастан, оның билігі тұсында оппозицияның барлық формасын қатыгездікпен жаныштайтын репрессиялық жүйе орнықты» дейді.

Human Rights Watch (HRW) ұйымының Америка құрлығындағы директоры Хосе Мигель Виванко: «Аймақтағы басқа елдер авторитарлық басқарудан бас тартқанда Фидель Кастро басқарған Куба ғана адамдардың барлық азаматтық және саяси құқықтарын шектеді. Кастроның қатыгез билігі және диссиденттерді аяусыз жазалау тәжірибесі оның репрессиялық жүйесін ондаған жылдар бойы тамырын терең жайғызып, нық ұстап тұрды» дейді.

Кастро бөтен пікірдің айтылуына жол бермейтінін 1959 жылы билікке келе сала бірден аңғартты. Ол билігі құлаған Фульхенсио Батиста үкіметінің жүздеген мүшесін ашық сот өткізіп, өлім жазасына кесу арқылы айналасын тазартты. Жаппай жазалауға халықаралық қауымдастық наразылық білдіргенде Кастро халықтың атынан жауап қайырды.

«Революциялық әділдік құқықтық құжаттарға емес, моральдық сенімге негізделеді... күнәсіз адамдарды не саяси қарсыластарды жазалап жатқанымыз жоқ. Баскесерлерді жазалап жатырмыз, олар бұл жазаға лайық» деген еді ол.

Одан кейінгі ондаған жылдар ішінде Фидель Кастро саяси белсенділігі үшін адамдарды өлім жазасына кесуді сиреткенімен, түрмеге жабу, қысым көрсету, қорқытып-үркіту үйреншікті жайтқа айналған жүйені қалыптастырды.

HRW ұйымының мәліметіне қарағанда, қуғын-сүргін күшейген 2003 жылы адам құқықтарын қорғайтын 75 белсенді мен үкіметті сынап жүрген кісілер жабық есік жағдайында сотталып, оларға «АҚШ-тың жендеттері» деген айып тағылды. АҚШ Фидель Кастроның ата жауы болды.

HRW қарашаның 26-сы күні Фидель Кастроның мұрасына қатысты: «Жұрттың көбі жылдар бойы адам төзгісіз түрмелерде жатты, оларды жалғыз кісілік камераларға қамады, ұрып-соқты және ауыр дертке шалдыққандарға негізгі медициналық көмек көрсетілген жоқ» деген баға берді.

«Фидель Кастро билікті інісіне тапсырған соң түрмеде отырған 50-ден аса адам босатылды, олардың көбіне Испанияға қоныс аудару жөнінде шарт қойылды» деп жазды адам құқықтарын қорғау ұйымы.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Куба президенті Рауль Кастро. Гавана, 2 сәуір 2016 жыл. (Сурет akorda.kz сайтынан алынды.)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Куба президенті Рауль Кастро. Гавана, 2 сәуір 2016 жыл. (Сурет akorda.kz сайтынан алынды.)

HRW-дің 2016 жылғы есебіне қарасақ, Кубада жыл сайын әлі де мыңдаған диссидент түрмеге жабылып жатыр. Куба үкіметі заңсыз деп санайтын адам құқықтарын қорғайтын тәуелсіз ұйым – Кубаның адам құқықтары және ұлттық татулық комиссиясы мәліметіне қарағанда, 2015 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында 6200-ден аса адам заңсыз қамалған. Соңғы жылдары қамаудағылар көп босатылғанына қарамастан, диссиденттер әлі де түрмеге жабылып жатыр.

АҚШ президенті Барак Обама 2014 жылғы желтоқсанда 1959 жылғы революциядан кейін нашарлап кеткен АҚШ пен Куба арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты қалпына келтіру үшін Гаванаға тарихи сапармен келді. Обаманың арал халқына көбірек саяси бостандық беру туралы үндеуіне құлақ асқан Рауль Кастро 53 диссидентті белгілі бір шартпен босатты. Екі ел 2015 жылдың шілде айында дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

Осындай қадамдарға қарамастан, оппозицияға деген өшпенділік – Фидель Кастроның терең тамыр жайған мұрасы, сондықтан оның көзі кетсе де үкімет бұл әдетінен жаңыла қоймас дейді сарапшылар.

Флорида халықаралық университетінің қоғамдық саясат институтының директоры Брайан Фонсека "Кубадағы қазіргі режимнің басты мақсаты – билікті өз қолында мүмкіндігінше ұзақ сақтау" деді "Америка дауысы" радиосына.

- Ал диссиденттер билікке наразылық шараларын бастап, үкіметті тақтан тайдыруы мүмкін, сондықтан оларды қуғындау жалғаса береді, - деді ол.

Қазір Куба үкіметі елдегі барлық ақпарат құралдарын уысында ұстап отыр. Веб-сайттар мен Twitter-ге жазатын бірнеше тәуелсіз блогшы ғана бар. Құқық қорғау органдары белсенділерді бейбіт шерулер мен митингіге қатыстырмау үшін алдын ала қамау шараларын жиі қолданады. Қатаң бақылаудағы мемлекеттік мекемелерде көбірек бостандық берілуін талап еткен өнер адамдары мен ғалымдар не тұтқынға алынады немесе оларды үкіметке тәуелді ақпарат құралдары арқылы қаралап, абыройын төгу «жазасы» қолданылады.

Кастроның қатаң саясатынан жапа шеккендер оның өліміне көп қайғыра қоймасы анық.

Освальдо Паяның жұбайы Офелия Акефедо күйеуінің табытының жанында отыр. Гавана, 23 маусым 2012 жыл.
Освальдо Паяның жұбайы Офелия Акефедо күйеуінің табытының жанында отыр. Гавана, 23 маусым 2012 жыл.

Кубалық белсенді Освальдо Паяның бауыры Карлос Пая қарашаның 26-сы Мадридте DPA агенттігіне берген сұхбатында: «Көп адамның өлімі, жан жарақаты және құрбандығы үшін сол [Кастро] кінәлі. Туыстары кастроизм құрбаны болғандар оның қазасы үшін қайғырмайды» деді.

Кубаның «Христиан азаттық қозғалысын» басқарған, 2002 жылы Еуропа парламентінің Сахаров атындағы ақыл-ой бостандығы сыйлығын алған Освальдо Пая 2012 жылы көлік апатынан қаза тапқан. Отбасы мүшелері мұны жай апат емес, әдейі ұйымдастырылған қастандық деп санайды.​

Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG