Accessibility links

Қырғызстан педофилдің жазасын ойластырып жатыр


"Педофил" айыбы тағылған екі сотталушы.(Көрнек ісурет)

"Педофил" айыбы тағылған екі сотталушы.(Көрнек ісурет)

Бішкекте педофилді кастрациялау туралы заң талқыланды. Бұл жазаны әлемде бірнеше ел қолданады. Ал сарапшылар «қылмыскер құқығын да ұмытпайық» дейді.

Қырғызстан депутаттары «бала зорлауға бейім» немесе «зорлады» деп танылған қылмыскерлерді «тәрбиелеудің» жолдарын қарастырып жатыр. Бұл заң жобасында олардың түрме немесе химиялық кастрацияны таңдауына рұқсат етілген.

«ХИМИЯЛЫҚ КАСТРАЦИЯ»

Үкімет заңды қабылдайтын болса, химиялық не хирургиялық кастрацияны қолданатын бірнеше елдің тәжірибесін ескеруі тиіс.

Жаңа заңды қолдаушылар «кастрация жыныстық қылмыстардың алдын алу үшін керек» дейді. Бірақ бұл - «адам құқықтарын» да ұмытпауды талап ететін мәселе.

Химиялық кастрация, яғни құмарлықты басатын психикалық-фармакологиялық тәсіл жыныстық қылмыс жасаған адамға анти-андроген дәрілер ішкізу арқылы жасалады. Бұл препараттар қандағы тестостеронды азайтады. Қосалқы дәрі-дәрмектермен бірге беріледі.
Үндістанның халқы Нью-Делидегі қыз зорлау оқиғасына қарсылық танытып көшеге шықты. Наразылар қылмыскерлерге өлім жазасын талап етті. Алайда парламент химиялық кастрация жасауды ұсынды. Үндістан, Дели, 2 қаңтар 2013 жыл.

Үндістанның халқы Нью-Делидегі қыз зорлау оқиғасына қарсылық танытып көшеге шықты. Наразылар қылмыскерлерге өлім жазасын талап етті. Алайда парламент химиялық кастрация жасауды ұсынды. Үндістан, Дели, 2 қаңтар 2013 жыл.


Молдова, Польша, Ресей, Оңтүстік Корея сияқты бірнеше елдер мен АҚШ-тың кейбір штаттарында кастрацияның мұндай түрі «бала зорлады» деп танылған қылмыскерге мәжбүрлі түрде жасалады.

Адам өз еркімен жасататын кастрация да Батыс Еуропаның бірнеше елдерінде қолданылады. Кейбір мәліметтер бойынша, оның шығыны 4 мың 500 доллар шамасында.

Исландиялық психиатр Петур Хауксонның ойынша, «Қылмыскерді түрмеге жапқаннан гөрі, осы әдіс тиімді. Себебі бұл олардың қылмысты қайта жасауын азайтып, түрмеге түспеуіне мүмкіндік береді».

Хауксон Данияда қолданылатын химиялық кастрацияның қалай іске асатынын былайша суреттейді:

- Жыныстық қылмыс жасағандарға онда қатал қарайды. Егер олар тиісті жерге келмесе, полиция мәжбүрлеп әкеледі. Бұл жазаны дәрігерлер мен полиция бірігіп жүзеге асырады. Осы жүйе өте тиімді сияқты, - дейді ол.

Қырғызстандағы заң жобасында «кастрация ерікті түрде жасалады» деп көрсетілген. Бірақ қылмыскерге одан басқа жеңіл жаза ұсынылмайды.

«ҚЫЛМЫСКЕРДІҢ ДЕ ҚҰҚЫҒЫ БАР АДАМ ЕКЕНІН ҰМЫТПАЙЫҚ»

Парламент өткен айда бұл заң жобасын бір мәрте тыңдап шықты. Депутаттар жаңа заңды әлі екі рет талқылайды. Егер одан өтіп, президент қол қойса, күшіне енеді.

Азаттықтың Қырғыз бөліміне сұхбат берген депутат Тұрсынбай Бәкірұлы «кастрация әдісі жыныстық қылмыстар өршіп тұрған заманда жас балаларды қорғауға көмектесетінін» айтып, былай деді:

- Ұсынылған заң бойынша кастрация жасалмастан бұрын адамның жеке пікірін сұрайды. Сосын арнайы құрылған дәрігерлер комиссиясы айыпкердің физикалық және психологиялық денсаулығын тексеріп шығады. Сондықтан бұл заң кастрацияны қолданатын кейбір елдермен салыстырғанда әлдеқайда жұмсақ болмақ.
"Педофил" айыбы тағылған екі сотталушы. Беларусь, 29 маусым 2010 жыл.

"Педофил" айыбы тағылған екі сотталушы. Беларусь, 29 маусым 2010 жыл.


Ұлыбританиядағы Amnesty International ұйымының заңгері Мэгги Малони «Біздің ұйым кастрацияға түбегейлі қарсы емес, дегенмен бұл әдіс жазалау емес, терең медициналық тексеруден өткен емдеу шарасы сияқты болуы тиіс» дейді.

- Қылмыскерге жеңілірек жаза ұсынып немесе түрмеден ертерек босайсың десе, ол өзі қаламаса да, бұл жазаға келісуге мәжбүр болады. Оны «өз еркімен келісті» деуге болмайды, - дейді ол.

Осы тұрғыдан алғанда, бұл іске медицинаның араласуы жазалаудың бір сипатына айналады да, бұл әрекет «қатігездікке тыйым салу», «адамды қорламау» және «адамның ар-ожданын таптамау» сияқты заңдарға қайшы келеді.

- Қылмыскердің кастрацияға өз еркімен келіскеніне көз жеткізу өте қиын. Қалай болса да адам кастрацияны мәжбүрліктен жасатпауы керек, - дейді Мэгги Малони.

Малонидің пікірінше, «адамдарға медициналық кастрациядан кейінгі өмір қандай болатыны жайлы толық ақпарат берілуі керек. Әдетте ол дәрілер сүйекті әлсіретіп, емшек бездерінің дамуына әсер етсе де ем-домды тоқтатқан соң адамның құмарлығы қайта қозады».

Пихологтардың халықаралық кеңесінің президенті және Оңтүстік Англиядағы психологиялық қызмет көрсету орталығының директоры Людвиг Лоуэнстейн:

- Біз ең әуелі жәбірленуші жандарды қорғауға міндеттіміз. Қылмыскердің құқығы - екінші мәселе. Химиялық кастрация айыпты адамды жазалаудың жеңілдеу жолы болуы да мүмкін. Дегенмен айыпты адам ондай тәсілді қош көре ме, екіншіден, шынымен де осындай емге ол мұқтаж ба - осыған көз жеткізу керек, - дейді.

Көптеген психологтар «дәрігерлер медициналық кастрация процесін қадағалап, оның адамға қалыпты әсер етіп жатқанын бақылап отыруға міндетті» дейді.

«ХИРУРГИЯЛЫҚ КАСТРАЦИЯ»

Жыныстық қылмыс жасағандарға қолданылатын кастрацияның екінші түрі «хирургиялық кастарция» («testicular pulpectomy») деп аталады. Бұл – «қылмыскердің» жыныс безінің тіндерін (ткань) хирургиялық жолмен алып тастайтын тәсіл.

Кастрацияның бұл түріне рұқсат берген екі ел - Германия мен Чехия. Еуропаның адамды азаптауға қарсы комитеті бұл елдерді хирургиялық кастрацияға рұқсат бергені үшін «адамды қорлайды» деп айыптап келген.
Кісен тағылған айыпталушының қолы. (Көрнекі сурет)

Кісен тағылған айыпталушының қолы. (Көрнекі сурет)


​Осы комитеттің бұрынғы мүшесі Хауксон:

- Кастрация жасалған адамдар қолдан жасалған тестостеронды қолдана береді. Ақырында олардың қуаты қайтадан қалпына келеді, - дейді.

Чехия - кастрацияға қатысты заңын «тиімді» деп дәріптейтін елдердің бірі. 2009 жылы Прагадағы Bohnice психиатриалық ауруханасының директоры Мартин «Хирургиялық кастрация жасалған 100-ге жуық қылмыскердің бірде-біреуі соңғы он жылда қылмысын қайталаған жоқ» деп мәлімдеген.

Ал Хауксон «Кастрацияны адамдар өз еркімен жасатпайтын болғандықтан, бұл дерекке күмәнмен қарайтынын» айтады. «Өйткені айыптылар түрме қапасынан құтылу үшін кастрация жасатуға амалсыз келіседі» дейді ол.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG