Accessibility links

Қырғызстан ана өлімі бойынша тізім басына шықты


Қырғызстандағы перзентханалардың бірі. (Көрнекі сурет)

Қырғызстандағы перзентханалардың бірі. (Көрнекі сурет)

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, постсоветтік елдер арасында Қырғыз республикасы жас босанған аналар өлімі бойынша алғашқы орында тұр. Бұл елде 100 мың босанған ананың 76-сы қайтыс болады.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі ДДҰ дерегін жоққа шығармайды. Қырғыз республикасы денсаулық сақтау министрі Талантбек Батыралиев бұл жағдайдың бірнеше себебін атады.

- Әрине, бұл жағдай бізге қиын тиеді. Бірақ соңғы бес жылдағы статистиканы қарасақ, ана мен бала өлімі бойынша жағдай өткен жылдармен салыстырғанда жақсарғаны байқалады. Біз осыған қарамастан, халықаралық ұйыммен бірігіп, бұл мәселе бойынша барлық мәліметті ашық түрде, жасырып-жаппай беріп отырамыз. Соңғы мәліметті де біз бергенбіз. Жасалып жатқан жұмыстардың жеткіліксіз екенін түсінеміз және жағдайды жақсарту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Ана мен бала өлімі – әлеуметтік тұрғыдан көп себебі бар мәселе, - деді Батырәлиев.

Министр Батыралиевтің ойынша, босану кезінде әйелдердің жиі қайтыс болуы ең алдымен қыз-келіншектердің денсаулықтарына дұрыс көңіл бөлмегенінен болып жатады.

- Босану үстінде қайтыс болғандарды сараптап көргенімізде, олардың көпшілігі қан аздықтан зардап шеккені анықталады. Екіншіден, ішкі көші-қонмен қала маңына көшіп келеді де, уақытында тіркеуге тұрмайды, әбден ауруы асқынғанда ғана ауруханаға келіп, кеш боп жатады. Бұл дұрыс емес, - дейді ол.

Талантбек Батыралиев ана мен бала өлімінің соңғы уақыттарда азайғанын айтады. Ол бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда 9 пайызға кемігеніне назар аударады.

ИНФОГРАФИКА: 100 мың әйелге шаққанда босану кезінде қайтыс болатын аналар үлесі (постсоветтік елдер статистикасы)

Ана мен бала денсаулығына байланысты дәрігерлерді кінәлайтын жандар да бар. Солардың бірі Бішкек тұрғыны Чынара Абылгазиева осындай жағдайды өз отбасында өткерген.

- Дәрігерлер өз міндеттерін дұрыс орындамайтын жағдайлар да жиі болады. Жақында менің қызым бесінші баласын туды. Олар оны «өзі босанады» деп қараусыз тастап, бала жолдасы іште қалып қойған. Біраз уақыт қиналдық. Дәрігерлер өз міндетіне дұрыс қарамай, қыз-келіншектер қаза болған жағдайлар да бар, - дейді Чынара Абылгазиева.

Премьер-министрдің бұрынғы орынбасары, медицина ғылымдарының докторы Гүлнара Асымбекова нәрестелер мен аналардың өліміне медициналық мекемелер жауапты жағдайлар көп екенін растайды.

- Ең өкініштісі – аналар перзентханаларда қайтыс болып жатыр. Бәлкім, үйде босанып, қайтыс болған бір-екі оқиға бар болар, ал қалған өлімнің бәрі – ауруханаларда. Біз жүкті аналарға медициналық көмек беру мәселесін ерекше қарауымыз қажет, - дейді Асымбекова.

Парламент депутаты Айнура Алтыбаева адамдардың өз денсаулығына, отбасы саулығына дұрыс көңіл бөлуі керек екендігін айтады.

- Ана мен баланың денсаулығы жақсы болуы үшін отбасы жағдайы түзу болуы керек. Бәрі де отбасынан басталады. Соңғы жылдары отбасы институтының маңыздылығы төмендеп кетті. Миграция мен әртүрлі өзге себептерден отбасына, бала-шағасына дұрыс көңіл бөлмейтін азаматтар көбейді. Сондықтан бұл бағытта көп жұмыс жасау керек, - деді депутат.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше Орталық Азия елдері арасында әр 100 мың жаңа босанған ананың Түркменстанда 42-сі, Өзбекстанда 36-сы, Тәжікстанда 32-сі, Қазақстанда 12-сі қайтыс болады.

(Мақала Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің материалы негізінде әзірленді)

XS
SM
MD
LG