Accessibility links

«Қырғыз төңкерісінен соң Қазақстанда элитаны да бақылау күшейді»


Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев қашып кеткеннен кейін Үкімет үйі алдында жүрген көтерілісшілер. Бішкек, 8 сәуір 2010 жыл.

Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев қашып кеткеннен кейін Үкімет үйі алдында жүрген көтерілісшілер. Бішкек, 8 сәуір 2010 жыл.

Биыл 100-ге жуық адам қаза тауып, Құрманбек Бакиев биліктен кетірілген Қырғызстандағы Сәуір төңкерісіне бес жыл толды. Қазақстан сарапшылары төңкеріс нәтижесі мен оның аймаққа әсері жайлы айтты.

2010 жылы сәуірдің 6-сы күні Қырғызстанның Талас қаласында басталған наразылық ел аумағындағы жаппай толқуға, толқу соңы төңкеріске ұласып, 2005 жылғы «Қызғалдақ» төңкерісі арқылы билікке келген президент Құрманбек Бакиев сәуірдің 7-сі күні елден қашып кетті. Сәуірдің 7-сі күні ел астанасы Бішкекте көтеріліске шыққан халықты баспақ болған полиция оқ жаудырып, 100-ге жуық адам қаза тауып, мыңнан астам адам жараланған еді.

Бакиев биліктен кетірілген соң елде уақытша үкімет орнап, оған осы елдің бұрынғы сыртқы істер министрі, оппозиция жетекшісі Роза Отынбаева жетекшілік етті. Ол заңды сайланған президент келгенше елді басқарып тұрды.

СОДАН БЕРІ НЕ ӨЗГЕРДІ?

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының бас директоры Толғанай Үмбеталиева «Қырғызстан билігі Сәуір төңкерісінен кейін отбасылық сипаттан арылғанын» айтады.

- Әуелі, елде конституциялық өзгерістер болды. Қырғызстан парламенттік-президенттік елге айналды. Мемлекет тұрғындары кереметтей өзгерістер болды деп санамайды, бірақ қазіргі кезде режим отбасылық сипаттан арылған. Экономикалық ресурстар тапшы болып тұрған кезде тіпті саяси құрылым өзгерсе де ел экономикасы дүрілдеп дамиды деп айта алмаймыз. Бірақ менің ойымша, көптеген проблемаларға қарамастан, даму айқын байқалады. Тым болмағанда ендігәрі билік халықпен санаспай өздігімен шешім қабылдай алмайды. Бұл процеске халық жанама түрде болса да қатысып жатыр, - дейді саясаттанушы.

Ош оқиғасы

Бакиев биліктен кеткеннен екі айдан соң этникалық өзбектер мен қырғыздар арасында қанды қақтығыс болып, Ош пен Жалалабадта 450 адам көз жұмған еді.

Ал журналист Қасым Аманжолұлының пікірінше, қырғыз қоғамы Сәуір төңкерісі арқылы «биліктің бір адамға шоғырлануынан бас тартты және оны қайтадан бір адам иеленіп кетпейтіндей тетіктер жасай алды».

- Өз басым ол жерде үлкен өзгерістер басталды деп ойлаймын. Ең бастысы олар үлкен қантөгістерге жол берген жоқ. Рас, Ош оқиғасы болды. Алайда оның әрі қарай азамат соғысына айналып кетпеуіне қол жеткізе алды. Мұнан соң олар конституциялық реформа жасады. Роза Отынбаеваның уақытша президенттік мерзімі өте сәтті өтті деп ойлаймын. Өйткені, оған дейін оларда конституциялық реформалар болмады. [Қырғыз қоғамы] биліктің бір адамға шоғырлануынан бас тартты және оны қайтадан бір адамның иеленіп кетпейтіндей тетіктер жасай алды деп ойлаймын, - дейді Қасым Аманжолов.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Қырғызстанда билік ауысуы процесі өте ауыр күйде өткенін айтып, ел экономикасының әлі күнге әлсіз екенін назар аударды.

Досым Сатпаев, политолог. Алматы, 20 ноября 2012 года.

Досым Сатпаев, политолог. Алматы, 20 ноября 2012 года.

- Қырғызстанда екі рет билік ауысты. Бұл елде саясат және экономиканың ойыншылары түбегейлі өзгерген кездер болды. Ол түрлі саяси жүйелерді бастан кешіріп көрген жалғыз мемлекет қана емес, биліктің бейбіт түрде ауысуын көрсеткен де мемлекет...Ғылыми тұрғыдан алып қарағанда, дамудың қырғыз моделі өте қызық. Бірақ басқа қырынан алып қарасақ, бұл процесс өте ауыр күйде өтіп жатыр. Яғни, ол елде әлі күнге дейін саяси қауіптер өте көп, себебі саяси билік тұрақсыз. Экономикалық жағдайы да ауыр. Елдің сыртқы қарызы өте көп, ұлттық валютасы тұрақсыз, жұмыссыздық деңгейі жоғары, инвестициялық климат та нашар екенін атап өту керек, - деді ол.

ҚЫРҒЫЗ РЕВОЛЮЦИЯСЫНЫҢ АЙМАҚҚА ӘСЕРІ

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының бас директоры Толғанай Үмбеталиева Қырғызстанда болған Сәуір төңкерісінің аймаққа әсері туралы:

Саясаттанушы Толғанай Үмбеталиева.

Саясаттанушы Толғанай Үмбеталиева.

- Әсері анық көрінді. Біріншіден, аймақ елдері арасында режим қатайтылды, атап айтқанда Қазақстанда биліктің күшке сүйенуі күшейді. Анығырақ айтсақ, құқық қорғау органдары айналысатын мәселелер шеңбері кеңейді. Екіншіден, режимнің оппоненттерін ғана емес, элитаның әрекеттерін де бақылау күшейді. Саясатта репрессивтік шаралар көбірек қолданыла бастады. Бұлар - митингтер мен көшеге шығуға тыйым салу, сыбыс таратқаны үшін және ұлтараздық қоздырғаны үшін қылмыстық жазаға тарту. Қырғызстандағы революция біздің ел басшыларының өздерінің жағдайы үшін алаңдатуға мәжбүрледі, - дейді.

Ал журналист Қасым Аманжолұлы Қырғыз революциясының көршілес елдерге әсері аса қатты болмағанын айтады.

Журналист Қасым Аманжолұлы.

Журналист Қасым Аманжолұлы.

- Қырғызстан - кішкентай мемлекет. Халық саны жағынан Өзбекстаннан он еседей аз болса, Қазақстаннан жер көлемі жағынан он еседей кіші. Сол себепті аймақтағы ықпалы, ішкі саясатындағы өзгерістер ықпалы айналасына жайылады деп айту қиын. Қырғызстан Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытаймен шекараласады. Бұл мемлекеттердің ішкі авторитарлық режимдері мықты және қандай да бір халықтық толқуларға төтеп бере алатын қарсы шаралары, алдын алу шаралары дамыған. Бұл елдер өз ішіндегі шағын толқуларды баса алды. Сондықтан Қырғызстандағы жағдайдың өздерінде қайталанбауына барлық жағынан дайын болған тәрізді, - дейді ол.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев «Қырғызстандағы саяси процестерді бақылап отырып, қоғамға одан бірқатар пайдалы қорытынды жасауға болатынын» айтты.

- Біз сияқты сырттан бақылаушыларға Қырғызстандағы жағдайларды артықшылықтары мен кемшіліктерін өте мұқият бақылап отыру пайдалы болар еді.. Менің ойымша, 2005 және 2010 жылғы оқиғалардың Қырғызстан үшін де көршілері үшін де саяси тәжірибе ретінде берері көп. Тым болмағанда президенттік республиканың президенттік парламенттік жүйеге ауысу процессін бақылай аламыз. Президент пен заң шығарушы органның ара қатынасы, саяси партиялары өте көп мемлекет қалай өмір сүреді деген мәселелерді де бақылауға болады. Ал болашаққа келер болсақ, Қырғызстанның саяси болашағы тұрақтырақ болып, экономикаға мән беретін кезі келер деп үміттенемін, - дейді саясаттанушы.

Қырғызстанда 7 сәуір күні толқуларда қаза тапқан қырғызстандықтарды еске алу шаралары өтеді. Осы күні Ақ үй алдында оққа ұшқандардың туған-туыстары Бішкек маңындағы «Ата-Бейит» ескерткішіне барып, құрбан болғандар рухына құран бағыштайды.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG