Accessibility links

Қырғызстандағы өзбектер қырғыз тілін үйрену керегін түсіне бастады


Өзбек мектебінің оқушылары жаңа оқу жылы басталған кездегі жиында тұр. Қара-Су, Ош облысы, Қырғызстан, 1 қыркүйек 2011 жыл.

Өзбек мектебінің оқушылары жаңа оқу жылы басталған кездегі жиында тұр. Қара-Су, Ош облысы, Қырғызстан, 1 қыркүйек 2011 жыл.

Қырғызстанда мектепке баратын оқушылар үшін биылғы жаңа оқу жылы көп өзгерістерге толы болайын деп тұр. Себебі «балаларымыз қырғыз тілінде білім алса, жолы болады» дейтін өзбек ата-аналар көбейіп келеді.


Алайда олардың мұндай оптимистік сенімдерін «елдегі этникалық шиеленіс жағдайында өзбектер өз ерекшеліктерін жоғалтуы мүмкін» деген қауіп көлегейлеп тұр.

Қыркүйектің алғашқы күні отыз бес өзбек баласы Қырғызстанның оңтүстігіндегі Қара-Суда – Чолпон мектебінде қырғыз тілінде білім алуды бастап кетті. Чолпон мектебі – Ош қаласындағы өзбек қауымдастығының өкілдері мен ата-аналардың сұранысына сай, бірінші сыныпқа баратын оқушыларға тілді таңдауына мүмкіндік беретін өзбек мектептерінің алдыңғы қатарында тұр.

ҚЫРҒЫЗ ТІЛІНІҢ БОЛАШАҒЫ

– Менің қызым Чолпон мектебінде қырғыз тілінде оқиды, – дейді Қара-Судағы өзбек әйелі Мавлуда Хакимова. – Қызымыздың мемлекеттік тіл – қырғыз тілінде білім алуы оған ары қарай жоғары оқу орнына түскенде үлкен мүмкіндік береді деп шештік. Кейін университет бітірген соң да оған жұмыс табу оңай болады.

Мавлуда Хакимова ешкімнің күштемегенін айтып, «Бұл тек балалардың болашағы үшін ғана істеліп отыр» дейді.

Бастаманы көтерген қауымдастық жетекшілері «бұл іс 2010 жылы маусымда болған этникалық қақтығыстардан енді ес жиып келе жатқан аймақтағы интеграцияның жылдам жүруіне де септігін тигізеді» деп сенеді.

Ұлты өзбек, Ош қалалық консулдығының мүшесі Аманулло Иминов «барлық өзбек мектептерінде қырғыз тіліндегі сыныптар ашылуы тиіс» дейді. Ол сондай-ақ барлық жоғары оқу орындарында қырғыз тілін оқыту сағаттары көбейтілуі керек деген пікірде.

Қара-Су ауылдарында жоспар бірлі-жарым ғана орындалған. Аудандағы 27 мектептің 20-сында қырғыз тілінде сабақ өтіп жатыр. Бірақ Чолпон мектебінің директоры Махира Абдукаримованың айтуынша, бағдарлама алғашқы жемісін беріп жатқан көрінеді.

– Біз болашақта осындай сыныптарды көптеп ашуымыз керек. Себебі
Чолпон мектебінің директоры Махира Абдукаримова. Қара-Су, Ош облысы, Қырғызстан. 29 тамыз 2011 жыл.

балаларын қырғыз сыныптарына оқытқысы келетін ата-аналар көбейіп келеді. Биылғы жылы біздің қырғыз тілді сыныптар тек отыз бес баланы ғана қабылдай алады, – дейді мектеп директоры Махира Абдухакимова.

Бастаманы сынаушылар «қырғыз тілінде білім беру этникалық қарым-қатынасты арттырғаннан гөрі өзбектердің арасында наразылық туғызуы мүмкін» деп санайды.

– Негізгі білім беру тілі ретінде өзбек тілінен қырғыз тіліне көшуді «өзбектер дискриминация деп қабылдауы мүмкін» деген қауіп басым, – дейді жергілікті тәуелсіз сарапшы Абдумомун Мамараимов.

Бірақ басқалары, оның ішінде өзбек қауымдастығы да бағдарламаның екінші кезеңін жоспарлап отыр.

ҚАҚТЫҒЫСТА ҚИРАП ҚАЛҒАН ӨЗБЕК УНИВЕРСИТЕТІ

Бағдарлама авторы және журналист Еркін Байназаров бастаған елудей өзбек тек өзбек тілі мен әдебиеті пәндерінің өзбек тілінде, ал басқа пәндердің мемлекеттік қырғыз тілінде жүргізілуін алға ұстап, халықпен кездесу өткізді.

Бұл оқу бітіргеннен соң таңдау аясы тарылып қалатын өзбек студенттеріне көбірек мүмкіндік береді.

Мысалы, Жалалабад қаласындағы өзбек мектебін бітірушілер көп баратын, өзбектер қаржыландыратын университет өткен жылғы қақтығыстар кезінде қирап қалған. Жергілікті жеті университеттен басқа жерде өзбек мектебін бітіргендер өз ана тілдерінде білім алуда қиындық көреді.
Бірақ Байназаровтың және қырғыз тіліне біртіндеп көшуді қолдайтын өзге өзбектердің мақсаты – этника аралық байланыстарды жақсарту.

«ОН ЖЫЛДА ПАТРИОТ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕП ШЫҒАМЫЗ»

Өзі де этникалық өзбек Махира Абдукаримова неліктен «тіл мәселесі кедергі болады» деген пікірді ұстанатынын түсіндіріп берді.

– Кейде мен тіл мәселесі өткен жылғы этникалық қақтығыстардың туындауына себеп болған фактордың бірі болды деп ойлаймын. Меніңше, барлық оқушы мемлекеттік тілде сөйлей алуы тиіс. Сонда ғана түрлі қауымдастықтар арасындағы тілдік кедергі жойылып, адамдар бір-бірімен жақсы тіл табысып кете алмақ. Осылайша, барлығы қырғыз тілді сыныптарды ашуды қолға алып жатырмыз. Себебі күніне екі-үш-ақ рет
Білім беру департаментінің бастығы Рахмон Назаров. Қара-Су, Ош облысы, Қырғызстан. 29 тамыз 2011 жыл.

қырғыз тілінде сабақ алу жеткіліксіз. Оған қоса біздің қырғыз мұғалімдер этникалық өзбек мұғалімдердің қырғыз тіліндегі сабақтарына қатысып жүр. Себебі ересектер де қырғыз тілінде сөйлей алулары қажет, – дейді директор.

Қара-Су білім беру департаментінің бастығы Рахмон Назаровтың пікірінше. «мемлекеттік тілде білім алу болашақ ұрпақтың этникалық өлшемнен де кең ойлай алуына және шынайы патриот болуына көмектеседі».

– Егер біз о бастан барлық балаға этникалық ерекшелігіне қарамай мемлекеттік тілді, тарих пен мәдениетті оқытатын болсақ, онда он жылдың ішінде шынайы патриот ұрпақ тәрбиеленіп шықпақ. Біз сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Рахмон Назаров.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG