Accessibility links

Қырғызстанда гомосексуалдар туралы пәтуа дау тудырды


Қырғызстанның бас мүфтиі Мақсат қажы Токтомушев. Бішкек, 7 қаңтар 2014 жыл.

Қырғызстанның бас мүфтиі Мақсат қажы Токтомушев. Бішкек, 7 қаңтар 2014 жыл.

Қырғыз мүфтиінің жыныстық азшылық өкілдеріне байланысты шығарған пәтуасына құқық қорғаушылар қарсылық білдірді.

Қырғызстандық полицияның гейлер мен бисексуалдарға жәбір көрсететіні туралы даулы баяндамадан соң елдегі ең құзырлы ислам мекемесі гомосексуализмге исламның қатаң тыйым салатынын ескертті.

«ПОЛИЦИЯ СЕКСУАЛДЫ АЗШЫЛЫҚТЫ ЖӘБІРЛЕЙДІ»

Қырғызстанның бас мүфтиі Мақсат қажы Токтомушев пәтуасын қаңтар айының соңында шығарған. «Ол пәтуа гомосексуалдардың өміріне қауіп төндіреді» деп алаңдайтындар бар. Ақыры елдегі екі ықпалды күш – заманауи көзқарасты ұстанатын заңгерлер мен Токтомушев бастаған діни басқарма осы дауға араласты.

Өткен аптада Азаттықтың Қырғыз қызметі ұйымдастырған дөңгелек үстелде осы екі тарап пәтуаның іс жүзінде қалай орындалуы мүмкін екенін талқылады.

Қырғызстан 1998 жылы гомосексуализмді қылмыс ретінде қарауды доғарып, басқа көрші елдермен салыстырғанда гейлерге либералды қарым-қатынас Жыныстық азшылықтар құқығын қорғауға шақырған шеру.

Жыныстық азшылықтар құқығын қорғауға шақырған шеру.

орнатқан еді. Сексуалды азшылықтың ресми тіркелген ұйымдары, түнгі клубтары мен кафе, мейрамханалары бар. Гейлер мен лесбилердің жетекшілері ел ішінде танымал, олар пікірлерін ашық айтады.

Бірақ Human Rights Watch ұйымының қаңтардың 29-ы күні жарияланған баяндамасында «қырғыз полициясы гейлерден ақша бопсалайды, оларға күш көрсетеді, тұтқындап әкетеді, ұрып-соғады, сексуалды қысым жасайды» делінген.

HRW ұйымының жазуынша, «елдегі гомосексуалдар гомофобиялық көңіл-күйден қорқып өмір сүреді, полиция бұл жағдайды одан әрі асқындырады». Ұйымның бұл баяндамасынан бір күннен кейін жарық көрген Токтомушевтың пәтуасы жыныстық азшылық өкілдеріне қатты әсер етті.

ПӘТУА

Қырғызстан діни басқармасының сайтында жарияланған діни қаулыда Мұхаммед пайғамбардың хадисі ретінде: «Лұт қауымының (Құранда содомияға ұрынған тайпа ретінде айтылады) өкілін көрсеңдер, олардың сондай іспен айналысқанын байқасаңдар, оны істеген адамдарды өлтіріңдер» деген сөзге сілтеме жасалған.

Пәтуаның қорытындысында «барлық мұсылмандар гомосексуализмнен аулақ жүріп, Алла Тағаланың шариғаты бойынша өмір сүруге тиіс» делінген.

Дөңгелек үстел кезінде Қырғызстанның бұрынғы әділет министрі Марат Қайыпов діни жетекшілердің «басқалар сияқты пікірін айтуға құқығы болса да, сол сөздің қоғамға әсерін ескеруге тиіс» екенін айтты.

Адам құқығы бойынша заңгер Толекан Исмаилова пәтуаның гомосексуалдарға қарсы зорлық-зомбылықтың асқынуына ықпал етуі мүмкін екенін айтып, елдің бас прокуратурасын осы мәселені тексеруге шақырды. Исмаилова Қырғызстан конституциясының барлық дискриминация түріне қарсы екенін, бұл пәтуа соны бұзатынын ескертті.

«Осы пәтуа арқылы мүфти барлық гейлер мен лесбилерді жәбірлейді. Діни жетекшілер бұл жайында ойланып, сарапшылар мәселені жан-жақты зерттеуге тиіс. Одан да олар азаматтарға пайдалы, қажет дүниелерге назар аударсын. Бұл әрекетке таң қалып отырмын» дейді заңгер.
Біз барлық гомосексуалдарға қарсы шара қабылдауға шақырған жоқпыз. Тек адамдарға исламның талабы туралы ескерттік.

Діни басқарманың өкілі Жоробай қажы Шергазиев діни ұйымның әрекетін қорғады. «Біз барлық гомосексуалдарға қарсы шара қабылдауға шақырған жоқпыз. Тек адамдарға исламның талабы туралы ескерттік. Ескерту – біздің міндетіміз, ал оны қабылдау-қабылдамау – олардың өз еркінде» дейді діни басқарма өкілі.

Қырғызстан бас мүфтиі Мақсат қажы Токтомушев қайта қаралып, діни басқарма сайтынан алынып тасталған пәтуасы ешкімді өлтіруге шақырмайтынын айтады: «Пайғамбардың өте ерте кезеңдегі сөзінен үзінді келтірдік. Онда жаман жолға түсуден сақтану керектігі айтылған» дейді ол.

Ал Қырғызстанның ішкі істер министрлігі HRW баяндамасының нақтылығына күмән келтіреді. «Баяндаманың қаншалықты шынайы екенін білмейміз» деген министрлік гомосексуалдарға полицияның күш көрсеткені туралы шағым түспегенін айтады.

Азаттық тілшісі Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG