Accessibility links

Діни сеніміне бола үш қайтара жерленген әйел


Ала-Бука ауданындағы христиан зираты. Көрнекі сурет

Ала-Бука ауданындағы христиан зираты. Көрнекі сурет

Қырғызстанда қайтыс болған әйел діни сеніміне бола үш мәрте жерленді. Оның себебін жергілікті билік «тұрғындар арасындағы келісімді сақтау үшін қажет болды» деп түсіндіреді.

Джалал-Абад облысы Ала-Бука ауданы Сары-Тал ауылының тұрғыны, 78 жастағы Ақжол Азаев марқұм әйелі Қаныгүл Сатыбалдиеваның зираты тағы да қазылғанын көргенде көзіне жас алды.

Азиев әйелімен 49 жыл бірге өмір сүрген. Бес уақыт намаз оқитынын айтқан Азаев ауылдастарының марқұм әйелі туралы таратқан сөздеріне сенбейді.

– Ауылдағылардың бұл әрекеттерін түк түсінбеймін. 49 жыл бірге тұрған әйелім басқа дінді ұстанды дегендеріне сенбеймін. Егер күнәм болса, төбемде Құдай тұр. Оның (әйелімнің - ред.) бар кінәсі Інжіл кітабын оқып қойғанында ғана. Басқа айыбын білмеймін, – дейді қария.

Ала-Бука ауылындағы зиратта мұсылмандармен қатар христиандар да жерленіп келген. Жергілікті биліктің ұсынысымен марқұм Қаныгүл Сатыбалдиеваның мәйіті қазанның 15-і күні православ христиандарының қасына қойылған. Бірақ зират шырақшысы Сейдамат Казиевтің сөзінше, жергілікті тұрғындардың наразылығынан кейін қазанның 17-сі күні мәйіт қазылып алынған.

- Қазанның 17-і күні түстен кейін ауылдың 30 шақты тұрғыны зиратқа келді. Оларға жергілікті билік және полиция өкілдері басу айтуға тырысты. Бірақ олардың сөздерін тыңдамай, мәйітті полиция көмегімен қазып әкетті. Әкімдік өкілдері мен имам осында, оқиғаның басы-қасында болды, – дейді Казиев.

Оның сөзін жергілікті билік өкілдері растады. Бірақ мәйітті қайда алып барғандарын айтпады. Олар мұндай шараны "тұрғындар арасындағы келісімді сақтау үшін жасаған".

Аудан имамы Шумкар қажы Чыналиевтің пікірінше, өзге діндегілер мұсылмандармен бір зиратта жерленбеуі керек.

– Олар (марқұм Қаныгүл Сатыбалдиеваның отбасын айтып отыр – ред.) көптен бері баптист (протестандық христиан дінінің бір тармағы - ред.) болып кеткен. Оларға қанша рет барып, "жолдарыңнан қайтыңдар, ақыретте жаман болады" деп ескерттік. Құлақ аспады. Қазаға көршілері келмеді. Молдалар жаназасын шығарған жоқ. Оны (марқұмды - ред.) жер қабылдамады. Наразы болып жатқан имамдар емес. Ел қарсы шығып жатыр. Ата-бабамыздың қасына иманы бұзылған жатпасын деп жатыр. Қандай дінді ұстанса да, пенденің жерге көмілу керектігін түсіндірдік. Бұған қарсы емеспіз. Бірақ басқа зиратқа жерленсін. Қаза кезінде жиналғандарға марқұмның өткенін ұмытып, [алғаш] жерленген жерінде мәйітті қалдыруға ұсыныс жасадым. Алайда көпшілік келіспей қойды,– дейді Чыналиев.

Ала-Бука зираты

Ала-Бука зираты

Марқұмның қызы Жылдыз Азаева бұл жағдайға қатысты имамдарды кінәлайды. Оның сөзінше, ауыл тұрғындарына имамдар қате ақпарат берген.

– Бұған дейін көршілермен жақсы араластық. Апамның жазығы не еді? Евангелие, Інжіл, Тәуратты оқығаны ма? Бұл кітаптар "ұрлық жасама", "баланы дұрыс тәрбиеле", "бағыңа түскен көрші алмасын жеме" деп жазады. Мұның несі жаман? Молдалар бәрін көріп тұрып, апама жаназа шығартпай қойды. Бізді әрқандай дінге таңады. Бірақ бізді неге "баптист" дейтінін өзіміз де түсінбейміз, – дейді Азаева.

"Ислам тәлімі" қоғамдық ұйымының өкілі Дилмурат қажы Орозов зиратқа қатысты дауды "дін мәселесіндегі мемлекет ұстанымының бостығынан"
көреді.

– Тәуелсіз Қырғызстанның алғашқы мүфтиі Кимсанбай (Абдурахманов) қажы басқа діндегілер мұсылмандармен бір зиратта жерленбесін деген пәтуа шығарған. Имамдар соны негізге алады. Нәтижесінде осындай жағдайлар болып жатыр. Әрине дінді ұстану керек. Бірақ көп жағдайда өзіміз кінәліміз. Совет Одағы құлаған соң, егемендіктің алғашқы күндері имамдар неке қию, азан шақырып ат қою сияқты шаруалардан қолдары босамады. Діннің мән-мағынасын халыққа айтып түсіндірмеді. Соның кесірінен дін бостандығына сүйенген азаматтар түрлі жағдаймен өзге дінді ұстанды. Егер ертең түрлі дін ұстанушылар арасында қақтығыс болса, оны кім тоқтатады? Сондықтан мемлекет басқа діндегілерге де жер [зиратқа] бөліп беруді ойлануы керек, – дейді Орозов.

Қазанның 14-і күні Қырғызстанның Джалал-Абад облысы Ала-Бука ауданы Сары-Тал ауылының тұрғындары мен имамдары марқұм Қаныгүл Сатыбалдиеваның мәйітін жергілікті зиратқа жерлетпей қойған. Даудан кейін марқұмның денесі көрші Орукту ауылындағы зиратқа қойылған. Бірақ ол ауылдың тұрғындары наразылық білдіріп, мәйітті қазып алуды талап еткен. Одан кейін мәйіт осы аудандағы христиандар зиратына жерленген. Алайда ол зираттан да мәйітті қазып алып, басқа жаққа алып кеткен.

Қырғызстанда бірлестік, қор, оқу орны, мешіт, медресе, шіркеу тәрізді барлығы 2400-ге жуық діни ұйым ресми тіркелген. Оның екі мыңнан астамы ислам дінін уағыздайтын мешіттер, қалған бөлігі христиан дінін насихаттайтын ұйымдар. Қырғызстан конституциясында азаматтарға діни наным-сенім бостандығы жарияланған.

(Мақала Азаттықтың Қырғыз қызметінен аударылды)

XS
SM
MD
LG