Accessibility links

Сирияда соғысып келген қырғыздар


Бішкектегі мешіттегі жұма намазы. (Көрнекі сурет)

Бішкектегі мешіттегі жұма намазы. (Көрнекі сурет)

Қырғыз мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің Оштағы тергеу изоляторына қамалған адамдар «Сирияда әскери дайындықтан өтіп, соғысқа қатысып келгендерін» айтады.

Қырғыз мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің Оштағы тергеу изоляторына қамалған адамдар «Сирияда әскери жаттығудан өтіп, соғысқа қатысып келгендерін» айтады. Бұл жөнінде қаңтардың 12-сі күні Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Азаттық тілшілеріне сұхбат берген қамаудағы адамдар «Қырғызстан мен Өзбекстанда террорлық шабуылдар ұйымдастырамыз деген мақсатпен елге оралғандарын» айтқан.

Тұтқындалғандардың жартысына жуығы жаңсақ басқандарын, әлдекімдердің арбауына түсіп, адасқандарын мойындап отыр.

Изолятордағы тұтқынның бірі Фархад «танысымен сөйлескен соң дінге қызыға бастағанын» айтады. Бұдан ары ол Ресейге барып, қылмыс жасаумен айналысқан.

- Ресейге барып, үш жылдай кісі тонаумен айналыстым. Соңғы рет біз бастарына хиджаб киіп, саунада жыныстық қызмет көрсетіп жүрген төрт қыз бен олардың «мамасын» өлтірдік. Алдымен оларға ескерту жасадық, - дейді ол.

Қырғызстан абақтысындағы жұма намазы. (Көрнекі сурет)

Қырғызстан абақтысындағы жұма намазы. (Көрнекі сурет)

Одан соң ол Ошқа қайтып келіп, үйленген. Жарты жылдан соң ата-анасын «Түркияға сауда жасауға кеттім» деп алдап, Сирияға аттанған.

- Шешем әлі күнге мені Түркияға барғаным үшін тұтқындады деп ойлайды. Сирияға барғанымды тек әкеме айттым. Сирияға баратынымды алдын ала айтсам, олар онымды түсінбейтін еді, себебі олардың діни білімі жоқ, - дейді ол.

Ол «бостандыққа шыққан соң бес уақыт намаз оқып, ата-анама көмектесіп, жаңа өмір бастаймын, отбасымды асыраймын» дейді.

КЕТКЕНДЕРДІҢ НАҚТЫ САНЫ БЕЛГІСІЗ

Сирияда Қырғызстанның қанша азаматы соғысып жүргені белгісіз. Қырғыз саясаткерлері бұған қатысты әркелкі деректер келтіреді.

2014 жылы қыркүйек айында елдің оңтүстігіндегі Ош аймағының ішкі істер басқармасы баспасөз хатшысы «Сириядағы ұрысқа Қырғыстанның 100-ге тарта азаматы қатысып жатыр» деген болатын.

Арада бірнеше ай өткенде, желтоқсан айында мәлімдеме жасаған депутат Майрамбек Расулов «Сирияда 500-ден астам қырғыз азаматының жүргенін» айтса, премьер-министр орынбасары Әбдірахман Маматалиев «225 қырғыз азаматының Сирияда жүргенін, үкімет қолында олардың әрқайсысы жайлы толық мәлімет бар» екенін хабарлаған.

Таяу Шығыстағы "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымы басып алған қаланың бірінде ілініп тұрған "жиһадшылар" туы. (Көрнекі сурет)

Таяу Шығыстағы "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымы басып алған қаланың бірінде ілініп тұрған "жиһадшылар" туы. (Көрнекі сурет)

Қақтығыс аймағында жүрген адамдардың 100-ден 500-ге дейін деп әртүрлі көрсетілуі Қырғызстанда «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының аймаққа төндірер қаупіне алаңдаушылық күшейгенін білдіреді.

Орталық Азия елдері үкіметтері адамдардың еркіндігін шектеу әрекеттерін ақтап алу үшін «терроризм қаупін» тым зорайтып көрсетеді деген де пікірлер бар. Сирияда жүр деген қырғызстандықтардың саны жөнінде нақты дерек болмағанымен, жастардың радикалдануы шынымен үрей туғызады. «Ислам мемлекеті» және басқа да экстремистік топтардың қатарына қосылу үшін ерлер мен әйелдердің әлі де сол жаққа кетіп жатқаны жөнінде ақпараттар бар.

РЕСЕЙДЕН - СИРИЯҒА

International Crisis Group желтоқсанның 31-і күні Рамаз есімді Қырғызстан азаматынан алған сұхбатын жариялады. Рамаз «2014 жылы ақпан айында 18 жасар қызының үйден қашып кетіп, Түркия арқылы Сирияға аттанғанын» айтады.

Сұхбатта жас қыздың радикалдық ағымдардың жетегіне қалай түскені, оның неге Сирияға баруға шешім қабылдағаны баяндалады.

Әкесінің айтуынша, балиғатқа жаңа толған қыз Ресейдің «Одноклассники» әлеуметтік желісінде мәскеулік жігітпен танысып, дін жолына түсіп, бес уақыт намаз оқи бастаған.

Таяу Шығыстағы қақтығыстарға қатысып жатқан Орталық Азиядан шыққан "жиһадшылар". (Көрнекі сурет)

Таяу Шығыстағы қақтығыстарға қатысып жатқан Орталық Азиядан шыққан "жиһадшылар". (Көрнекі сурет)

Көп ұзамай ол «еркектердің шашын әйел адамның кесуі күнә» деп, шаштараздағы жұмысынан шығып кетеді. Содан соң «діни мектепте білім аламын» деген желеумен Түркияға кеткен. Кейіннен ол жақындарына Сирияға барғанын, сонда Мәскеуден келген жігітке тұрмысқа шыққанын хабарлаған.

Әкесі кейіннен әлгі мәскеулік жігіттің Қырғызстанның оңтүстігінен шыққан Омар есімді адам екенін анықтаған. Ол жігіт қызды бала күнінен білетін болып шыққан. Әкесі «қызымды Сирияға баруға үгіттеген осы Омар» дейді. Омардың өзі Ресейге жұмыс істеуге барған соң радикалдық дінге ұрынған.

ТЕРРОРҒА ҚАРСЫ ЗАҢ

Қырғыздар өз жерінде отырып-ақ радикалданады немесе Сирияда соғысып, елге қайтып оралғандар террорлық әрекеттер жасайды деп алаңдаған Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті террорлық топтарды қолдайтын адамдардың жазасын қатайтатын жаңа заң жобасын парламентке ұсынды.

Қауіпсіздік комитетінің баспасөз хатшысы Рахат Сулайманованың айтуынша, бұл заң Сириядан қайтып келіп, елде теракт ұйымдастыруды көздеп жүргендерге қарсы қабылданбақ.

Оның айтуынша, оралғандардың біразы өздерінің теріс жолға түскенін түсініп, тыныш өмір бастаса, енді біразы «Бішкек пен Ошта террорлық актілер ұйымдастыру ниетімен келеді».

Ош қаласы. (Көрнекі сурет)

Ош қаласы. (Көрнекі сурет)

Сулайманова «Оның үстіне олар Сирияға барып, экстремистердің қатарында соғысуға басқаларды да үгіттейді. Оларға жаза қатаң болуы керек» дейді.

Терроризм мен экстремизмге қатысы бар қылмыс жасағандарға жазаны қатайту бұл мәселені шешеді дегенге күмәнмен қарайтындар да бар.

Қақтығыстар жөніндегі сарапшы Анара Жолдуеваның айтуынша, Қырғызстан радикалданудың идеологиялық тұстарына көбірек мән беруі тиіс. «Бұл үшін беделді дінбасылар жұмылып, жастарға дәстүрлі исламның құндылықтарын түсіндіруі қажет» дейді ол.

(Йоанна Паражчуктің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG