Accessibility links

ЕАЭО Қырғызстан саудасын тоқыратты


Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы пост. (Көрнекі сурет)
Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы пост. (Көрнекі сурет)

Қырғызстан Еуразия экономикалық одағына кіріп, кеден кедергілеріжойылды. Бірақ 2015 жылы бұл елдің Қазақстанмен арадағы тауар айналымы екі есе кеміген.

Мемлекеттік кеден қызметі (МКҚ) дерегіне қарағанда, Қырғызстанның Ресеймен саудасы да азайған. Интеграция басталарда оптимистік болжамдар көп айтылған еді. Енді экономистер бұл елдің Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше болған алғашқы жылдарына пессимистік баға бере бастады.

Мысалы, 2014 жылы Қазақстанға қырғыз тауарын экспорттау көлемі 340 миллион долларға жетсе, 2015 жылы бұл көрсеткіш 150 миллион долларға дейін кеміген.

МКҚ өкілі Жаманақ Нусуркановтың айтуынша, 2015 жылы Қырғызстан-Қазақстан тауар айналымының жалпы көлемі импортты қосқанда 472 миллион доллар болып, 2014 жылмен салыстырғанда екі есеге азайған.

МКҚ-нің баспасөз қызметі өкілі «Тауар айналымы негізінен доллар бағамының нығаюы мен әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты қысқарып отыр. Қазір бұл құбылыс Қырғызстан ғана емес, ЕАЭО-ға мүше елдердің бәрінде байқалып, олардың да сауда көрсеткіштері кеміді» дейді.

ЕАЭО РЕЭКСПОРТ ПРАКТИКАСЫН ЖОЙДЫ

Қырғызстан ЕАЭО-ға мүшелікке өткеннен кейін Қытай тауарын реэкспорттау тоқтады әрі клиенттерінен айырылған «Дордой», «Қарасу» және «Мәдина» сияқты ірі көтерме сауда базарларының жағдайы нашарлап кетті.

"Дордойдағы" сауда қатары.
"Дордойдағы" сауда қатары.

Қырғызстан экономика министрі Арзыбек Қожошевтің айтуынша, енді Қытай тауарлары Қазақстанға тікелей келетін болғандықтан, Қырғызстан арқылы реэкспорттау тоқтап, Қазақстанмен арадағы сауда-саттық көрсеткіштері кеміген.

- Ашығын айтқанда, Қазақстан дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) өтіп, саудагерлерге тиімді жағдай туғаннан кейін Қытай тауарын қайта экспорттайтын елге айналды. Базарлардағы ахуалды талдау үшін жұмыс тобын құрдық, жаңа ақпаратты оның қорытындысы шыққан соң аламыз, - дейді ол.

ЕАЭО-ға кіргеннен кейін Қырғызстанның Қазақстан, Ресей елдерімен сауда-саттығы «сөзсіз ұлғаятыны» жайлы бұрын көп айтылған еді. Бірақ іс жүзінде жағдай керісінше болып шықты. Қырғызстан парламенті - Жогарку Кенештің экс-депутаты Равшан Жиенбеков көрші елдермен сауда-саттық көлемі туралы цифрлар бұрын асыра көрсетілген деп санайды.

- ЕАЭО-ға тезірек өту үшін билік өтірік статистика көрсетіп, халықты Ресеймен тығыз байланыс жайлы сөздермен алдап келді. Ал шындығында, еліміз көбінесе (60-70 пайыз) Қытаймен сауда-саттық жасайтын. Қазақстан және Ресеймен арадағы сауда-саттық байланыстарымыздың нақты ахуалын енді көріп отырмыз, - дейді бұрынғы депутат.

ДАҒДАРЫС ҰЗАҚҚА СОЗЫЛАДЫ

Мамандар таяу жылдарға пессимистік болжам жасайды. Экономист Мейманбек Абдылдаевтың пікірінше, таяу жылдары көрші елдермен сауда-саттық көлемі кеміген қалпы қала бермек. Ол мұны ЕАЭО-ға мүше елдердің экономикасындағы қиын жағдаймен байланыстырады.

Бір-екі жылда шағын бизнес пен экспортты дамытуға күш салуға тиіспіз. Тұтас экономиканы дамытуға көп уақыт керек. Қазіргі міндет – Қазақстан мен Ресей нарығынан орнымызды алу.

- Бір-екі жылда шағын бизнес пен экспортты дамытуға күш салуға тиіспіз. Тұтас экономиканы дамытуға бұдан көп уақыт керек. Қазіргі міндетіміз – Қазақстан мен Ресей нарығынан өз орнымызды алу, - дейді ол.

Әлемдік экономикалық дағдарыс Қырғызстан-Қытай саудасына да әсерін тигізді. 2015 жылдың алты айында екі ел арасындағы тауар айналымы 19 пайызға қысқарып, 509 миллион доллар болды. Бірақ бұл көрсеткіш Қазақстанмен арадағы сауда-саттық көлемінен бәрібір көп.

Экономистердің болжамынша, мұнай бағасының арзандауы мен доллардың қымбаттау тенденциясы тоқтамаса, Қырғызстанға көрші елдердің жағдайы нашарлайды. Ал бұл Қырғызстан экономикасына әсер етеді. Сондықтан экономика министрлігі Қырғызстан-Ресей даму қорынан кәсіпкерлерге несие беру мен тау-кен саласында бірнеше жобаны іске қосу арқылы бұған жол бермеуге болады деп үміттенеді.

Самат Жұмақадыровтың мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG