Accessibility links

«Қызғалдақ төңкерісіне» 11 жыл


Шеруге шыққандар үкімет үйі алдында көлік өртеп жатыр. Бішгкек, 24 наурыз 2005 жыл.
Шеруге шыққандар үкімет үйі алдында көлік өртеп жатыр. Бішгкек, 24 наурыз 2005 жыл.

Қырғызстанда 2005 жылдың 24 наурызында Асқар Ақаев режимі құлады. Президент Ақаев Ресейге қашып кетті. Бұл елде 25 жыл ішінде екі революция болды.

2005 жылдың наурызындағы парламент сайлауы нәтижелері жарияланғаннан кейін Қырғызстанды жаппай наразылық жайлады. Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясы (ОСК) президент Асқар Ақаевтың ұлы мен қызы Айдар мен Бермет Ақаевтардың және Ақаевтың отбасына адал адамдардың депутат мандатын алғанын хабарлады. Оппозиция билікті «әкімшілік ресурстарды пайдаланды» деп айыптап, сайлауда жаппай заң бұзушылықтар болғанын мәлімдеді.

Билікке наразы халықтың алғашқы толқуы 2005 жылдың 11 наурызында Жалад-Абадтан басталып, кейін бүкіл елді шарпыды. Наразы халық Бішкекке дейін жетіп, 24 наурызда мыңдаған шеруші милициямен қақтығыстан кейін үкімет үйлерін басып алды. Қырғызстанның жаңа тарихында бұл оқиға «Қызғалдақ төңкерісі» деген атау алды. Отбасымен Қырғызстаннан қашып, Ресейде жасырынған Асқар Ақаев әлі сонда тұрады.

Қызғалдақ төңкерісі арқасында президентке айналған Құрманбек Бакиев 24 наурызды демалыс әрі Халық революциясы күні деп жариялады. Бірақ алғашқы революциядан бес жыл өткеннен кейін халық толқулары кезінде билікке келген Бакиевтің режимі де құлады. Оппозиция оны «жемқорлыққа батты, билікті иемденіп алды» деп айыптады. Ол отбасы мүшелерімен бірге шетелге қашып, Беларусьті паналады. Беларусь президенті Александр Лукашенко Бакиевтерге азаматтық «сыйлады». Минск Бішкектің шерушілерге қарсы оқ атуға бұйрық берді деп айыпталатын Бакиевті беру туралы өтінішін орындаудан бірнеше мәрте бас тартты.

Былтыр күзде АҚШ мемлекеттік департаменті америкалық дипломаттардың «2010 жылғы революциядан кейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан билігіне қысым жасаған» деп көрсетілген үкіметтік хатын жариялады. Сол кездегі АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы қызметін атқарған Хилари Клинтонға 2010 жылдың 17 маусымында жолданған «Қырғызстандағы дағдарыс, баяндама және ұсыныстар» деп аталатын әлгі хатта заңгер әрі журналист, Орталық Азиядағы Америка университетінің қамқоршылар кеңесі мүшесі Скотт Хортонның тезистері келтірілген. Скотт Хортонның мәлімдеуінше, парламент рөлін күшейтіп, президент билігін әлсірететін жаңа конституцияны ұсынған Қырғызстанның уақытша үкіметі көрші Қазақстаның қарсылығына ұшыраған. Әлгі хатта Қазақстан перезиденті Нұрсұлтан Назарбаев қатаң президенттік билікті ұстануды талап етіп, Бішкекке қысым жасаған деп жазылған.

Оқи отырыңыз: Клинтонға Бішкектен жеткен құпия хат

2012 жылдың жазында Қырғызстанның жаңа билігі 24 наурызды мерекелер тізімінен алып тастады. Бірақ қырғызстандықтар жадында 24 наурыз халық пен биліктің қақтығысы символы ретінде қалды.

Қырғызстандағы 2005 және 2010 жылғы қос революциядан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда көп насихатталатын әрі мемлекеттік және билікшіл БАҚ-тар Назарбаевтың жетістігі ретінде көрсететін тұрақтылықтың маңызын атап көрсетіп, төңкерістердің жағымсыз салдары жайлы айтқан. 2010 жылдың сәуірінде Қырғызстандағы жағдай жайлы айтқан Қазақстан президенті Виктор Гюго айтты деп, «Революция кедейлікті туғызады, ал кедейлік жаңа революцияға ұрындырады» (Дұрысы «Кедейліктен революция туады, революция кедейлікке ұласады» болуы керек – ред.) деген сөзді мысал еткен.

XS
SM
MD
LG