Accessibility links

Екі жыл бұрын Қырғызстанның екінші президенті шетелге қашып шықты


Биліккен тайдырылған Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев, Джалал-Абад, 12 сәуір 2010 жыл

Биліккен тайдырылған Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев, Джалал-Абад, 12 сәуір 2010 жыл

Cәуірдің 7-сі Қырғызстандағы екінші революцияға екі жыл толады. Алғашқы революцияның арқасында билікке келген Құрманбек Бакиевтің режимі келесі революцияның пісіп-жетілуіне себеп болды. Қазіргі Қырғызстанда Ақаев пен Бакиевтің кезінде жасалған қылмыстық іс-әрекеттерді әшкерелеу жүріп жатыр.


Бес жыл бұрын, яғни 2005 жылдың наурыз айында Қырғызстанды 1991 жылдан бері үздіксіз басқарып келе жатқан Асқар Ақаев та билігін тастап Мәскеуге қашқан болатын.

Бірақ бұл екі президент те өздері іс басында тұрғанда Қырғызстанда революцияға жол бермейтіндіктерін сөзбен де, іспен де дәлелдеуге тырысқан еді.

«ҚЫРҒЫЗСТАНДА РЕВОЛЮЦИЯ БОЛМАЙДЫ»

Бұрынғы советтік мемлекеттер – Грузияда басталып, Украинаға жеткен бейбіт саяси революция Қырғызстанда да болып қалуы мүмкін деген пікірлер Асқар Ақаев билік басында тұрғанда-ақ сөз болып, қырғыз саяси күштері мен саясаттанушылары арасында пікірталас тудырған болатын.

Бұл мәселе бойынша президент Асқар Ақаев та пікір білдірді. 2004 жылы желтоқсан айының соңында, яғни биліктен кетерден небәрі үш ай бұрын ұлттық телеарнадан сөйлеген сөзінде ол Грузия мен Украинадағы оқиғаларға «шетелдердің қаржыландыруымен жүзеге асырылған революция» деген баға беріп, Қырғызстанның мұндай жолмен жүрмейтінін мәлімдеді.
Бұрынғы Қырғызстан президенті Асқар Ақаев. Мәскеу, 23 наурыз 2010 жыл

Бұрынғы Қырғызстан президенті Асқар Ақаев. Мәскеу, 23 наурыз 2010 жыл


Асқар Ақаевтың бұдан кейінгі қадамдары биліктен кетпейтіндігіне сенімді президенттің іс-әрекетіне ұқсады. Парламент сайлауы қарсаңында күшейген жаппай шерулерге қарамастан оппозициядағы саясаткерлерді сайлаудан шеттетіп, өз айтқанымен жүретін парламент құрмаққа ұмтылды. Әйелі, қызы мен баласын да депутаттыққа сайлауды көздеді.

Алайда сайлау нәтижесіне наразы халықтың оңтүстікте басталған толқуы Бішкекке жеткенде, наурыздың 24-і күні Асқар Ақаевтың Мәскеуге шұғыл кетуіне тура келді.

Осы оқиғаның алдында халықаралық ұйымдар қырғыз оппозициясына ауызбірлігі жоқ, елдегі саяси режимге тәуелді әлсіз оппозиция деген баға берген еді.

«КЕЛЕШЕККЕ СОҚҚЫ...»

Төңкерістен кейін Ақаевтың орнына келген Құрманбек Бакиев те Қырғызстанда бұдан кейін төңкеріске жол бермейтінін іспен дәлелдеді.

Қырғыз сарапшылары «Асқар Ақаевтың өзі мен отбасы мүшелерінің дүние-мүлкін тексеретін парламенттік комиссия құру керек» деп, қарапайым халыққа ұнамды уәде берген Құрманбек Бакиев көп ұзамай-ақ Қырғызстанда саяси реформа жасау ниетінен айнып қалды» деп сынап жатты.

Төңкерістен соң бір жылдан аса-ақ Қырғызстанның белгілі саясаткерлерінің Бакиевтің жоғары лауазымға ие болған туыстарынан қысым көре бастағаны белгілі болды. «Бұл жағынан Бакиев Ақаевтан да асып түсті» деп жазды кейбір сарапшылар.

Осыған орай президент Құрманбек Бакиев парламенттегі сөзінде: «Өз отбасымның мүддесін ел мүддесінен жоғары қойған емеспін және қоймаймын да» деді.
Құрманбек Бакиев биліктен қуыларынан екі апта бұрын Құрылтайда сөйлеп тұр. Бішкек, 24 наурыз 2010 жыл

Құрманбек Бакиев биліктен қуыларынан екі апта бұрын Құрылтайда сөйлеп тұр. Бішкек, 24 наурыз 2010 жыл


Екі жыл өтпей Бакиевке қарсы халық наразылығы шерулерге ұласты. Бірақ ол биліктен кету ойында жоқ екенін, ал «оппозициялық қозғалыстың мұндай үндеулері Қырғызстанның келешегіне соққы болатынын» айтқан еді. Осыдан кейін «елде революция жасамақ болды» деген күдікпен бірнеше оппозиция жетекшілерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

«Келешекке жасалатын соққының алдын алғысы» келген Бакиев реформалары арқылы президенттік билікті нығайтуға тырысты. Конституцияны өзіне ыңғайлап өзгертті, саяси реформа жүргізіп, сыбайлас жемқорлықты тоқтатуды талап еткен оппозициялық күштерді жаппай қудалады. Қырғызстанда белгілі саясаткерлер өлтірілетін немесе ұшты-күйлі жоғалып кеткен оқиғалар көбейді.

Ал биліктен кетерден бірер апта бұрын ғана Құрманбек Бакиев өз еліндегі «батыстық үлгідегі демократияны қайта қарайтын уақыт келді, адам құқықтары мен сайлаулар негізіндегі демократия Қырғызстан үшін бұдан былай қажет болмауы мүмкін» деп мәлімдеді.

Көп өтпей-ақ, яғни 2010 жылы сәуірдің 6-сы күні тағы бір оппозиция жетекшісінің қамауға алынуына қарсы Талас қаласында басталған толқу Бішкекке жетіп, үкімет әскерінің қолынан 80-нен астам адам өлген соң Бакиев Қырғызстанды тастап шықты.

«РЕВОЛЮЦИЯДАН КЕЙІН»

Қырғызстандағы саяси өзгерістерге түрліше баға беріліп, «Қырғызстанда революцияшыл тенденция қалыптасты», «бұл ел саяси тұрақтылығынан айрылуы мүмкін» деген болжамдар айтылды.

Соңғы мәрте билік ауысқаннан кейін іле-шала болған Ош қаласындағы этникалық жанжал да жоғарыдағы пікірлердің жаны бар екенін көрсеткендей еді. Алайда Бакиевтен кейінгі уақытша үкімет тұсында бүкілхалықтық референдум арқылы жаңа конституция қабылдаған Қырғызстан парламенттік басқару жолына түсті. Былтыр жыл соңында өткен президент сайлауын халықаралық ұйымдар жоғары бағалады.

Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевтердің отбасы мен олардың туған-туыстары иеленген мүліктер мемлекет меншігіне қайтарылып, олардың басқа да заңсыз әрекеттері анықталды.

АҚСЫДА «АТ!» ДЕГЕН КІМ?

Төңкерістен кейінгі қырғыз билігі Қырғызстанның Жалал-Абад облысы Ақсы ауылында болған қақтығыс айыпкерлерін анықтауға кірісті. 2002 жылы наурыз айында депутат Әзімбек Бекназаровты заңсыз тұтқындауға қарсылық танытып, шеруге шыққан халыққа қарсы қырғыз милициясы оқ атқан еді. Соның салдарынан 5 адам өліп, көптеген адам жараланған болатын.

Бұл қылмыстық іс бойынша Қырғызстан президенті әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі, бас прокурор, ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басқарма бастығы сияқты осы оқиға кезінде жоғары лауазымды қызмет атқарған адамдар жауапқа тартылып жатыр.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (ортада), және Әзімбек Бекназаров (со жақта) Ақсы оқиғасының құрбандарын еске алып отыр. 17 наурыз 2012 жыл

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (ортада), және Әзімбек Бекназаров (со жақта) Ақсы оқиғасының құрбандарын еске алып отыр. 17 наурыз 2012 жыл


Осы қақтығыстан кейінгі халықтың наразылығына орай, қылмыстық іс бірнеше рет қозғалып, қайта жабылды. Бірер милиционер шартты жаза алып, кейін ақталып кеткен еді.

Қырғыз құқық қорғаушылары бұл оқиғадан соң «Қару қолдану туралы бұйрықты кім берді?» деген сұраққа жауап іздей бастады. Бұл жайтқа президент Асқар Ақаев та, сол кездегі премьер-министр Құрманбек Бакиев те айыпты деп санайтындар бар.

«ОНДАЙ-ОНДАЙ БОЛА БЕРЕДІ»

Көршілес Қырғызстандағы революциялардан кейін кейбір саясаттанушылар «ендігі кезек Қазақстанға да жетуі мүмкін» десе, кебірі «Қазақстанда төңкеріс болатындай себеп жоқ» деген пікірлерді алға тартқан еді. Ал Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев болса, көрші мемлекеттегі билік ауысуын революция деуден гөрі «бұзақылық пен тонаушылық әрекеттер деп бағалаған дұрыс» деген болатын.

Азаттық радиосының тілшісіне комментарий берген Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы Еуразия университетінің ректоры Ерлан Сыдықов та «Қазақстанда төңкеріс болатындай жағдай жоқ» деп мәлімдеді.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті басылған билборд. Алматы, 11 қаңтар 2012 жыл

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті басылған билборд. Алматы, 11 қаңтар 2012 жыл


- Төңкеріс жағдайы жоғарыдағылар бұрынғыша басқара алмай, төмендегілер бұрынғыша оған көне алмайтын жағдайда туады. Құдайға шүкір, Қазақстанда ондай жағдай жоқ. Дағдарыстан қатты құлдырамай-ақ шықтық, жалпы ішкі өнім көбейіп, экономика өсу үстінде, оған қоса жақсы-жақсы бағдарламалар қабылданып жатыр, 100-ден астам зауыт, көптеген жұмыс орындары ашылмақшы.

Азаттық тілшісі «Билік ауысқаннан кейін бұрынғы істердің қайта қарала бастайтыны неліктен?» деп сұрағанда Ерлан Сыдықов:

- Бұл - әлемдік үлкен саясатта бар жайт. Америкада да бар. Мысалы Түркияның бұрынғы президентін соттағалы жатыр. Израиль де бұрынғы президентін соттап жатыр "бір қыз балаға тиіскен" деп. Билікте жүргеннен кейін ондай-ондай бола береді, - деді.

Аталған сауалдарды Азаттық тілшісі оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлинге де қойған еді.
Толқудан кейінгі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті басылған билбордтың көрінісі. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл

Толқудан кейінгі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті басылған билбордтың көрінісі. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл


- Қазақстанда төңкеріске барлық жағдай туып тұр. Басқасын айтпағанда Жаңаөзен жағдайының өзі неге тұрады? Билік өзіне ешқандай саяси талап қоймаған, билікке қарсы әрекет жасамаған адамдарды қырып салды. Сөйтіп төңкеріс жағдайын өзі туғызды, - дейді Қуанышәлин.

Оның айтуынша, тоталитарлық билік құлған соң түрлі қылмыстық іс-әрекеттерінің ашылуы – заңдылық. Саясаткер Қазақстанда да болашақта қайтадан сотта қаралуы тиіс мәселелер көбейіп келе жатыр деп санайды.

- 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасы, Шаңырақ көтерілісі, міндетті түрде әділ заң негізінде тексерілуі тиіс, бұлардың барлығы да әділ қаралған емес. Жаңаөзен оқиғасына байланысты қазіргі сот процесі, тіпті масқара, - дейді Жасарал Қуанышәлин.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG