Accessibility links

Президент Атамбаев генералдардың «ықпалы» туралы айтты


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. 30 наурыз 2016 жыл.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. 30 наурыз 2016 жыл.

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев басшылары қамалған оппозициялық «Халықтық парламент» қозғалысын әлдебір күштер қолдайтынын айтты.

Аналар күні мерекесімен құттықтаған Алмазбек Атамбаев Ош пен Жалал-Абад аймақтарындағы 1916 жылғы сүргін мен 2010 жылғы ұлтаралық қақтығысты шетелдің арнайы қызметтері ұйымдастырған деп мәлімдеді. Сарапшылар президенттің мәлімдемесінен Ресей арнайы қызметінің ықпалын байқайды.

ҚАЙ ЕЛДІҢ АРНАЙЫ ҚЫЗМЕТІ?

15 мамыр күні қырғызстандықтарды аналар күні мерекесімен құттықтаған мемлекет басшысы Алмазбек Атамбаев «оппозицияның шетелде сүйенушілері бар» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бұрынғы президенттер Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевтің жақын адамдары төңкеріс дайындаған, бірақ енді елдегі жағдайды ушықтыруға тырысқан әрекеттері тойтарылып, заңға сәйкес қатаң жазаланатын болады.

Президент Атамбаев «Халықтық парламент» өкілдерінің әрекетін опасыздық деп атап, оларды шетелдің арнайы қызметі генералдарымен байланысы бар деп айыптады. Бірақ нақты қай елдің генералдары екенін ашық айтпады.

Президент Алмазбек Атамбаев мұндай «генералдардың» бұған дейін елде болған қанды оқиғаларға қосқан үлесін мысалға келтірді.

– Шетел генералдары ешқашан жақсылық жасамайды. Мұны 1916 жылғы патша генералдарының жұмысынан білеміз. Ол кезде Қырғызстанның солтүстігінде тұратын халықтың жартысына жуығын қырған. Сол сияқты шетел арнайы қызметтерінің 2010 жылдың маусымындағы Ош пен Жалал-Абадта 400-ден аса азаматымыз мерт болған оқиғада атқарған рөлі жайлы да білеміз, – дейді ол.

«​ПРЕЗИДЕНТ БІЛГЕНІН АЙТСЫН»​

Саясаттанушылар қырғыз президенті Ресей арнайы қызметін меңзеген болар деп топшылайды, өйткені Алмазбек Атамбаев президенттік қызметіне енді кіріскен 2011 жылы Ресей президентіне кей генералдардың қарым-қатынасы жайлы айтқан болатын. Сондықтан оның бұл мәлімдемесін Кремльмен қарым-қатынастың нәтижесі деп бағалайтындар да бар.

«Бүтүн Кыргызстан» партиясының төрағасы Адахан Мадумаров ел президенті өз сөздерін фактілермен негіздеуі тиіс деп санайды.

«Бүтүн Кыргызстан» партиясының төрағасы Адахан Мадумаров.

«Бүтүн Кыргызстан» партиясының төрағасы Адахан Мадумаров.

– Аузына келгенді кім көрінген айта салуы мүмкін. Бірақ президент мемлекет басшысы ретінде өз сөзін негіздеуі тиіс. Бұл мәлімдемесі екі елдің арасындағы мәмілеге кесірін тигізуі мүмкін. Ал аналар күні мерекесінде 1916 жылғы оқиғаны еске түсіріп қажеті не? Жарайды, бұл өзге мәселе болсын. Президент кім, қалай әрекет еткенін білсе, алты жыл бойы неге үнсіз отырған? Кімнің кінәлі екенін ашық айтсын. Әлгі оқиғаларға қатысы бар генералдардың есімдерін атау керек еді, – дейді ол.

БИЛІКТІ ШОШЫТҚАН ГЕНЕРАЛДАР

Ертеректе «Халықтық парламент» қозғалысы үйлестірушісі Бекболат Талғарбеков Мәскеудегі бірқатар ресейлік генералдар қолдайды деп мәлімдеген. Олардың ішінде федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) төрағасының бұрынғы орынбасары Вячеслав Ушаков пен қызмет басшысының экс-кеңесшісі Бахтияр Әлиевтің есімдері аталған.

Бахтияр Әлиев – Қырғызстан полициясының негізін қалаған адам саналатын генерал Эргеш Әлиевтің немересі. Ол Ресейде оқып, арнайы қызмет органдарында басшылық қызметтер атқарған, кейін қызметінен босаған.

Вячеслав Ушаков совет заманында және Қырғызстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жергілікті арнайы қызметте жұмыс істеген, бірақ 1994 жылы Ресейге кетіп қалған. Бірер жылдан кейін ФСБ-ға қызметке тұрып, директордың орынбасары дәрежесіне дейін өскен. Оны бұл қызметінен 2011 жылдың ақпанында босатқан.

Қырғыз мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Иманқұлов Азаттыққа берген сұхбатында «билікке наразы оппозициялық топтар шынымен шетелдік күштердің қолдауына сүйенуге тырысатынын» айтады. Бірақ оның айтуынша, аталған екі генералдың Қырғызстанға ықпалы жоқ.

Қырғызстан МҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Иманқұлов.

Қырғызстан МҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Иманқұлов.

– Кейінгі кезде «Халықтық парламент» сияқты топтардың көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Бұл жайт мемлекетте жағдай мәз емес екенін көрсетеді. Ушаков кезінде Бакиевтерді қолдаған, бірақ қазір Ресейде оның ешқандай ықпалы жоқ екенін білемін. Чекист этикасына қайшы қылықтары үшін оны арнайы қызмет органдарынан шығарып жіберген. Мұндай адамдар өз елі атынан Қырғызстанға қалай ықпал ете алады? Мен бұған сенбеймін, мұны президент Атамбаев та түсінеді, – дейді ол.

Алмазбек Атамбаев «сөзсіз қызметінен кетеді», ал кейін «парламент жаңа үкімет құрамымен келісімге келеді» деген «Халықтық парламент» жетекшілері қазір тергеу абақтысында отыр. Оларды екі ай бұрын қамаған. Қозғалыс жақтастарының наразылық акциясын өткізбегеніне қарағанда, оларды саны ондаған мыңнан асады дегенге сену қиын. Бірақ Қырғызстан президенті мен арнайы қызметтің қатаң шараларға кіріскеніне қарағанда, «Халық парламенті» билікті қатты шошытқан сияқты.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG