Accessibility links

Бішкекте «Азаттықтың» қырғыз редакциясы хабарларына қысым жасалуына қарсы акция өтті


Оппозициялық партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері "Азаттықты" қолдау акциясында, Бішкек, 15 наурыз 2010 жыл.

Оппозициялық партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері "Азаттықты" қолдау акциясында, Бішкек, 15 наурыз 2010 жыл.

Наурыздың 15-і күні қоғамдық ұйымдар өкілдері Бішкектегі ЕҚЫҰ-ның ғимараты алдына жиналып, «Азаттық» радиосының қырғыз тіліндегі хабарларының таратылуын шектеуге қатысты наразылық шарасын өткізді. Олар еркін ақпараттың шектелуінің саяси астары бар деген ойда.

Наурыздың 10-ынан бастап, «Азаттықтың» «Манас жаңғырығы» арнасы бойынша көрсетілетін бағдарламалары тоқтатылып, наурыздың 11-інен «Азаттықтың» хабарларын жергілікті толқында таратушы бірқатар компаниялар радиомен келісім-шарттарын үзген болатын.

ЕНДІГІ ҮМІТ ВЕНАДА

«Азаттық» радиосы қырғыз редакциясының хабарлауынша, наразылық шарасы Бішкек уақытымен түстен кейін сағат 4-те басталған. «Азаттыққа - еркіндік!», «Сөз бостандығынан қолыңды тарт!» деген жазулары бар плакаттар ұстаған түрлі қоғамдық ұйым өкілдері, саясаткерлер, қарапайым азаматтар Бішкектегі ЕҚЫҰ-ның ғимаратының алдында «Азаттыққа» жасалып отырған қысымның тоқтатылуын талап еткен.
Оппозициялыө партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері "Азаттықты" қолдау акциясында, Бішкек, 15 наурыз, 2010 жыл.


Өз кезегінде ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі өкілдігі директорының орынбасары Лилан Дарий наразылық шарасына қатысушылардың алдына шығып, «Азаттыққа» жасалып жатқан тосқауылдар жөнінде мәселе қазіргі таңда Венадағы бас кеңседе қаралуда екенін айтып, мәселенің шешілетініне үміт білдірген. Бір сағатқа созылған шараға шамамен жүздеген адам қатысыпты.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін «Азаттықтың» қырғыз тіліндегі хабарлары әуелі 2008 жылы қазанда Ұлттық телерадиокорпорацияның эфирінен алынып тасталып, одан соң басқа да аймақтық радио және телестанциялар «Азаттықтың» бағдарламаларын таратудан бас тартқан болатын. Қазіргі таңда жергілікті арнада көрсетілетін «Ыңғайсыз сұрақтар» атты «Азаттықтың» бағдарламасын айтпағанда, радионың қырғыз тіліндегі хабарларын Бішкек, Шу, Талас, Ыстықкөл, Нарын, т.б. облыстардың тұрғындары тыңдай алмай отыр.

ҚЫСЫМНЫҢ БІРНЕШЕ СЕБЕБІ БОЛУЫ МҮМКІН

Наурыздың 13-і күні елдегі бірқатар журналистік қорғау ұйымдары аталмыш жағдайға алаңдаушылық танытып, оқиғаны саяси себептермен байланыстырған болатын. «Азаттық» радиосының Бішкектегі бюросының жетекшісі Қуат Отарбаевтың пікірінше, жағдайдың бірнеше себептері болуы мүмкін.
Азаттыққа -азаттық дейді акцияға қатысушылар, Бішкек, 15 наурыз, 2010 жыл.


«Жаңа жылдан бастап, электр энергиясының, ұялы байланыс қызметінің бағалары көтерілді. Осыған қатысты ел арасында наразылық күшейіп жатыр. Сондай ақ, жақында 17-ші наурызда оппозиция бүкілхалықтық ірі көлемде құрылтай өткізгелі жатыр. Бұдан басқа, біз президенттің айналысындағы қырғыз үкіметіне қаржылық жағынан көмек көрсеткен, «MGN Group» деген консалтингтік компанияның жетекшісі Евгений Гуревич жөнінде жазғанбыз. Ал ол болса, билікке өте жақын адам. Осы тектес ақпараттар шыққаннан кейін бізге қысым күшейді», - дейді Қуат Отарбаев.

Осы жайттарға қатысты бюро өкілдері өткен аптада биліктен түсініктеме сұраған екен, әзірге еш жауап келмепті.

Қуат Отарбаев бұдан бөлек радионың сайтына кіруде әр жерлерден тосқауыл көп болып жатқанын тілге тиек етті. Сұхбаттасымыздың бұлайша тұжырым жасауына әр аймақтардан келіп түскен тұрғындардың шағым-өтініштері себеп болып отырған көрінеді.

ТӘУЕЛСІЗ АҚПАРАТҚА ТОСҚАУЫЛ


«Журналистер» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Марат Тоқаев мұны елдегі сөз бостандығының аясын тарылтушылық деп бағалайды.

«Азаттық» радиосы Қырғызстандағы объективті мағлұматтар тарататын бірден-бір ақпарат құралы болып есептеледі. Бұған дейін де билік (2005 жылы - М.Т.) «техникалық себептер» арқылы оның жолын кеспек болған. Енді жағдай қайталанып отыр. Бұл елдегі наразылықтар туралы ақпараттар халыққа жетпесін деп жасаған биліктегілердің амалы деп ойлаймыз», - деді Марат Тоқаев.

Аталмыш жағдайға қатысты наурыздың 15-күні өз пікірін білдірген «Азат Еуропа / Азаттық» радиосының президенті Джеффри Гедмин мұны «тәуелсіз де жан-жақты ақпарат алуға тосқауыл жасауға талпыныс» деп бағалады.

Бірқатар журналистік ұйымдар таратқан мәлімдемеден белгілі болғандай, бұған дейін Қырғызстандағы өзге де танымал сайттар ашылмай, олардың ақпарат таратуына кедергі жасалған. Олардың қатарында «ferghana.ru», «centrasia.ru», «paruskg.info» сияқты сайттар бар.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG