Accessibility links

Жоғарғы сот Әзімжан Асқаровтың ісін қайта қарайтын болды


Әзімжан Асқаров.
Әзімжан Асқаров.

Қырғызстанның жоғарғы соты БҰҰ-ның адам құқығы комитеті шешімі негізінде Әзімжан Асқаровтың ісін қайта қарауға әзір.

Құқық қорғаушылар бұл жолы жоғарғы сот Әзімжан Асқаровты ақтап, бостандыққа шығарады деп үміттенеді. Ал заңгерлер «БҰҰ комитеті Асқаровты ақтауды емес, оның қамаудағы жағдайын жақсартуды міндеттейтін ұсыныстық сипаттағы шешім шығарған» дейді.

Жоғарғы сот Қырғызстан азаматтары өз құқығын қорғау үшін халықаралық ұйымдарға жүгіне алады деп мойындады. Бірақ Асқаровқа қатысты шешімді қайта қарау үшін оның өз арызы керек деген талап қойған.

БҰҰ ШЕШІМІ

Қамаудағы Әзімжан Асқаровтың адвокаты Нурбек Токтакунов БҰҰ комитеті қабылдаған шешімін Қырғызстанға Асқаровтың атынан жолдағандықтан, жоғарғы сотқа оның арызын күтудің қажеті жоқ, сондықтан Қырғызстан бұл шешімді орындауға міндетті деп біледі.

Әзімжан Асқаровтың түрмеден жазған хатының бірі. 10 қаңтар 2012 жыл.
Әзімжан Асқаровтың түрмеден жазған хатының бірі. 10 қаңтар 2012 жыл.

– Біздің ел азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қол қойған. Әлгі пакт нормаларын орындау міндетті саналады, сондықтан жоғарғы сот БҰҰ ұйымы шешімі негізінде Асқаровтың ісін өздігінен қайта қарай алады. Егер олар «арызды өзі жазсын» деп талап етсе, ондай арызды да жолдаймыз. БҰҰ шешімінде Асқаровтың құқықтарын қалпына келтіру және оны босату қажет деп анық жазылған. Жоғарғы сот бұл шешімді орындауға міндетті, – дейді ол.

Токтакуновтың айтуынша, Қырғызстанның көптеген үкіметтік емес және құқық қорғау ұйымдары БҰҰ-ның шешімін қолдайды.

ТЕКЕБАЕВ: «БҰҰ ШЕШІМІ ОРЫНДАЛУҒА МІНДЕТТІ ЕМЕС»

Бірақ парламенттегі «Ата Мекен» фракциясының жетекшісі әрі қазіргі конституция авторларының бірі Омурбек Текебаевтың пікірі өзгеше. Оның айтуынша, Қырғызстан БҰҰ-ның адам құқығы комитетінің пікірін ескеруі тиіс, бірақ бұл комитет елден өз шешімдерін орындауды тікелей талап ете алмайды. Ұйым шешімін ұсыныс ретінде қабылдау керек.

Жоғарғы сот оны түрмеде ұстау жағдайын қарайды. Мүмкін, процессуалдық нормалар бұзылған шығар.

Қырғызстан жоғарғы сотының Әзімжан Асқаровтың ісін қайта қарау туралы қабылдаған шешіміне қатысты Текебаев «бұл сотталған адамды босату деген сөз емес» дейді.

– Жоғарғы сот оны түрмеде ұстау жағдайын қарайды. Мүмкін, процессуалдық нормалар бұзылған шығар, – дейді Текебаев.

Қырғыстандық құқық қорғаушылар Асқаровты өмір бойы бостандығынан айыру жазасының саяси астары бар деп санайды, бірақ билік олардың шағым, өтініштерін елемей қойған. Олардың Асқаровтың ісі бойынша өзге халықаралық ұйымдарға жолданған талай үндеуі жауапсыз қалған.

«​БАТЫСПЕН ТАБЫСУ АМАЛЫ»​

Бұрынғы депутат Равшан Жээнбеков билік Асқаровтың ісін қайта қарауға Батыс елдерімен арасы нашарлап кететінін түсінгендіктен келісіп отыр деп санайды. Оның айтуынша, жоғарғы сот Азимжан Асқаровтың жазасын жеңілдетсе, Қырғызстан Батыс елдерімен қайта табыса алады.

– Тергеушімен бейресми әңгімелескенімде, ол маған «соттың Әзімжан Асқаровқа қатысты шығарған шешімінің саяси астары бар, оның кінәсі дәлелденген жоқ» деген. Бұл пікірді сол кезде бас прокурор болған Кубатбек Байболов та қостайды. Бұл іс бойынша президентке дұрыс ақпарат жетпеген. Сондықтан президент халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасын жөндегісі келсе, өркениетті елдермен дұрыс араласқысы келсе, сот шешімін өзгертуі тиіс. Біздің заңдарымыз бұған мүмкіндік береді, – дейді ол.

Жақтастар тобына «Бир дуйно – Қырғызстан» құқық қорғау ұйымы қосылды. Олар көп ұзамай Бішкек қаласындағы СИЗО-47 абақтысында отырған Азимжан Асқаровтың атынан арыз жолдамақ әрі оған моральдық зиянды өтеуді талап етпек.

«МЕН ДЕ БҰҰ-ҒА ЖҮГІНЕМІН»

Әзімжан Асқаров ұлтаралық араздықты қоздырды, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды және 2010 жылдың шілдесіндегі қайғылы оқиғалар кезінде құқық қорғау органы қызметкерін өлтіруге қатысты деген айыптар бойынша өмірлік түрме жазасына кесілген.

Қаза тапқан милиционер Мықтыбек Сулаймановтың жұбайы Чынар Бечелова бұл істі қайта қарауға қарсы.

Олай болса Асқаровтың шешімін өзгертеді де, қалған жұртқа қатысты шешімдерді неге өзгертпейді деген сұрақ тумай ма?

– Меніңше, өзге мемлекеттер Қырғызстанның ішкі ісіне араласа алмайды. Жоғарғы сот істі неге қайта қарауы тиіс? Кезінде оны аудандық, облыстық және жоғарғы сот қарады емес пе? Жоғарғы соттың түпкілікті әрі қайта қарауға жатпайды деп саналады. Істі қайта қарайтын болса, жоғарғы соттың шешімін өзгертуге болады деген сөз. Олай болса Асқаровтың шешімін өзгертеді де, қалған жұртқа қатысты шешімдерді неге өзгертпейді деген сұрақ тумай ма? Ақыры БҰҰ Асқаровтың шағымын ескерген екен, демек менің арызымды да қарайды деп ойлаймын. Бірақ арызымды кімге, қалай жолдау керегін білмеймін. Олар неге қылмыскерді тыңдап, жәбірленуші мені тыңдамауы тиіс? – дейді ол.

Чынара Бечелова президентке, премьер-министр мен депутаттарға шағымданатынын айтады.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG