Accessibility links

Мигрант Бабур Сирияда қалай жанкештіге айналды?


Бабур Исраиловтың (Жафар әл Таййар) видеодан алынған скриншоты.

Бабур Исраиловтың (Жафар әл Таййар) видеодан алынған скриншоты.

Өткен айда «Талибан» содырлар ұйымы интернетке терроршының өзін-өзі жару алдындағы соңғы сәтінің видеосын жариялаған еді. Ол 21 жастағы Қырғызстан азаматы Бабур Исраилов болып шықты.

Исраилов туралы видеоны Ауғанстандағы «Талибан» содырлар қозғалысына қарайтын өзбектер басқаратын «Имам Бұхари жамағаты» тобы жариялағаны хабарланған еді. «Жафар әл Таййар» деген лақап есім иеленген этникалық өзбек жігітінің денесіне жарылғыш заттарды таңып тастаған содырлар оны беренді әскери техникаға көтеріп отырғызады. Сол кезде жігіт жылап жібереді.

Бірнеше минуттан соң ол өзі отырған көлігін Сирияның Идлиб провинциясының негізінен шииттер тұратын Фуа қаласына жақын жерде жарады. «Әл-Қаида» филиалы «Әл-Нусра майданы» Сирия үкіметіне үлкен шабуыл ұйымдастырған еді, Исраиловты да осы мақсатқа пайдаланған.

РЕСЕЙГЕ КЕТКЕН ЖАСӨСПІРІМ

Исраилов туралы видеоны көрген туысы Хамидулла Ботиров оны таныған. Ол Қырғызстанның Жалалабад облысының Созақ ауданында тұрады. Туған жиенін таныған Ботиров арнайы қызмет орындарына хабарласқан.

Бабур Исраилов Қырғызстанның солтүстігінде 1994 жылы өмірге келген. Нағашы ағасы Ботиров Азаттықтың қырғыз қызметіне Исраиловтың сәби кезінде ата-анасы ажырасып кеткенін айтты.

Бабур Исраилов әкесі Тахир Рахитовпен ешқашан араласпаған, ажырасқан соң әкесі басқа жаққа көшіп кетіп, қайта үйленген. 1995 жылы Исраиловтың бір жарым жасында анасы кенеттен дүние салған. Исраилов нағашы ағасының қолында тәрбиеленеді. 2013 жылдың қарашасында 19 жасар жігіт Қырғызстаннан Ресейге аттанады.

Сол жақта жүргенде ол әсіредіншілдер ықпалына түсіп, талибаншыл экстремистік топ үгітімен Сирияға кетсе керек. «Ресейге кетуіне қарсы болдым. Жаман топқа ілесіп кете ме деп қорықтым. Бірақ ол мені тыңдамады» дейді Ботиров. Мәскеуде болған бірнеше айында Исраилов ағасына телефон шалып, тіпті ақша жіберіп тұрған.

Бабур Исраиловтың (Жафар әл Таййар) бомбаға толы БТР-де жылап отырған соңғы сәті.

Бабур Исраиловтың (Жафар әл Таййар) бомбаға толы БТР-де жылап отырған соңғы сәті.

Бірақ кейін Бабур Исраилов есімін «Абдулла» деп өзгертеді. 2014 жылдың көктемінде ол хабарсыз кеткен. «Наурыз айынан кейін хабарсыз кетті. Мүмкін жағдайы болмай жүрген шығар немесе біреудің қармағына түсіп қалды ма деп ойладым» дейді Ботиров.

Ботиров жиенінің тағдыры осылай қайғылы аяқталғанына қапаланады. «Мүмкін оған тым қатал қараған шығармын» деп өзін айыптайды. «Мұндай жағдайға тап болады деп ешқашан ойлаған емеспін. Қатты өкінемін» деді ол Азаттыққа.

Видеодан Исраиловты әкесі де таныған. Рахитов баласын тәрбиелеуге араласпаса да, оны ешқашан естен шығармағанын айтады. «Оны өзім өсіргенде мұндай жағдайға ұрынбас еді. Басқа ата-аналарға балаларыңызға сақ болыңыздар, теріс жолға түсіп кетпеуін қадағалаңыздар дегім келеді» дейді ол.

БАСҚА ТОПТАР ДА ҮГІТТЕУДЕ

Исраиловтың Ресейде жүргенде «Талибан» содырларының одақтасы «Имам Бұхари жамағатына» қосылып, Сирияға кеткені көңіл аударуға тұрарлық жайт. Бұған қарап, Ресейдегі Орталық Азия мигранттарын өзіне қосылуға үгіттейтін тек «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымы ғана емес екенін байқаймыз.

Бабур Исраилов суретінің видеодан алынған скриншоты.

Бабур Исраилов суретінің видеодан алынған скриншоты.

Исраиловтың оқиғасына қарап ИМ-нен басқа топтардың да ресейлік еңбек мигранттарын Сирияға әкетуге тырысатынын аңғаруға болады. Қырғызстан қауіпсіздік күштерінің мәліметіне қарағанда, Исраилов туып-өскен Жалалабад облысының 84 азаматы Сирияда жүр, оның төртеуі -кәмелет жасқа толмағандар. Облыстың 14 тұрғыны соғыста опат болған.

Өмірінің соңғы сәтінде көлікте жылап отырған өзбек жанкештісі туралы оқиғаға қарап «Имам Бұхари жамағаты» оны Сирияға барып, өзін жарып жіберуге қалай көндірді?» деген сауал туады. Өзбек тілді интернет қолданушылар оның неліктен жылағанын талқылап жатыр. Оны мәжбүрледі ме? Басын айналдырып тастады ма?

Оған жауап ретінде «Имам Бұхари жамағаты» тобы қыркүйектің 28-і күні түсірілген тағы бір видео жариялады. Онда Исраилов күліп отыр. Топ басшысы, «Талибанға» қатысы бар содыр Салахуддин әл-Узбеки де Исраиловты мақтайды. «Мұсылман қауымы ішінде осындай батыл адамдар бар кезде Аллах дінсіздердің басым болуына ешқашан жол бермейді» дейді ол.

Йоанна Паражчуктің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG