Accessibility links

Бакиев өзінің және туыстарының бас амандығына кепілдік берілсе ғана биліктен бас тартпақшы


Биліктен қуылған президент Құрманбек Бакиев баспасөз-мәслихатында. Тейіт ауылы, Жалал-Абад облысы, 13 сәуір, 2010 жыл.

Биліктен қуылған президент Құрманбек Бакиев баспасөз-мәслихатында. Тейіт ауылы, Жалал-Абад облысы, 13 сәуір, 2010 жыл.

Қырғыздың уақытша үкіметі Құрманбек Бакиевті қылмыстық қудалауға мүмкіндік бермейтін қорғаныш құқығынан айырды. Бакиев егер өзі мен туыстарына қауіпсіздік кепілдігі берілсе, отставкаға кетуге келісемін деген талап қойды.


БАКИЕВ ЖАҚТАСТАРЫН ЖАЛАЛ-АБАДҚА ЖИНАДЫ


Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев билікті босатып беруге әзір екендігін айтты. Оған айырбас ретінде президент өзінің және отбасының қауіпсіздігіне кепілдік сұрап отыр. Бұл туралы сейсенбі күні кешке қарай батыстық ақпарат құралдары хабарлады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сейсенбі күні Жалал-Абад қаласында Құрманбек Бакиевтің жақтаушыларының митингісі болып өтті. Шамамен үш сағатқа созылған митингке мыңдаған адам жиналды.

Жиынға Құрманбек Бакиев те келді, онымен бірге бауырлары Жаныш пен Ақмет еріп келді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, биліктен қуғындалған президентті автоматпен қаруланған 5-6 адам күзетіп жүрген. Бакиев Жалал-Абадтағы жиында бір сағаттан астам уақыт болғаннан кейін көлікке мініп белгісіз бағытта кетіп қалған.
Тақтан қуылған президент Бакиевтің жақтастары Жалал-Абадтағы жиында.13 сәуір, 2010 жыл.

Халықтың алдында сөйлеген сөзінде Бакиев уақытша үкімет қызметтен алған әкімдер мен губернаторларды өз жұмыстарына қайта кірісуге шақырды. Бакиевтің айтуынша, оларды ешкім жұмыстан шығарған жоқ.

«Елде тәртіп жоқ. Уақытша үкімет өзінің басшыларын күнде ауыстырып жатыр, сондықтан сіздерді митингтен кейін облыстық әкімшілік ғимаратын басып алмауға шақырамын», - деді Бакиев жиналғандарға.

Митингте Бакиевтің жақтаушылары да сөз алған. Олар Бакиевтің ел басқарғанда атқарған игі істерін тілге тиек етті. Азаттықтың Жалал-Абадтағы тілшісінің хабарлауынша, көпшілік арасынан бір кісі Бакиевке қарсы сөз сөйлемек болған, бірақ оны көпшілік шетке ығыстырып шығарып жіберген.

Жалал-Абадтағы митинг түсте бейбіт жағдайда тарқады.

УАҚЫТША ҮКІМЕТТІҢ БАКИЕВКЕ СОҢҒЫ ЕСКЕРТУІ

Мұның қарсаңында уақытша үкімет Бакиевті тұтқындау туралы шешім шығарған еді. Сейсенбі күні жаңа билік арнайы құжатпен Бакиевті президенттік иммунитеттен айырғандығын жариялады.

Уақытша үкімет жетекшісінің орынбасары Әзімбек Бекназаровтың айтуынша, Бакиев өз әрекеттерімен елді аймаққа бөліп, біртұтастыққа қауіп төндіріп отыр.
7 сәуірдегі халық толқуында құрбан болғандарға қойылған ескерткіш тақта. Бішкек, 13 сәуір, 2010 жыл.


«Біз оның іс-әрекетін бақылап көреміз, егер ол азаматтық соғысқа шақыратын болса, онда біз де тиісті шара қолданамыз», - деді Әзімбек Бекназаров.

Жаңа билік президент Бакиев бүгін берілуі тиіс, әйтпесе елдің оңтүстігіндегі оның үйіне шабуыл жасалады деп ескертті.

«Бұрынғы президентке қарсы қылмыстық іс қозғалды. Егер Бакиев бүгін шеруден кейін көрінбесе, арнайы қызметтер оны тұтқындау шараларын қолға алады. Себебі өткен түнде біз оны президенттік иммунитетінен айырдық. Енді құқық қорғау органдары оны тұтқындай алады», - деді Әзімбек Бекназаров.

САЯСИ ІСТЕР БОЙЫНША СОТ ҮКІМДЕРІ ҚАЙТА ҚАРАЛАДЫ

Уақытша үкімет Конституциялық соттың жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Әзімбек Бекназаров бүгін Конституциялық соттың судьяларымен кездесуінде хабарлады.

«Осы уақыттан бері Конституциялық сот Ақаев пен Бакиев отбасыларының мүддесін қорғап, Конституцияны өрескел бұзып келді», - деп мәлімдеді Бекназаров.

Оның айтуынша, Конституциялық соттың жұмысы жаңа Конституция қабылдағанға дейін тоқтатылатын болады.
7 сәуір толқуларының құрбандарына қойылған монумент жанында адам көп. Бішкек, 13 сәуір, 2010 жыл.


Қырғызстанның жаңа билігі Жоғарғы соттың төрайымы Жаныл Әлиеваны қызметінен босатып, Бакиев билігі кезіндегі саяси істер бойынша шығарылған барлық үкімдерді қайта қарауды ұсынды.

Төраға қызметін Әлиеваның бұрынғы бірінші орынбасары Қуанышбек Момбеков атқаратын болады.

Уақытша үкімет қабылдаған шешімдерге қарсы шығып жатқандар да бар.

Қырғыз парламентінің экс-спикері Адахан Мадумаров уақытша үкіметтің Бакиевтің президенттік қорғаныш құқынан айыру туралы шешімін заңсыз деп атады.

Конституциялық соттың төрайымы Светлана Сыдықова Конституциялық соттың жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдаған уақытша үкімет қателік жіберді деп мәлімдеді.

БІШКЕК ҚАЛЫПТЫ АРНАҒА ТҮСІП КЕЛЕДІ

Қырғызстанда АҚШ-тың және Ресейдің әскери базалары бар. Американдық ресмилердің айтуынша, Уақытша үкімет әскери базаны пайдалануға қатысты АҚШ пен Қырғызстанның арасында бұған дейін жасалған барлық келісімдерді сақтауға уәде берген.
Азаттық радиосының осы күндері Бішкекте жүрген тілшісінің хабарлауынша, ел астанасы қалыпты тіршілігіне қайта оралып келеді.

- Көшелерде мамыражай ойнап жүрген мектеп жасындағы балаларды көруге болады. Кеше кешке жақын әскер тола екі жүк машинасы түрік мейрамханасына қарай кетіп бара жатқанын көрдік. Түнде әлгі мейрамханаға қарақшылық шабуыл бола ма деген сақтықтан жіберілген екен, дегенмен түн тыныш болды, - деп хабарлаған Джеми Кирчик күштік құрылымдардың бір қызметкерімен сөйлескенін де айтады.

Қырғызстанда жаппай бейберекеттік өткен аптада орын алды. 7-8 сәуір күндері болған үкіметке қарсы баскөтерулерде 81 адам қаза тауып, көптеген кісі түрлі жарақат алған еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG