Accessibility links

Қырғыз жоғарғы соты Асқаровтың ісін қарап жатыр


Қырғыз жоғарғы соты Асқаровтың ісін қарап жатыр. Бішкек, 11 шілде 2016 жыл.

Қырғыз жоғарғы соты Асқаровтың ісін қарап жатыр. Бішкек, 11 шілде 2016 жыл.

Қырғызстан жоғарғы сотының қылмыстық және әкімшілік заң бұзушылық істері алқасы өмірлік түрме жазасына кесілген құқық қорғаушы Азимжан Асқаровтың ісін қарауға кірісті. Сот процесі ашық өтіп жатыр.

Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісінің сот залынан хабарлауынша, қауіпсіздік шарасы күшейтілген процеске халықаралық ұйымдардың және Германия, Ұлыбритания, Франция мен Швейцария елшіліктерінің өкілдері қатысып отыр.

Сотта Азимжан Асқаровтың мүддесін адвокаттар Валерьян Вахидов пен Нұрбек Тоқақунов қорғамақ, ал қоғамдық қорғаушысы - Толекан Исмаилова. Азимжан Асқаровтың өзі сотқа қатысып отырған жоқ. Оның адвокаттарының "Асқаров процеске қатыссын" деген талабына судьялар "керек кезінде әкелінеді" деп жауап берді.

Сот алқасы құрамында судьялар Лепес Темірбеков, Қаныбек Боқоев пен Качык Эсенканов (сот төрағасы) бар.

100-ден астам журналист бұл процеске қатысуға аккредитация алған.

Азимжан Асқаровтың соты. Бішкек, 11 шілде 2016 жыл.

Азимжан Асқаровтың соты. Бішкек, 11 шілде 2016 жыл.

Осыған дейін БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитеті Қырғызстан билігінен Асқаровты ақтап, түрмеден босатуды талап еткен. Осыдан кейін Асқаров пен оның адвокаттары жоғарғы сотқа шағым түсіріп, істі қайта қарауды сұраған.

Азимжан Асқаров 2010 жылы маусымда Қырғызстанның оңтүстігінде Ош облысында этникалық өзбектер мен қырғыздар арасында болған қақтығысты ұйымдастырды деген айыппен өмір бойына түрме жазасына кесілген. Ол бұған қоса "қақтығыс кезінде мерт болған полиция қызметкерінің қазасына да қатысы бар" деп айыпталған.

Азимжан Асқаровтың соты. Бішкек, 11 шілде 2016 жыл.

Азимжан Асқаровтың соты. Бішкек, 11 шілде 2016 жыл.

2015 жылы жазда АҚШ мемлекеттік департаменті Асқаровты "адам құқығын құрметтеуге қосқан үлесі" үшін марапаттаған. Бұған жауап ретінде Қырғызстан билігі АҚШ үкіметімен 1993 жылы жасасқан көмек көрсетуді жеңілдету туралы келісімді бір жақты түрде бұзған.

Азимжан Асқровтың жағдайына халықаралық ұйымдар да алаңдаған. Биыл мамырда Amnesty International (АІ) халықаралық құқық қорғау ұйымы "БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетінің шешімі бойынша Қырғызстан билігі құқық қорғаушы Азимжан Асқаровты түрмеден дереу босатып, оған келген залалды өтеуі тиіс" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG