Accessibility links

Қыз алып қашу салты қоғамдық қарсылық туғызып жатыр


Қыз алып қашу салтына қарсылық акциясынан көрініс. Қарақол, 18 мамыр 2011 жыл

Қыз алып қашу салтына қарсылық акциясынан көрініс. Қарақол, 18 мамыр 2011 жыл

«Қалыңдық ұрлау» немесе қыз алып қашу салты Қырғызстанда жиі ұшырасады. Алайда Қарақол қаласында болған қарсылық акциясы кісі өліміне себеп болған бұл әдеттің жағымсыз жақтарын ашып көрсетті.


Мамырдың 18-інде Қырғызстанның солтүстігіндегі Қарақол қаласында 200-ге жуық адам ұзақ жылдардан бері қалыптасып қалған «қалыңдық ұрлау» салтына қарсылық акциясын ұйымдастырып, көшеге шықты.

ЕСКІ САЛТ ЕКІ ҚЫЗДЫҢ ӨМІРІН ҚИДЫ

Бойдақ жігіттің қалаған қалыңдығын ұрлап әкетіп, сосын оны үйленуге күштеп көндіру дәстүрі Қырғызстанда кең таралған. Алайда қалыңдықты алып қашу дәстүрі соңғы кездері Орталық Азия елдерінде қатаң сынға ұшырай бастады. Бұған осындай жолмен тұрмыс құрған екі қыздың бірнеше айдан кейін өздеріне қол жұмсауы себеп болды. Ыстықкөл облысындағы Қарақол - осылайша қаза болған 20 жасар студент қыздар Венера Қасымәлиева мен Нұрзат Қалықованың туған қаласы.

Қарақол қаласында жергілікті әйелдердің үкіметтік емес ұйымдары мен басқа да белсенділердің екі қыздың өліміне орай ұйымдастырған бұл қарсылық акциясы "Олар көрмеген көктем" деп аталды. Қарсылық шарасына қатысушылар билік пен қоғам қайраткерлерін ескі дәстүрге тоқтау салуға шақырды.
Қыз алып қашуға қарсы шығу акциясы. Қарақол, 18 мамыр 2011 жыл

Қалыңдық алып қашу Қырғызстанда заң жүзінде қылмыс болып табылады. Қылмыстық кодекс бойынша мұндай қылмыс жасаған адам үш жылдан артық мерзімге бас бостандығынан айырылады. Алайда іс жүзінде мұндай жағдайлардың тек кейбірі ғана сотқа жөнелтіледі, ал қалыңдық ұрлап сотталғандарының өзі болмашы ғана айыппұл төлеп, бостандыққа шығып кете барады. Мұндай мәліметтерді акцияны ұйымдастырған "Қыз қорғау институты" үкіметтік емес ұйымын құрған Ғазбүбү Бабаярова жеткізді.

- Бір кездері қалыңдықты ұрлап алып қашу дәстүрі көбінесе ауылдық жерлерге тән еді. Бірақ біртіндеп ол барлық жерге, оның ішінде Бішкекке де тарала бастады. Біздің жүргізген зерттеулеріміз Қырғызстанда тұрмыс құрған әйелдердің 68-75 пайызының осындай жолмен некелескенін анықтады, - дейді Ғазбүбү Бабаярова.

ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУДЫҢ СЕБЕПТЕРІ

Үкіметтік емес ұйымның жетекшісі қалыңдық ұрлау дәстүрінің соңғы кездерде жиілеп кету себептерінің бірі - экономикалық қиыншылық екенін айтады. Себебі көптеген отбасылар қалыңмал төлеуден, тойдың шығынынан айналып өтуге тырысады. Бірақ бұл қалыңдық ұрлауға итермелейтін жалғыз ғана себеп емес.

«Қыз қорғау институты» ұйымының жетекшісі Ғазбүбү Бабаярова:

- Жігіттің ата-анасы да баласын қалыңдықты алып қашуға жігерлендіріп қояды. Ал кей жағдайларда жігіттер қыздың келісімін алудан тартынады. Жігіттердің қыздарға барып сөз айтуға батылдары жетпейді. Олар қыздар бас тартуы мүмкін деп ойлап, одан гөрі алып қашуды жеңіл санайды. Тағы бір себебі, Қырғызстанда оған тыйым салатын заң болғанымен, ол орындалмайды. Ал қалыңдық қызды ұрлағандар заңдық жазаға тартылмайтындықтан ұрлау жалғаса береді, - дейді.
Қырғызстандағы ұрланған қалыңдықтың келін ретіндегі міндеттерінің бірі. Маусым айы, 2008 жыл

Дәстүр бойынша, әдетте қырғыз жігіті жиырма жасқа толғанда үйленгісі келеді. Сосын қалаған қызды таңдап, оны алып қашудың қамын жасауға кіріседі.

Алдымен, жігіт пен оның жолдастары қызды көшеден алып қашады. Тіпті кейде қызды көлікке күштеп мінгізіп, жігіттің үйіне мәжбүрлеп әкеліп түсіреді. Қыздың бұдан кейінгі жайы алып қашқан жігіттің әйел туыстарының қолына тапсырылады. Ал олар қызды сол жігітке үйлендіруге көндіруге тырысады.

- Мұндай жағдайда қызға зор қысым жасалады, кейде физикалық тұрғыда да күш көрсетеді. Дегенмен, көп жағдайда жігіт қызға зорлық жасаудан сақтанады, - дейді Ғазбүбү Бабаярова.

Егер қыз ақыры күйеуге шығуға келісімін берсе, басына ақ орамал жабады. Сосын қыздан ата-анасына қолхат жазуын сұрайды. Жігіттің туыстары қыздың әке-шешесіне қыздарын тұрмысқа беруді сұрап жазылған қолхатты тапсырады да, дереу той қамына кірісіп кетеді.

"Күйеу жігіттің" туыстары болашақ "келіндерін" таңдап, оны алып қашуға дайындалып жатқанынан ұрланатын қыздың өзі немесе отбасы, әрине, хабарсыз болады.

КҮШПЕН ҚИЫЛҒАН НЕКЕНІҢ ТАҒДЫРЫ

Мұндай жайтқа тап болған көп қыздар «дәстүрден» аттай алмай, тағдырдың жазғаны деп көніп кете береді. Алайда, осындай жолмен құрылған кейбір отбасылар кейін ажырасып жатады. Ал кейбір отбасылар Ыстықкөлдегі екі студент қыздың туыстары сияқты орны толмас қайғыға ұшырайды.

Қалықова Нұрзаттың Ұлан есімді танысы бірде оған өзіне күйеуге шығуын сұрайды. Нұрзат пен оның ата-анасы бұл ұсыныстан бас тартады. Бірақ өздерінің бас тартуына Ұлан басқалай іс-әрекет жасайды деп күтпейді.

2010 жылғы қарашаның бір кешінде кешкі астан үйіне оралған Нұрзаттың ата-анасы қыздарының орнын сипап қалады. Бірнеше күннен кейін олар қыздарын үйлену тойын жасауға рұқсат сұрап келіп тұрған Ұланның алып қашып кеткенін біледі.
Марқұм Нұрзат Қалықованың оқушы кезінде мектептегі ұстазымен бірге түскен суреті

Нұрзаттың ата-анасы қыздарын қайта әкеліп алады. Бірақ жігіттің туыстары үнемі қысым жасай бергеннен соң аяғында қыздың өзі мен әке-шешесі келісімдерін береді. Бірақ Ұлан мен Нұрзаттың некелері ұзаққа созылмайды. Төрт ай өткеннен соң қыз өз-өзіне қол жұмсап, қаза табады. Істің ақыры осылай аяқталғанына қарамастан, Ұлан мұндай жолмен үйленудің ешқандай сөкеттігі жоқ деп санайды.

- Үйленгенге дейін Нұрзат екеуміз үш жыл бойы дос болып жүрдік. Менің оған үйленгім келді. Бірақ ол үйленуді үнемі кері ысыра берді. Бәлкім, ол бұған дайын болмаса керек, - дейді Ұлан Азаттық радиосының Қырғыз қызметіне. Ұлан әйелінің өліміне кінәлімін деп ойламайды. - Біз тату-тәтті, жақсы тұрмыс кештік. Осы уақытқа дейін қандай қателік болғанын түсіне алмай келемін, - дейді ол.

Билік өкілдері Қалықова Нұрзаттың ісі бойынша тергеу басталғанын жеткізді. Бірақ Ұланның қызды ұрлап алып қашуға айыпты деп танылу-танылмауы әзірге белгісіз.

ОТБАСЫН ҚҰРУДЫҢ ОҢТАЙЛЫ ЖОЛЫ

Қарақолдағы акцияны ұйымдастырушылар билікті қыз алып қашуды қалыңдық табудың құралына айналдырған ерлерді жазалауға және қолданыстағы заңның орындалуын қадағалауға шақырды.

Шараға қатысушыларға Өкен Қасымәлиев есімді адам қызы Венераны ұрлап алып қашу оқиғасы отбасын шайқалтып кеткенін айтты.
Қырғызстанда қыз алып қашуды айыптайтын үгіт кітапшалары

- Менің барлық жастарға айтар өтінішім: ешқашан қызды ұрлап алып қашпаңдар. Мен болашақта жас қыздардың өз-өзіне қол жұмсауы қайталанбаса екен деймін. Менің әйелім осыдан бес жыл бұрын кенеттен қайтыс болған. Сондықтан қызым Венера кішккентай балаларыма ана орнына анадай болған еді, - дейді өз-өзіне қол жұмсаған Венераның әкесі.

Акцияға қатысқан 20 жастағы Абзал Жырғалбеков қыз алып қашу дәстүрін қырғыз ерлерінің барлығы бірдей қолдамайтынын айтты.

- Мен дұрыс жолмен отбасын құрғым келеді. Алдымен қыз бен жігіт бір-бірін жақсы танып-білуі керек. Сосын ата-анаңа таныстыр, тек содан кейін барып үйлен. Ал қыздарды ұрлап алып қашатын кімдер? Олар - өзіне сенімсіз, қыз ұнатпауы мүмкін деп қорқатын жігіттер. Тіпті қызбен бір ауыз сөйлеспей жатып ұрлап алып қашатын жігіттер бар. Егер қыз оны мүлдем ұнатпайтын болса, күндердің күнінде жаңағы қыздар секілді өз-өзіне қол жұмсайтын болады, - деген пікір айтады Абзал Жырғалбеков.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG