Accessibility links

Ауғанстанның заңсыз көкнәр саудасының жолында қалып, зәрезеп болған Қырғызстан үкіметі қарасора өндірісін заңдастыруға келісе ме?

Қырғызстанда өсетін қарасора шөбі әлемдегі ең әсері күшті есірткінің бірі ретінде танымал. Есірткі сатушылар одан көл-көсір пайда табады. Сол себепті Бішкектегі наркологтың марихуананы заңдастыру туралы ұсынысы ерсілеу естілуі мүмкні. Ол Қырғызстандағы нашақорларды азайту үшін, ұйымдасқан қылмыспен күресу үшін және салықтан түсетін пайданы көбейту үшін есірткінің заңды түрде сатылғанын қалайды.

1993 жылы Бішкектегі ең бірінші жекеменшік наркологиялық емхана ашқан, 2009 жылы президенттік сайлауға түскен Жеңішбек Назаралы Қырғыз үкіметі Ыстықкөлдің маңайында өндірілетін есірткі түрлерін заңдастырып, оны сынақтан өткізетін бір бағдарлама жасау керек дейді.

Халықаралық сарапшылардың айтуынша, ауғанның марихуанасынан кем түспейтін қырғыз қарасорасын Қырғызстанның Ыстықкөл аймағындағы халықтың үштен екі бөлігі орып жинап алумен айналысады.

"ЫҚПАЛДЫ ТОПТАР БАҚЫЛАЙДЫ"

Ол жақта жабайы қарасора мыңдаған гектарда өседі. Қырғызстан басшыларының сөзінше, 2013 жылдың алғашқы сегіз айында жылдағыдай тамыз орағы кезінде бір ғана Ыстықкөл аймағында 154 тонна қарасораны құртқан.

Назаралы марихуана өндірісі мен есірткі саудасын реттеу ісін үкімет ерте ме кеш пе ақыры қолға алады деп ойлайды.

Оның айтысынша Қырғызстандағы заңсыз қара базардағы есірткі саудасын «ықпалды топтар бақылап отыр».
Қарасора жинап жатқан қырғыздар. Талас, 19 шілде 2013 жыл

Қарасора жинап жатқан қырғыздар. Талас, 19 шілде 2013 жыл


Ол өндірісті заңдастырса, үкімет қарасора өндірушілерді, сатушыларды және оны тұтынушыларды қатаң бақылап және салықтан түсетін табысты да өсіре алады дейді.

Бірақ Қырғызстан үкіметінің есірткіні бақылау коммитеті бұнымен келіспейді. Үкімет басшыларының ойынша Қырғыстанның дамуы мен тұрақтылығы үшін есірткі саудасын тоқтату – басты шарт. Олар қарасора саудасын заңдастыру арқылы ұйымдасқан қылмысты тоқтата алмайтындарын айтады. Себебі жергілікті есірткі шөптері Қырғызстан арқылы Ресей мен Еуропаға қарай контрабандалық жолмен тасылып жатқан Ауғанстанның сан түрлі есірткі саудасы жолымен алыс аймақтарға экспортталады.

КҮНКӨРІС КӨЗІНЕ АЙНАЛҒАН ШӨП

Азаттықтың Қырғызстандағы тілшісі Ыстықкөл аймағында қарасора жинап-теріп сатумен айналысатын Ақсу және Түп ауылының тұрғындарымен сөйлесті.

Олардың сөзінше, Орталық Азияда қарасораны адамдар ежелден-ақ атпен жүріп жинаған. Жалаңаш денелі салт атты көкнәр өсіп тұрған алқаппен ары-бері шабады. Сосын денесіне және аттың қылына жабысқан шөп тозаңын қырнап жинап алатын болған.

Ыстықкөл маңында тұратындардың көбі есіртікіні басқаша тәсілмен алады. Олар есірткіні алу үшін алақандарына жұққан қарасора тозаңын әбден ысқылап, дайын болғанда пышақпен қырнап, қорапқа салып қояды.
Қарасора өсімдігі

Қарасора өсімдігі


Жергілікті есірткі саудагерлері тауарларын халықаралық сауда жолдары арқылы басқа аймақтарға өткізуге шамасы бар, терімнен соң өздерін аралап келіп-кетіп жүретін алыпсатарларға сатады.

Жылда тамыз айында қарасора жинайтын тұрғындар полицияны парамен сатып алатынын ашық айтады.

Жергілікті полиция қызметкерлері Азаттық тілшісіне осындағы талай халықтың күнкөрісіне айналған бұл сауданы жою мүмкін емес дейді.

Қырғызстанның бұрынғы вице-президенті, премьер-министрі және ұлттық қауіпсіздік қызметін басқарған Феликс Кулов 1990 жылы Ыстықкөлдің маңайындағы қарасора өндірісін үкімет бақылауына алса, елдегі есірткі саудасын реттеу оңай болады деген ұсыныс айтқан еді.

Бірақ оған қарсы шыққандар Ауғанстандағы көкнәр өндірісінің теріс әсерін желеу етіп, Куловтың ұсынысын қабылдамай тастаған еді.

Үкіметтің қарасора өндірісін заңдастыруды қайта қарауын талап етіп отырған нарколог Назаралы 2009 жылы президент сайлауында «Барлық нәрсеге қол жеткізе аласың!» деген ұранмен сайлауға түскен болатын.

Ол қазір Бішкектегі басшыларды марихуана саудасын заңдастырған «өркениетті Еуропа елдері мен АҚШ үкіметінің» Қырғызстанмен салыстырғанда ел жұртының денсаулығына көбірек көңіл бөлетінін қаперге алуға шақырады.

(Рон Синовицтің мақаласын аударған - Сағынай Кәрім)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG