Accessibility links

Қырғызстан ИМ тобына тыйым салды


Сирияда соғысып жүрген, түрлері Орталық Азия елдері өкілдеріне ұқсас адамдар. Facebook әлеуметтік желісіндегі сурет.

Сирияда соғысып жүрген, түрлері Орталық Азия елдері өкілдеріне ұқсас адамдар. Facebook әлеуметтік желісіндегі сурет.

Қырғызстан «Ислам мемлекеті» тобын террорлық және экстремистік ұйымдар қатарына қосты. Ал қырғыз саясаткері Нұрлан Мотуев ИМ тобын қолдап мәлімдеме жасаған. Сарапшылар діни радикализмнің таралуына алаңдайды.

«Ислам мемлекеті» тобын террорлық және экстремистік ұйым деп тану туралы Бішкектің Октябрь аудандық соты шығарған шешім 2015 жылы наурыздың 16-сынан күшіне енеді. Енді ИМ тобының Қырғызстан аумағындағы іс-әрекеті заң бұзушылық деп танылады.

РАДИКАЛДАНУ ҚАТЕРІ

Халықаралық дағдарыс тобы (ICG) жақында жариялаған «Сириядан төнетін қауіп-қатер: Орталық Азиядағы радикалдану» атты есебінде ИМ тобына қарасты аумақтарда Орталық Азиядан барған 2-4 мыңға жуық адам бар делінген. Сарапшылар бұл мәселені шешу үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ететін көп векторлы бағдарлама қажет деп санайды.

Азаттық радиосына сұхбат берген дін мәселесі жөніндегі сарапшы Қадыр Маликов Орталық Азияда діни радикализмнің өте жылдам таралып келе жатқанын айтады. Ол аймақта «Ислам мемлекеті» ұйымының белсенді әрекет етіп жатқанын растайды.

Сарапшының пікірінше, ИМ тобының негізгі мақсаты – алдымен Өзбекстанға ірікті салу, одан кейін Қырғызстан мен Тәжікстан тұрғындарын өз қатарына тарту. «Қазір Ферғана алқабын мекендейтін Қырғызстанның оңтүстігіндегі тұрғындар ИМ ықпалына еріп жатыр. Орталық Азия елдеріне ірікті салу үшін ИМ қомақты қаржы бөлді деген дерек бар» дейді ол.

ҚАУІПТІ МӘЛІМДЕМЕ

ИМ тобы төндіретін қауіпті ескерткен Қадыр Маликов «Нұрлан Мотуев тәрізді саясаткерлердің ойсыз пікірі Сирияға баруға ниеттеніп жүрген жастарды одан әрі еліктіреді» деп алаңдайды. Қырғызстанның атышулы саясаткері Нұрлан Мотуев жақында «Ислам мемлекеті» тобын қолдайтынын мәлімдеген.

Қырғызстандық саясаткер Нұрлан Мотуев.

Қырғызстандық саясаткер Нұрлан Мотуев.

Ол тіпті «Сирияға барып соғысуға даяр» екенін де айтқан. 2005 жылы Қара-кеше кенін тартып алмақ болған соң «Көмір королі» деген лақап атқа ие болған Мотуев оғаш пікірлерімен танымал. Наурыздың 24-і күні жасаған мәлімдемесінде Мотуев «Сирияға баратын едім, бірақ Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті жихадшыл пікірлерім үшін мені тұтқындап, іс қозғады» деді. Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті баспасөз қызметі бұл жайында түсініктеме бермейтінін айтты.

Өзін «Қырғызстанның нағыз мұсылмандарының әмірі» санайтын Мотуев тұрғындар шариғат бойынша өмір сүруге тиіс деп санайды. «2005 және 2010 жылғы төңкерістен соң талай уақыт өтті. Қырғызстан халқының өмірі жақсарған жоқ, керісінше нашарлап барады» дейді ол.

«Мотуевтің мәлімдемесі өте қауіпті. Оны ақиқат ретінде қабылдайтындар табылады. Таяу Шығысқа баруға ниеттеніп жүрген жандардың қате түсінігін одан әрі бекітуі мүмкін» дейді Қадыр Маликов.

Сириядағы соғысқа барған «қазақ жихадшылары» туралы әлеуметтік желіде тараған видеодан скриншот.

Сириядағы соғысқа барған «қазақ жихадшылары» туралы әлеуметтік желіде тараған видеодан скриншот.

Маликов Қырғызстанның қауіпсіздік қызметі Мотуевті бақылап отыр дегенге сенеді. Бірақ БАҚ арқылы жарияланған осындай пікірлер халықтың көзқарасына әсер етеді деп қорқады. Себебі, Қырғызстан басылымдары соңғы уақытта Мотуевтің мәлімдемесін негізгі тақырып етіп алған.

Ал былтыр Kloop.kg сайты Сирияда дайындықтан өткен қазақ балалары туралы видеоны жариялағанда сайтты өшіріп тастаған еді.

Қадыр Маликовтың айтуынша, ИМ жақында «Орталық Азия» деген топ құрған, оның құрамында Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан және Тәжікстан азаматтары бар делінеді. Ресми деректерге сәйкес, қазіргі кезде Қырғызстанның 250 азаматы ИМ қатарына қосылған.

Йоанна Паражчук пен Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалдарынан аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG