Accessibility links

Қырғыздардың көпшілігі «қызғалдақ» төңкерісін тойлайтындай жетістікке жете алмадық дейді


Милиция наразылық акциясына қатысқандарды ұстауда. Бішкек, 23 наурыз, 2010 жыл.

Милиция наразылық акциясына қатысқандарды ұстауда. Бішкек, 23 наурыз, 2010 жыл.

«Қызғалдақ» төңкерісінің бес жылдығы аталып өтіп жатқан күні ел астанасы Бішкек пен Ош қалаларында оппозиция белсенділері ұсталды. Қырғыз азаматтары төңкеріс нәтижесінде билікке келген Бәкиевтің авторитарлы президенттен айырмашылығы болмай шықты деп есептейді.


АЛДАМШЫ ҮМІТ

Президент Асқар Ақаевты биліктен кетірген бес жыл бұрынғы «қызғалдақ» төңкерісінің нәтижелеріне қарапайым азаматтардың да, саясаткерлердің де көңілдері толар емес.

Қырғызстандағы 2005 жылғы наурыз айындағы шерулер тарихта "халық" революциясы немесе "қызғалдақ" төңкерісі деп аталып кетті. Бірақ елдегі өзгерістің бастауы болған оқиғаларға 5 жыл толып отырған шақта сол кезде толқулардың бел ортасында жүрген Дуйшенкул Чотонов «тойлайтындай ешнәрсеміз жоқ» дейді.

2005 жылдың ақпан айындағы парламенттік сайлаудың нәтижесіне қатысты жаппай наразылықтар Қырғызстандағы тәуелсіз шерулерге түрткі болды. Наразылық танытушылар президент Асқар Ақаев пен оның отбасын халық мүддесін ойламайтын жемқор үкіметті жасақтап отыр деп айыптады.
Қырғызстан президенті Құрманбек Бәкиев Бішкектегі құрылтайдың ашылуында. 23 наурыз, 2010 жыл.


Асқар Ақаев биліктен кетіріліп, саяси өзгерістер орын алғандықтан да халық төңкерісі елдегі жағдайды өзгертеді деген үміт болған еді.

Жаңа президент Құрманбек Бәкиев реформаларды жедел жүзеге асыруға уәде етті. Дегенмен де 38 жасар мұғалім Чотонов «бәрібір біз үміттенгендей өзгерістер болмады» деп атап көрсетеді Азаттық радиосының қырғыз редакциясына берген сұхбатында.

«Наразылық танытушылар мен оппозиция және халық өзгерістер тез арада орын алады, адамдардың тұрмыс деңгейі жақсарады деп үміттенген болатын. Бірақ мұндай өзгерістер жүзеге аспады», - деді Чотонов.

Ошта үкіметке қарсы наразылық шараларын ұйымдастыруға көмектескен Чотоновтікі сияқты оптимистік көзқарас бес жыл бұрын халықтың басым бөлігінде болған еді. «қызғалдақ" төңкерісіне қатысқан адамдар халықтың мүддесін қорғайтын үкімет құрылсын деген талап қойған болатын.

МАҚСАТ-МҮДДЕСІ ҰРЛАНҒАН ТӨҢКЕРІС

Бұрынғы премьер-министр Құрманбек Бәкиев сол кездегі оқиғаларды өз мүддесіне ұтымды пайдалана білді.Төңкерістен соң президент міндетін уақытша атқарған Бәкиев 2005 жылдың шілде айындағы президент сайлауында жеңіске жетті.

Чотоновтың айтуынша, Бәкиев пен басқа да саясаткерлердің өз мүддесі үшін күресетіндігі әу бастан ақ мәлім болған. Олар халықтың мүддесін қорғайтын үкімет құруды көздеген жоқ дейді Чотонов. Оның айтуынша, "қызғалдақ" төңкерісі басшыларға демократиялық реформалар емес үкіметтік лауазымдар жолындағы күрес болған.

«Төңкеріс пен оның мақсат-мүдделері ұрланғанын түсіндік», - дейді Чотонов.
Оппозиция белсенділері наразылық акциясында. Бішкек, 17 наурыз, 2010 жыл.


Көптеген қырғыз азаматтары "қызғалдақ" төңкерісін еске алғанда 2005 жылғы оқиғалар билік басына жемқорлыққа батқан бір жетекшінің орнына дәл сондай екінші басшыны әкелді деген ой айтады.

Билік тізгінін қолына алған Бәкиев отбасының мүшелерін жоғары лауазымдарға тағайындай бастады. Оның бауыры Жаныш Бәкиев Мемлекеттік қорғау қызметін басқарып отыр. Президенттің қарсыластары Жаныш Бәкиевті құқық қорғау органдарын оппозицияға қарсы қоюда деп айыптауда.

2009 жылдың қараша айында президент Бәкиев ұлы Максимді Инновациялық даму және инвестиция агенттігінің басшысы етіп тағайындады. Осыдан кейін халық арасында Максим әкесі Бәкиевтің мұрагері болып қалуы мүмкін деген қауесет тарады. Осы айдың басында елдің солтүстігіндегі Нарын аймағында мыңдаған адам шеруге шығып, Максим Бәкиевтің қызметтен алынуын талап етті.

Жалпы Бәкиевтің 5 жылдық билігі барысында Қырғызстанда экономикалық қиындықтар көп болды. Елде тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына қысым жасалып, саяси оппозиция қудаланып жатыр.

2009 жылы даулы президенттік сайлауда Бәкиев екінші мерзімге қайта сайланды.

2007 жылы кезектен тыс өткен парламенттік сайлауларда Бәкиевтің жаңадан құрылған «Ақ жол» партиясы парламенттегі 90 орынның 71-не қол жеткізген еді.

"КӨҢІЛ ҚАЛҒАНМЕН, ӨКІНІШ ЖОҚ"

Соңғы бес жылда Бәкиев өзінің президенттікке жетуі жолында маңызды роль атқарған көптеген қолдаушыларынан айырылды. Бұрынғы сыртқы істер министрі Роза Отунбаева және басқа да кезінде Бәкиевті қолдаған тұлғалардың кейбірі оппозицияға қосылды. Ал бұрынғы қорғаныс министрі Исмаил Исаков сияқты жақтасы түрмеге жабылды.
Парламент депутаты Роза Отунбаева

Таяуда Қырғызстанда тәуелсіз ақпарат құралдарына, олардың ішінде centrasia.ru, ferghana.ru сияқты интернет парақшаларына тосқауыл қойылды. Бұған қоса, кей аймақтарда «Азат Еуропа / Азаттық» радиосының қырғыз қызметі мен Би-Би-Си бағдарламаларының таратылуына кедергі жасалды. Осыған байланысты халықаралық қауымдастық Бішкекті айыптады.

Бәкиевтің билігі атына айтылған көптеген сыни пікірлерге қарамастан, президенттің бұрынғы қолдаушысы болған Отунбаева ешнәрсеге өкінбейтіндігін мәлімдеді.

«Біз жеңілдік деп ойламаймын. Бұл алға қарай жасалған қадам болды. Біз барған сайын тәжірибе жинақтап жатырмыз. Соңғы бес жылда елімізде көптеген саяси партиялар пайда болды. Оппозиция парламенттегі орындарға қол жеткізді. Әрине адамдардың көңілі қалған бірақ төңкеріс біз үшін сабақ болғандығын ешқашан ұмытпауымыз керек», - деді Отунбаева.

ОППОЗИЦИЯ ӘЛІ ДЕ АЛАҢДА

Соңғы хабарларға қарағанда, сейсенбі күні Бішкек пен елдің оңтүстігіндегі Ош қаласында оппозиция белсенділері мен полиция қақтығысып қалған. Қырғыз оппозициясы билікке келгеніне бес жыл толған президент Құрманбек Бәкиевке қарсы қол жинап жатқан болатын.
"Ақсұңқар" партиясының белсенділері наразылық шеруінде. Бішкек, 23 наурыз, 2010 жыл.


Хабарларға қарағанда, полиция 30 шақты оппозициялық белсендіні қамауға алған. Оппозиция белсенділері Бішкекте өтіп жатқан үкіметтік келісім құрылтайына басып кірмекші болған екен.

Ош қаласында оппозициялық саясаткер Исмаил Исаковтың түрмеге жабылғанына наразылық танытқан шерушілер де полициямен текетіресіп, онда 60-тан аса белсенді ұсталған.

Қырғыз оппозициясы биліктен саяси тұтқындарды босатуды және Бәкиевтің туыстарын жоғары қызметтерден алуды талап етіп отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG