Accessibility links

Қытайдың Қырғызстанға ықпалы анық байқала бастаған


Бішкек-Нарын жолындағы жүк көліктерінің бірі. 30 қыркүйек 2015 жыл.

Бішкек-Нарын жолындағы жүк көліктерінің бірі. 30 қыркүйек 2015 жыл.

Қырғызстанға парламент сайлауы қарсаңында барған Азаттық тілшісі ол елде соңғы жылдары көп өзгерістің болғанын көрді.

Үш аптаның ішінде Қырғызстанның жеті облысын түгел басып өтіп өтіп, 3 мың километр жол жүріппін. Алдыңғы жазбаларымды оқып жүрген болсаңыздар хабардар шығарсыздар, мұнда парламент сайлауы қарсаңындағы халықтың жай-күйін білу үшін келген едім.

ЖОЛ

Мені ең таңқалдырған нәрсе – жол. Қырғыз жеріне алғаш рет 1992 жылы келген едім, ол кезде тек Бішкек пен Ошта ғана әуежай болған. Басқа жердің бәріне машинамен жетуің керек. Кей тұстарында биік құздардың жанын бойлай өтетін жолдар жақсы есімде қалыпты.

Әлі есімде, 1996 жылы бір келгенімде Бішкек пен Оштың арасындағы 650 километр жолдың қанша бөлігіне асфальт төселгенін есептегенім бар. 400 километрден астам жолда асфальт болған жоқ, сау тамтығы қалмаған шаңдауыт жолдың екі жағына кезек шығып, ең тез дегенде сағатына 25 километр жылдыамдықпен жүрген едік. Ош пен Баткеннің арасындағы жол тіпті нашар болатын.

Қазіргі жолдардың сапасы әлдеқайда жақсы және бұл өзгерістің өзіндік себептері де бар.

Нарында жол салып жатқан көліктер. 30 қыркйүек 2015 жыл.

Нарында жол салып жатқан көліктер. 30 қыркйүек 2015 жыл.

Қытай Орталық Азияға ықпалын ерекше арттырған, жолдардың жақсаруы – соның бір мысалы. Баткеннен шығып, Тәжікстанмен шекарадағы ауылға бара жатқанда қырғыз бен қытай аралас жол салушы бригаданың бірнешеуін ұшырастырдық. Елдің келесі бір бөлігіне өтіп, Нарын қаласына бара жатқанымызда тауда жол салып жатқан тағы бірнеше жұмысшылар тобын көрдік. Бәрінде қытайша жазулары бар құрылыс көліктері жүр.

Бұл жолдарды Орталық Азиядан Қытайға тауар тасу мақсатында жөндеп жатқаны белгілі. Бірақ оның қызығын жергілікті халық көріп отыр. Олар енді Қырғызстанның бір қаласынан екінші қаласына тез қатынай алады әрі тауарларын да жылдам жеткізеді.

ТҰРМЫС

Елде жұмыс істеп жүрген қытай жұмысшыларына қатысты қырғыздардың пікірлері әркелкі. 1990 жылдары Орталық Азияны кезіп жүргенімде мұнда бірде-бір қытайды кездестірмеппін. Бұл аймақта алғаш рет Қытай азаматтарын 2006 жылы Қырғызстанның Қарасу қаласында жолықтырдым. Олардың барлығы жергілікті базарда сауда жасап жүрген. Жергілікті саудагерлер оларды жақтырмайтын. «Сырттан келіп, бәсеке тудырғандарды кім ұнатады дерсің? Бұл қытайлықтар жергілікті саудагерлердің аузындағы нанын жырып алды емес пе?» деп долбарлағанмын.

Нарын қаласына барар жол. 30 қыркүйек 2015 жыл.

Нарын қаласына барар жол. 30 қыркүйек 2015 жыл.

Ал қазір Баткен мен Нарын облыстарында Қытайдың жол салушы компаниялары халықты жұмыспен қамтып отыр. Сайлау науқаны туралы жазған мақаламда Нарын облысының тұрғындары Қырғызстанның мен барған басқа аймақтарымен салыстырғанда әлдеқайда жақсы тұратынын айтқан едім. Нарыннан солтүстікке қарай салынып жатқан 200 километрлік жолдың арқасында жергілікті халық уақытша болса да нәпақа тауып қалды. Қазір бұл жолдың құрылысы бітуге тақау.

Баткен қаласы да 2000 жылы бір түнеп кеткен кезімдегіден әлдеқайда көркейген. Жаңа базарлар, шағын қонақүйлер (2000 жылы біреу ғана болатын), бағдаршамдар (2000 жылы мүлде болмаған) және тіпті жаңа жөндеуден өткен әуежай – осының барлығы бұл өңірдің жаңа табыс көзін тапқанынан хабар береді.

ТІЛ

Тәжік шекарасына қарай кетіп бара жатқанда қырғыз-қытай жол салу бригадасын көзім шалып, көлік жүргізуші Даниярдан: «Олар бір-бірімен қалай түсініседі?» деп сұрадым. Даниярдың өзі – Баткеннің жігіті, жол салушылардың арасында таныстары да бар. «Қытайлардың аудармашылары бар» деді ол. Қытайша сөйлейтін қырғыздар оларға тәржімашы болып жұмыс істейді екен. Оның айтуынша, екі жақтың адамдары жол салу барысында онша көп араласпайды, кешке қарай қырғыздар үйлеріне, ал қытайлар жол бойына салынған уақытша жатақтарына кетеді. Сондай жатақтардың бірнешеуін біз де байқадық.

Жол салып жүрген қытай көліктері. 30 қыркүйек 2015 жыл.

Жол салып жүрген қытай көліктері. 30 қыркүйек 2015 жыл.

Қырғыздар мен қытайлардың бір-бірімен қысқа қарым-қатынасының да куәсі болдым. Нарын қаласындағы мейрамханаға кірген үш қытай жігіті даяшыға ас мәзіріндегі өздері қалаған тағамдарын қолмен нұқып көрсетіп жатты. Олар даяшымен ләм-мим деп тіл қатыспады. Ыстықкөлдің шығыс жағалауындағы Қарақол қаласындағы бір кафеге төрт қытай жігіті кіріп, бұрыштағы үстелге барып жайғасты. Үстілерінде логотип жапсырылған арнайы киім бар. Соған қарағанда, 200 километрдей қашықтықтағы Нарын тас жолы жобасының менеджерлері болар деп топшыладым. Олар да тамаққа тапсырыс бере алмай біраз қиналды. Даяшылар орыс, ағылшын, қырғыз тілдерінде сұраса, олар өз тілдерінде жауап қайырады. Бұл «әңгімелерінен» түк шықпай, екі жақ қатты әбігер болды. Қытай бизнесмендерінің не орысша, не ағылшынша білмегені біртүрлі көрінді. Ал олар кафеде ешкімнің қытайшаны түсінбейтініне қатты таң қалған сияқты. Ақыр соңында әупірімдеп тамақ пен сыраға тапсырыс берген олар сол бұрышта жабырқау кейіпте әлденені күңкілдесіп отырды.

Бір қызығы, олар да мен жатқан қонақүйге түскен екен. Сөйтіп біз олармен ертеңінде таңғы аста тағы жолықтық. Таңғы аста олар жан-жағына қарамастан, қалаған тамақтарын алып жатты. «Жұмыртқа жегілеріңіз келе ме?» деп сұрау үшін даяшы оларға жұмыртқаның өзін әкеп көрсетуге мәжбүр болды. Қытайлар да, даяшы да тағы ыңғайсыз күйге түсті.

«Бұлар тілді түсінбегендіктен осылай тұнжырап жүре ме екен?» деп ойладым. Ойымды тексеріп көрмек болдым да, қытай жігітінің бірі тұра бергенде бетіне тесіле қарадым. Ол маған жақындай бергенде «Ни хао» деп жымидым. Ол біраз таңқалып, тоқтап тұрды да, «Ни хао» деп күлімсіреді. Қытай жұмысшылары мен қырғыздардың бұлайша бір-бірін тосырқап жүргені тіл білмегеннен ғана ма, ол жағын онша түсінбедім. Әйтеуір екі ұлттың арасы онша жақсы емес болып көрінді.

Материалды ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG