Accessibility links

Сепаратистер жағында соғысқан қырғызстандық


Сепаратистер тарапында соғысқан Манас есімді қырғызстандық. 17 наурыз 2015 жыл

Сепаратистер тарапында соғысқан Манас есімді қырғызстандық. 17 наурыз 2015 жыл

Манас - 1990 жылдары СССР-де әскери-саяси училищені бітірген әскери офицер. Ол Украинаның шығысындағы соғысқа үгіт-насихатқа сеніп барып, жарты жылдан соң елге қайтуды жөн көрген.

Манас Украинадағы жағдай туралы Ресейдің жалған хабарларынан көңілі қалғанын, ал Украина жағында соғысып жатқан «бандерашылар мен ұлтшылдар» туралы әңгімелер шындыққа жанаспайтынын айтады. Сұхбатты Азаттықтың Бішкек студиясында Венера Сағындыққызы жүргізген.

Азаттық: - Манас, «Луганск Халық Республикасы» сепаратистік тобының формасын киіп алыпсыз. Ол жаққа қалай бардыңыз және ұзақ соғыстыңыз ба?

Манас: - Ол жаққа 2014 жылдың тамызында барғаныммен, келісім-шартқа қараша айында отырдым. Соғысқа өз еркіммен, «Бірінші канал», РТР сияқты телеарналар таратып жатқан хабарларға сеніп бардым. 1941 жылы соғыста атам қаза тапқан соң маған бұл соғысқа қатысу маңызды көрінді. Сондықтан моральдық ұстанымыма сүйеніп бардым. Телеарналар ол жақта фашистер мен нацистер бас көтеріп жатқанын айтып, свастиканы көрсетті ғой.

Самараға дейін поезға билет сатып алдым. Ол жерден Дондағы Ростов қаласына бардым. Ары қарай Ресей қалалары, «Изварино» бекеті арқылы автобуспен Украинаға жеттім.

Азаттық: - Бірден сепаратистерге қосылдыңыз ба?

Манас: - Жоқ, бірінші күні қосылған жоқпын. Бес күндей құжаттарымды тексерді. Әскери билетім мен әскери училищені бітіргенім туралы дипломым жанымда болған. 1992 жылы Симферополь жоғарғы әскери-саяси училищесін бітіргенмін. Қазір отставкадағы офицермін. Қарулы күштер қатарында қызмет еттім. Кейін міндетімді атқару кезінде жараланып, запасқа шыққанмын.

Азаттық: - Ал Бішкекте әлдебір топтармен ешқандай байланысыңыз болмады ма?

Манас: - Болды, бірақ олар басқа топтар болатын. Бірақ олар жөнелтуші емес, жолдаушы топтар болатын. Әуелі шетел казактары одағына кіріп, тиісті адамдармен байланыс орнаттым. Олар маған жолдама берді, ал қалғанын өз еркіммен істедім. Қырғызстаннан менімен бірге 17 адам барған. Украинаға жеткен соң бізді бөліп жіберді де, мен айрықша тапсырмаларды орындайтын жеке бригадаға түстім. Сөйтіп соғыс қимылдарына араласып кеттік. Әуелі бес күн бойы бізді «сүзгі» лагерінде ұстап, құжаттарымызды тексеріп, мамандығымыз бойынша бөлді. Мен мамандығым бойынша Краснодон қаласына түсіп, бес күннен кейін Луганскіге кеттім. Дәл соғыс жүріп жатқан кез болатын. Луганскіге келген соң барлаушылар тобымен таныстым. Әр түрлі ұлт өкілдерінен құрылған топта сербтер, шешендер, қазақтар мен осетиндер бар екен. Мені Жетісуда туған, ал қазір Калиниградта тұратын Че Гевара деген казактың тобына бөлді. Ол барлаушылар тобының бастығы болды. Кейін нағыз соғыс басталды.

Донецк әуежайының маңындағы қираған балалар алаңында тұрған сепаратистер танкілері. 26 ақпан 2015 жыл

Донецк әуежайының маңындағы қираған балалар алаңында тұрған сепаратистер танкілері. 26 ақпан 2015 жыл

Азаттық: - Соғысып жүрген кезде Украинаға кеткен шешімім дұрыс болды деген ойда жүрдіңіз бе?

Манас: - Біртіндеп ол ойдан арыла бастадым. Мен ол жақта фашистер соғысып жатыр деп ойлағанмын, бірақ оларды мүлде көрген жоқпын. Біз Украина армиясымен соғыстық. Оларда еріктілер мен әсіреұлтшылдардан құрылған «Правый сектор», «Донбасс» деген батальондар бар. Бірақ ондайлар барлық жерде бар ғой. Ал фашист дегенді көрген жоқпын. Соғыс болған соң қарсыласыңның көзін жойып, тұтқынға аласың ғой.

Азаттық: - Ал өзіңіз тұтқынға түскен жоқсыз ба?

Манас: - Жоқ, тұтқынға түспедім, бірақ жараландым. Әуелі киім-кешегіміз жұтаң, қару-жарағымыз әлсіз болды. Екі жақтан да қарақшы-тонаушылар соғысты. Жекелеген жасақтар болмаса, тұрақты әскери күштер болған жоқ. Мұның бәріне бірдеңе етіп шыдадым. Бірақ кейін эфирден не көрсететіндерін ұққанда... Ол жақта Бірінші арна, РТР көрсетеді, кейін ресейліктер «Луганск-24» телеарнасын ашты. Онда бүкіл ақпарат тек соғыс туралы, басқа ештеңе айтпайды. Бірақ Ресей әскерлерін көргенде, олардың қалай кіріп, қалай соғысып жатқанын көрген кезде біртіндеп ойлана бастадым. Ішімде бірдеңе үзіліп кеткендей болды.

Азаттық: - Ал олардың Ресей әскерлері екеніне ешқандай күмәніңіз жоқ па?

Манас: - Егер олармен бірге жүріп соғыссақ, қандай күмән болуы мүмкін! Ешқандай шүбә болуы мүмкін емес... Олардың Ресей әскерлері екенін білу үшін оларды жасақтау тәртібін білу керек. Олар шұғыл әскери қызметке шақырылғандар емес, бірінші және екінші Шешен соғысына қатысқан, ал қазір Оңтүстік Осетияда шоғырланған соғысқа қабілетті бөлімдер. Көбі - жалдамалылар. Оларды дүркін-дүркін алып келеді де, кейде кері алып кетеді. Бірақ ол жақтағы адамдарды біраз үйретеді де, техниканы тастап, өздері кетеді. Ол жақта біркелкі майдан шебі деген жоқ, шайқас әр түрлі елдімекендерде жүріп жатады.

Қираған Луганск әуежайына бара жатқан ресейшіл сепаратистер

Қираған Луганск әуежайына бара жатқан ресейшіл сепаратистер

Азаттық: - Бүлікшілердің жағдайын қалай бағалар едіңіз, олардың дайындық деңгейі қандай? Олардың қатары әскери күшпен немесе техникамен үнемі толығып отыра ма? Әлде жағдайлары нашарлағаны байқала ма?

Манас: - Соңғы Минск келісімінен кейін қатарлары ыдырай басталды. Олар "бізді Ресей, Путиннің өзі сатып кетті" деп есептейді. Қырымнан кейін оларды да «Луганск халық республикасы», «Донецк халық республикасы» ретінде мойындайды деп ойлаған ғой, бірақ олар ойлағандай болмай шықты. Қазір шахтерлерді «Луганск мен Донецк облыстары Украина құрамында қалып, ерекше аймақ деген мәртебе алады» деп жұбатып жатыр. Олар Украина құрамындағы ерекше аймақ болып қалсақ, біраздан кейін тазалау шаралары басталады деп қорқады. Меніңше, құр «тазалау» емес, СБУ (Украинаның қауіпсіздік қызметі) кіріссе, сепаратистерді міндетті түрде іздеп тауып, жазалайды. Сондықтан соғысып жатқандардың өздері ол жақтан біртіндеп кетіп жатыр. Мысалы, бір досым менімен бірге Ростовқа кетіп қалды. Ол Девальцево және басқа жердің бәрінде соғысқан, ол екі облыс Украина құрамында қалса, болашағы қиын болатынын түсінеді. Оларды «ақырына дейін соғысыңдар» деп үгіттеп жатыр, ал олардың соғысқаннан басқа амалдары жоқ. Олар ешкімге сенбейді. «Жазаға тартпаймыз» дегенге де сенбейді, өйткені кезі келгенде оларды бәрібір жауапқа тартады.

Азаттық: - Олар әскери техника мен қару-жарақ алып жатыр ма?

Манас: - Иә, әскери техника мен өзге керек-жарақты алып жатыр. Бірақ қазір ол жақта көбінесе Ресейдің тұрақты армиясы соғысып жатыр. Шахтерлерден көп адам қалған жоқ. Еріктілер де аз қалды. Қазір әлдебір позицияларды ұстап тұру үшін біздің орнымызға тұрақты армияны әкеліп жатыр.

Азаттық: - Ол жақтан кетудің сәті қалай түсті?

Манас: - Әйтеуір сәтін салып, жолым болды. Заңды демалыс деген түсінік бар ғой. Девальцевоны алған соң маған демалыс берді. Кейін «Груз 200» (опат болған орыс солдаттарының сүйегі – ред.) алып жүрдік. Күдік тудырмас үшін контрактіні бұзбадым. Ресей шекарасынан шығарғысы келмегенімен, үйге сұрандым.

Азаттық: - Ойым түпкілікті өзгерді дейсіз. Оған не себеп?

Манас: - Себебі - қарапайым. Ол жаққа жетелеп апарған себеп ақталмады. Мұның бәрі үгіт-насихат болып шықты. Бірақ саяси училищені бітірсем де, осындай алдауға түсіп қалғаныма қатты өкінемін.

Азаттық: - Сепаратистердің күші Украина әскерінен қуаттырақ деп ойлайсыз ба?

Манас: - Бүлікшілердің өз күштері түкке тұрмайды. Олар Ресей техникасының арқасында күшті болып тұр. Меніңше, Ресей жағы мықтырақ, олар соңғы кезде гаубица зеңбіректерін жеткізе бастады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG