Accessibility links

Қырғызстан: Талас өңіріндегі сайлауға дайындық


«Ар-Намыс» партиясының жетекшісі Феликс Кулов. Қырғызстан, 2015 жыл.

«Ар-Намыс» партиясының жетекшісі Феликс Кулов. Қырғызстан, 2015 жыл.

Таш-Құмыр қаласынан өтіп, оңтүстік және солтүстік Қырғызстанды бөліп жатқан тауларға бет алғанда сайлау белгілері көрінбей кетеді. Ол қисынды да, парламент сайлауына 14 партия қатысады, бірақ ешбірі де жол бойындағы тамаша табиғатқа бәсекелес бола алмайды.

Бұл өңірге адам аз қоныстанған, біз ұшыратқан жандар қазанның 4-і күні өтетін парламент сайлауына ешқандай бір қызығушылық танытпады – олардың одан маңызды қарекеттері толып жатыр. Жайлаудағы малшылар күзге салым келе жатқан қысқа әзірленіп, отарларын таудан түсіреді.

КУЛОВ ПАРТИЯСЫ

Бұл өңірдегі жолдан өткен қой-ешкі, сиыр мен жылқы кейде көліктерді тоқтатып тастайды. Малдың жолдан өтіп кеткенін күткен жүргізушілердің ешқайсысы ашуланбайды, ешкім сигнал баспайды. Біз де осындай көлік кептелісіне кезіктік. Табын жолдан өтіп кеткенше тоқтап тұрдық.

Жүргізушім бақташының бірінен «Жайлаудан түстің бе?» деп сұрады. Малшы басын изеді. «Сайлауға барып, дауыс бересіз бе?» деп айғайладым мен, шопан маған таңырқай қарады да, «сайлауға мүлдем бармаймын, уақытым жоқ» деді.

Түсінуге болады, олар ала жаздай тау бөктерінде мал бағып шықты. Сондықтан да саяси партиялар бұл маңда өздерін жарнамалауға құлықсыз болса керек. Біз Тоқтағұл су қоймасының солтүстігіндегі Тоқтағұл қаласына келіп жеткенше жол бойынан жарнама тақтасын көрмедік.

Тоқтағұл қаласына тақағандағы тау баурайында «Ар-Намыс» партиясының атауы таспен жазылыпты. Оштың оңтүстік жолына түскелі «тас жарнама» мен «Ар-Намыс» партиясының сирек кездесетін акциясын алғаш рет көрдім. Тоқтағұлға кірген кезде «Ар-Намыстың» плакаттары пайда болды.

Феликс Кулов Байтик атты ауылда жұртпен кездесіп тұр. Қырғызстан, 8 қазан 2010 жыл.

Феликс Кулов Байтик атты ауылда жұртпен кездесіп тұр. Қырғызстан, 8 қазан 2010 жыл.

Бұл партияның жетекшісі Феликс Кулов - Қырғызстандағы ардагер саясаткер. Қырғызстан Совет Одағы құрамында болғанда Кулов ішкі істер министрі болды, ел тәуелсіздігін алған соң ішкі істер министрі, вице-президент, ұлттық қауіпсіздік министрі, Бішкек әкімі және премьер-министр қызметтерін атқарды. Бұл сайлауда «Ар-Намыстың» атына кір келтіретін бір себеп болса, ол Куловтың соңғы лауазымы болса керек.

Кулов елден қуылған бұрынғы президент Құрманбек Бакиевпен «тандем» құрып, премьер болған еді. 2005 жылы Асқар Ақаевты биліктен кетуге мәжбүрлеген төңкерістен соң екеуі де президент болуға ниет білдірді. Аяғында ымыраға келіп, біреуі президент, екіншісі премьер болды.

Кулов премьер-министр міндетін небәрі 18 ай атқарды, бірақ менімен сөйлескен адамдар оның Бакиевпен бұрынғы байланысын еске алып, «Ар-Намысқа» дауыс бермейтіндерін айтып жатты.

«ЖАҢА ПАРЛАМЕНТТЕН НЕ КҮТЕСІҢ?»

Кулов Талас облысынан шыққан, сондықтан «Ар-Намыс» партиясы бұл аймаққа ерекше мән береді. Партияның плакаттары мен жарнамалық қалқандары жол шетіне, үйлерге ілінген. Таласқа жақындаған кезде басқа партиялардың да жарнамасын көрдік, бірақ елдің оңтүстігімен салыстырғанда мұндағы көрнекі насихаттың азырақ екені байқалды.

Біз жол шетіндегі саябақта болып жатқан бір партияның митингісі жанынан өттік. Мөлшермен бірнеше жүз адам қатысып жатқан шара екен.

Ресми дерек бойынша, Талас қаласында 33 мыңға жуық адам тұрады. Сенбі күні күндіз қаланың бос жатқан орталығында келе жатып «олардың бәрі қайда кеткен» деген ой келді.

Сайлау туралы сөйлесетін адамдар іздеген едік. Олардың көбі сайлауға баратындарын айтты, бірақ оңтүстіктегідей емес, адамдардың жауабынан кекесін, жақтырмау байқалады.

Талас көшелерінің бірі. Қырғызстан, 15 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Талас көшелерінің бірі. Қырғызстан, 15 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Екі көліктің қозғалтқышын тексеріп жатқан бес жігіттің қасына келдім. «Сайлауға қатысасыздар ма?» деп сұрадым. Олардың бәрі қатысатындарын, «Ар-Намысқа» дауыс беретіндерін айтты.

«Жаңа парламенттен не күтесіздер? Жақсы өзгерістер жасай ала ма?» дегенімде біреуі «Олай бола қоймас» деп күдігін білдірді.

«Олардың не істегенін қалайсыздар?» десем, «Облыстың экономикасына көп көңіл бөлсе дейміз» деді біреуі. Ал екіншісі «мысалы, мына жолға қараңызшы» деп ойық- тесік жолды көрсетті. Оның сөзінің жаны бар. Таластағы жолдардың көбін жөндеу керек.

2010 жылғы төңкерістің басы болған әкімшілік ғимаратына барар жолды сұрадым. Онда бара жатқанымда алдымнан кішкентай балаларымен серуендеп жүрген ерлі-зайыптылар шықты. Олармен амандасып, әдеттегі сұрағымды қойдым. Олар «сайлауға барамыз» деді, бірақ қай партияға дауыс беретіндерін айтқылары келмеді.

Мен олардың қай партияға дауыс беретіндері жөнінде өз жорамалымды айттым, дұрыс болып шықты. Бұдан соң олар жаңа үкіметтен не күтетіндерін баяндады. «Бұл жолы сайлауға түскен жастар көп, ҚСДП-ға қараңыз» деп әйел Қырғызстан социал-демократиялық партиясын атады.

Оның күйеуі де «қартаң саясаткерлерден құтылу керек» екенін айтты. «Жаңа үкіметте бұрынғы саясаткерлер аз болуы тиіс, олардың жаңа идеясы жоқ, сондықтан көп мәселеміз шешілмей жатыр. Жаңа ойлы адамдар қажет» деді ол.

Бішкектегі шерушілер. 7 сәуір 2010 жыл.

Бішкектегі шерушілер. 7 сәуір 2010 жыл.

Біз Талас әкімдігінің ғимаратына келдік. 2010 жылы сәуірдің 6-сы күні шерушілер бұл ғимаратты бұзып кіріп, басып алды. Өздерін сүйреп шығармақ болған полициямен қақтығысты. Сәуірдің 7-сі күні таң атқанда шерушілер әлі де ғимаратта болатын, бірнеше сағаттан соң Бішкекте наразылық басталды. Сол күні кешке Бакиев биліктен кетуге мәжбүр болды.

Ғимаратқа кіргенде ешкім ұшыраспады. Қырғызстанның тірлікке толы оңтүстік облыстарымен Таласты салыстыра алмайсыз. Талас облысындағы халық саны Қырғызстан халқының бес пайызына да жетпейді. Енді халқының саны Талас өңірінен сәл көбірек Нарын облысына сапар шегемін.

Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG