Accessibility links

Қырғызстан: Сәуір оқиғалары сотының алтыншы жылы...


Қырғызстандағы Сәуір төңкерісі кезінде қаза тапқан азаматтар ескерткішіне гүл шоқтарын қойып жатқын әйел. Қырғызстан, Бішкек, 7 сәуір 2013 жыл.

Қырғызстандағы Сәуір төңкерісі кезінде қаза тапқан азаматтар ескерткішіне гүл шоқтарын қойып жатқын әйел. Қырғызстан, Бішкек, 7 сәуір 2013 жыл.

Ақпанның 17-сі күні Қырғызстанның әскери сотында сәуір оқиғаларына қатысты сот процесі қайта басталады. Жапа шегушілер «кінәлі адамдар алты жылдан бері тиісті жазасын алмады» деп наразы.

Марат Қазиев 2010 жылы сәуірдің 7-сі күні оқ тиіп, алған жарақатынан қаза тапқан. Артында жүкті келіншегі қалған, ал әкесі көре алмай кеткен қызы Мәдина биыл алтыға толды. Марқұмның әкесі Замир Қазиев Азаттыққа кінәлі адамдар алты жылдан бері тиісті жазасын алмағанын айтады.

Қырғызстандағы Сәуір төңкерісі

2010 жылы сәуірдің 6-сы күні Қырғызстанның Талас қаласында басталған наразылық ел аумағындағы жаппай толқуға, толқу соңы төңкеріске ұласып, 2005 жылғы «Қызғалдақ» революциясы арқылы билікке келген президент Құрманбек Бакиев сәуірдің 7-сі күні елден қашып кетті. Сәуірдің 7-сі күні ел астанасы Бішкекте көтеріліске шыққан халықты баспақ болған полиция оқ жаудырып, 100-ге жуық адам қаза тауып (ресми дерек бойынша 87 адам), мыңнан астам адам дәрігерлер көмегіне жүгінген.

- Алтыншы жылға айналды - көңіліміз тынышталмады. Мен ғана емес, қаза тапқандардың бәрінің туыстары наразы, - дейді Замир Қазиев.

Ұлынан айырылған Замир Қазиев қаза тапқан адамдардың өліміне кінәлі қылмыскерлерді елге әкелуге биліктің өзі мүдделі емес деп санайды.

- Бакиевтерді елге әкеліп, жауапқа тарту керек еді. Олай істемеді, меніңше, биліктің өзі бұған мүдделі емес. Олар билікті алуды ғана көздеген. Олардың басқа ешқандай ойы болмағаны байқалып қалды. Сот процесіне бес жыл қатыстым, бірақ көктемнен бастап баруды қойдым. Өйткені сотқа қатысушылар келмейді де, отырысты кейінге шегере береді. Біздің де айналысатын шаруаларымыз бар емес пе. Бәрібір ештеңе шықпайды, - дейді ол.

64 ТОМ

Сәуір оқиғаларына қатысты сот процесі 2010 жылдың қараша айында басталды. Халық талабымен сот отырыстары әуелі спорт сарайында өткен, бірақ оның жанындағы жарылыстан кейін сот отырыстарын Бішкек гарнизонының әскери соты территориясына ауыстырған.

Сәуір оқиғалары ісі бойынша жинақталған материалдар көлемі 64 томға жеткен, ал жапа шегушілер саны - 300 адам. Сотталушыларды 20-дан аса адвокат қорғайды, ал мемлекеттік айыптаушы ретінде жеті прокурор бар.

Процеске әу бастан судья Дамир Онолбеков төрағалық етеді. 2014 жылы шілденің 25-і күні ол бұрынғы президент Құрманбек Бакиевті, оның бауыры әрі мемлекеттік күзет қызметінің (МКҚ) бұрынғы төрағасы Жаныш Бакиевті, экс-премьер Данияр Үсеновті өмір бойы түрмеге қамау туралы үкім шығарған. Бұрынғы президенттің үлкен баласы Максим Бакиев қызметін (мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары) заңсыз тастап кетті деген айыппен 10 жылға сотталған. Президент хатшылығының бұрынғы жетекшісі Оксана Малеванная да осындай мерзімге сотталған. Олардың бәріне үкім сырттай шығарылды.

Құрманбек Бакиев

​2005 жылы Қырғызстанда президент Асқар Ақаевтың билігі құлап, өзі шетелге қашты. Оның орнына келген Құрманбек Бакиев 2005 - 2010 жылдары Қырғызстан президенті қызметін атқарды. 2010 жылы сәуірде елде революция болып, Құрманбек Бакиев те шетелге қашты.

Ресми дерек бойынша төңкеріс кезінде полициямен қақтығыстан 87 адам өлген. Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, зардап шеккен мыңнан астам адам дәрігерге қаралған.

Президент аппаратының бұрынғы жетекшісі Қаныбек Жороев, бұрынғы мемлекет басшысының кеңесшісі Эльмурза Сатыбалдиев, бұрынғы бас прокурор Нұрлан Тұрсынқұлов 10 жылға сотталып, сот залында қамауға алынды. Сотталғандардың ішінде қазір жойылған мемлекеттік күзет қызметі басшысының орынбасары Нұрлан Темірбаев пен «Альфа» арнайы жасағының командирі Алмаз Джолдошалиев те бар. Сот Темірбаевқа - 22 жыл, ал Джолдошалиевке алты жылға үкім кесті.

20 жылға сотталған Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Мұрат Суталинов денсаулығына байланысты үкім күшіне енетін мерзімге дейін үй қамағына алынды. Мемлекеттік күзет қызметі (МКҚ) төрағасының бұрынғы орынбасары Данияр Дунганов та үй қамағында отыр. Ол 25 жылға сотталған.

Бұрынғы қорғаныс министрі Бақтыбек Қалиевтің ісі жабылған.

СОТҚА НАРАЗЫЛЫҚ

Бірақ сот «Альфа» арнайы жасағы мен мемлекеттік күзет қызметінің сарбаздарын ақтап шығарды. Бішкек гарнизоны әскери соты шығарған үкімге наразылар жоғарғы сотқа жүгінді.

Жәбірленушілердің адвокаты Осунбек Жамансариев МКҚ командирлері Рысбек Байтоқов пен Олег Ребенокті ақтаған үкімге наразылық білдіріп, апелляциялық арыз түсірді. Жамансариев «сот тергеуі ұзаққа созылды әрі еш нәтиже шығармады» деген пікірмен келіспейді:

- Алғашқы сот инстанциясы істі үш жарым жылдай қарады, келесі инстанциялардағы процеске де осынша уақыт кетеді. Куәгерлерден жауап алынып, бәрі жан-жақты қаралуы тиіс. Процеске 400-ден аса жәбірленуші, осы шамада куәгер қатысып жатыр. Олардың көбі екінші сот инстанциясы отырыстарына бармай жүр. Процесс аяқталып қалды. Ақпанның 17-сі күні тараптар жарыссөзі басталуы тиіс. Меніңше, сот әділ үкім шығарды. Бірақ сот үкіміне қатысты пікірлер әрқилы, - деп санайды ол.

Қырғызстандағы Сәуір төңкерісі кезінде түсірілген сурет. Бішкек, 7 сәуір 2010 жыл.

Қырғызстандағы Сәуір төңкерісі кезінде түсірілген сурет. Бішкек, 7 сәуір 2010 жыл.

Сәуір оқиғаларына қатысты сот тергеуі шала жүргізіліп, сот қағаз жүзінде өтіп жатыр деген пікірлер де бар. Құқық қорғаушы әрі «Эр айдоочу» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Качкын Булатов Бакиевтер сәуір оқиғалары бойынша ғана емес, мемлекетке келтірген зиян мен өзге қылмыстары үшін де жауапқа тартылуы тиіс деп санайды.

- Процесс қағаз жүзінде өтіп жатыр. «Бакиевтерге өмір бойына үкім кесілді» деп алдап отырғанын халықтың іші сезеді. Екінші инстанция да «Ақ үйдің» нұсқауын орындап, қандай үкім шығар десе, сондай үкім шығарады. Сондықтан сәуір оқиғалары әділ тексеріліп, саяси тұрғыдан лайықты бағасын алады дегенге сенбеймін, - дейді ол.

2010 жылы сәуірдің 7-сі күні оқ тиген 87 адам қаза тапқан. Оның 77-сі «Ала-Тоо» алаңында оққа ұшқанын тергеу амалдары дәлелдеді.

«Айкол Ала-Тоо» қоғамдық бірлестігі құрған соңғы тізімге сәйкес, Бакиев билігіне қарсы халық толқулары кезінде 520 адам жараланған. Өткен жылдары бұл ұйым «сәуір оқиғаларына ешқандай қатысы жоқ болса да, қатарына мемлекеттен баспана алғысы келетіндер кіріп алған» деген сынға іліккен.

XS
SM
MD
LG