Accessibility links

ВИЧ жұқтырған баланың анасы әділдік іздейді


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, соңғы жылдары мемлекеттік ауруханалардан 300-ден астам бала ВИЧ инфекциясын жұқтырған.

Баласының сырқатына айыптыларды жауапқа тарту үшін бір науқастың анасы үш жылдан бері күресіп келеді.

«ВИРУС АУРУХАНАДАН ЖҰҚТЫ»

Қырғызстанның оңтүстігінде тұратын жас ана Гуля үш жылдан бері «ұлыма иммундық тапшылық вирусын жұқтырды» деп дәрігерлерді айыптап, оларды сотқа тартуға тырысып келеді. Аты-жөнін толық айтпаған Гуля «ауруханадан қан құйған кезде балама ВИЧ инфекциясы жұқты» дейді. Биыл төртке толған ұлы 2010 жылдың тамызында басын жаралап, оған Қызыл-қия аудандық ауруханасында операция жасалады.

Бірнеше айдан соң баланы Бішкекте тексергенде ВИЧ инфекциясын жұқтырғаны анықталады. «Ұлыма 11 мәрте қан мен плазма құйылды. Кейін оған алғаш қан құйғанда вирус жұқтырған адамның қаны берілгенін білдік» дейді ол.

Баласын жалғыз өсіріп жатқан Гуля содан бері үш жыл бойы жауаптыларды іздеп, аяғынан тозды. Прокурорлар 2011 жылы ұлының вирус жұқтырғаны бойынша қылмыстық іс ашқан еді, бірақ ол аяқсыз қалды. Мемлекеттің өтемақысын ала алмаған Гуля Азаттыққа хабарласуға мәжбүр болды. Гуляның ұлы - Қырғызстанда ресми тіркелген ВИЧ-инфекциясын жұқтырған 488 баланың бірі. Елдегі ВИЧ/СПИД ұлттық орталығының дерегі бойынша, олардың 313-і вирусты ауруханадан жұқтырған.

Ош қаласындағы ВИЧ дертін зерттеу орталығы. 12 қаңтар 2012 жыл.

Ош қаласындағы ВИЧ дертін зерттеу орталығы. 12 қаңтар 2012 жыл.

Ата-аналар мен «Rainbow» ақпараттық орталығы атты ҮЕҰ «қан тапсырушылар қажетті деңгейде тексерілмейді және медициналық қызметкерлер шприцті бірнеше рет қолданады» деп айыптады.

Қырғызстанның Ош облысындағы Ноқат аудандық емханасында 2008 жылы 40-тан астам бала ВИЧ инфекциясын жұқтырған еді. Бұл елді түршіктірген алғашқы жаңалық болды. Сол кезде қызметтік өкілетін асыра пайдаланған және салғырттық танытқаны үшін бірнеше медицина қызметкерлері жауапқа тартылды.

Денсаулық сақтау саласындағы шенеуніктердің ауруханадағы жағдайды жақсарту туралы уәдесіне қарамастан, 2011 жылдың соңында елдің оңтүстігінде 200-ден астам бала және ВИЧ-ке шалдыққан болып шықты. ВИЧ/СПИД ұлттық орталығы балалардың вирусты ауруханадағы ВИЧ инфекциясы бар қанды құю кезінде жұқтырғанын мәлімдеді. Содан бері көптеген ата-аналар үкіметтен өтемақы талап етіп келеді.

"ДӘРІГЕРЛЕР ТАЛАПТЫ САҚТАМАЙДЫ"

Гуля Қызылқия ауруханасындағы дәрігерлердің істі сотқа жібермеу үшін 8000 АҚШ доллары шамасындағы ақша ұсынғанын, одан бас тартқанын айтты. Ол медицина қызметкерлерінің немқұрайлығынан тағдыры талқан болған балам үшін әділеттік іздеп жүрмін дейді.

Тексерістер нәтижесінде Гуляның ұлы ауруханаға түскен күні Қызыл-қияда қан тапсырған ер адамның ВИЧ-инфекцияны жұқтырғаны анықталды. Ол қан тапсырардың алдында ғана Ресейден келген екен. Бірақ дәрігерлер донор болуға келген кезде басында оның қанынан ВИЧ табылмағанын айтады.

Балалары ауруханадан ВИЧ жұқтырған ата-аналар наразылық акциясында тұр. Ош, Қырғызстан, 14 қараша 2011 жыл.

Балалары ауруханадан ВИЧ жұқтырған ата-аналар наразылық акциясында тұр. Ош, Қырғызстан, 14 қараша 2011 жыл.

Істі жүргізетін прокурор Санжар Абжалов донор таңдауда талапқа сай жұмыс істемеген медицина қызметкерлерін айыптайды:

«Тергеу кезінде дәрігерлер ВИЧ жұқтырған адамды үш ай ішінде анықтаудың мүмкін екенін айтты. Сондықтан оның қан тапсырған сәтте инфекцияға теріс нәтиже көрсеткенін түсінуге болады. Бірақ адамның Ресейден оралғаны белгілі. Бұл жақта Ресейден келген соң үш ай бойы қан тапсыруға тыйым салынады».

Қызылқиядағы дәрігерлер Гуляның айыбына күмән келтіреді, олар баланың нақты сол донордан қан алғаны анық емес дейді. Қызылқия ауруханасының қан тапсыру бөлімінің жетекшісі Кенеш Әбдімомыновтың айтуынша, бала әр қалада кем дегенде екі ауруханада емделген, сондықтан оның нақты қай жерде вирус жұқтырғанын дәлелдеу қиын. Ал Бішкектегі денсаулық сақтау мамандары барлық мемлекеттік ауруханаларда бұндай жағдайдың алдын алу үшін «елеулі шара қабылдадық» дейді.

ВИЧ/СПИД ұлттық орталығының жетекшісі Жулыс Асқарова «елдегі әр ауруханада қазір алдын алу шарасын жүргізетін мамандар бар» дейді. Ал Гуля үшін бәрі кеш. Бірақ ол үмітін жоғалтпағанын айтады.

«Ұлым үнемі қуанып жүреді, көп күледі. Оның оңалуына кедергі келтіретін жайттардан, суықтан қорғап жүрмін» дейді ана.

(Әзиза Құлтаева мен Фарангиз Наджибулланың мақаласын аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG