Accessibility links

ИМ үндеуін «жиһад жариялау» деп атады


"Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы таратқан видеодағы қырғыз тілінде сөйлеп тұрған адам. Видеодан скриншот.

"Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы таратқан видеодағы қырғыз тілінде сөйлеп тұрған адам. Видеодан скриншот.

Интернетте 25 шілде күні «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымының Қырғызстан азаматтарына арналған «үндеуі» жарияланды.

"Қырғызстан халқына үндеу" деп аталатын 9 минуттық видео YouTube сайтында жарияланған. Бірақ алты сағаттан соң видео-үндеу сайттан алынып тасталды. Видеода қырғыз тілінде сөйлейтін белгісіз ер адам қырғызстандықтарды "Ислам мемлекеті" жеріне қоныс аударуға" шақырған. Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) мен ішкі істер министрлігі видеоға түскен адамның кім екенін және видеоның қайда түсірілгенін анықтап жатқанын айтады.

Теолог Қадыр Маликов видеоны өте қауіпті санайды және оған қатысты бірнеше маңызды жағдайға назар аудару қажет дейді. Оның сөзінше, видеоны Қырғызстанда түсірілген деп сенімді түрде ұйғарым жасауға болмайды.

- Бұл жерде біз мұндай үндеудің Қырғызстан халқы үшін арнайы бірінші рет жасалғанына назар аударуымыз қажет. Екіншіден, ең басты үндеу – Қырғызстанның «күпірлер - дінсіздер мен абыройсыздар елі» деп аталуында. Сосын үндеудің жариялануына ИМ басшылығының рұқсат еткенін де айту керек. Бұл Қырғызстан билігіне «жиһад» жариялаудың нышаны, - дейді Маликов.

Теолог мазмұны осыған ұқсас тағы бірнеше видео жариялануы мүмкін екенін және Қырғызстанда қоғамды радикалдандыруға алғышарттар жасалып жатуы ықтимал екенін айтады.

- Жағдай өте қауіпті. Біз сайлау қарсаңында тұрмыз. Елдегі әлеуметтік жағдай нашарлап барады. Экономика қиын күйде. Коррупция мен әділетсіздік артып барады. Мұның барлығы жастарды радикалдануға итермелейді. Әсіресе шенеуніктердің хиджаб туралы, мешіттерді қатаң бақылауға алу туралы соңғы мәлімдемелері радикалдануға әкеп соқтыруы мүмкін. Өкінішке орай, қазір Қырғызстанда дін ұстанатын жастар қоғамда өзіне орын таба алмайтындай жағдай қалыптасып келеді. Оларды дереу қоғамға кіріктіру қажет, - дейді Қадыр Маликов.

Қырғызстан мүфтиі Мақсат қажы Токтомушев Азаттыққа соңғы оқиғаларға байланысты мүфтият алдын-алу шараларын күшейткенін айтты.

- Қырғызстанда барлық имамдар алдына міндет қойылды. Елде тұрақтылықты бұзуды көздейтін арандатуларға жол бермеуге қатысты жиын өтті. Біз енді имамдар, ақсақалдар мен дін қызметкерлерінің қатысуымен ең қауіпті деген аймақтарда жиындар өткіземіз, - дейді Мақсат қажы Токтомушев.

Ал президент жанындағы «Ыйман» қорының жетекшісі Нұржігіт Қадырбеков экстремизммен күшпен емес, идеологиямен күресу қажет деген пікірде. Оның сөзінше, қазір имамдарды оқытатын үш апталық курстар ұйымдастырылып жатыр.

- Экстремистер идеологиялық кеңістікте белсенді әрекет етеді. Олар өздерінің астыртын әрекеттерін байқатпай жасайды. Әрі олар интернетте өз идеяларын түрлі тілдерде таратып, қоғамның әлсіз жерін тауып алады. Екіншіден, "зайырлы мемлекет" деген ұғымның түсінігі әр елде әр түрлі. Мысалы, пост-советтік елдерде дін қоғамнан бөлінген. Сондықтан мектептерге дінге қатысты бағдарламаны енгізу қиын. Үшіншіден, экстремистер өз мақсаттары үшін «қоғам дінге қарсы» дейді. Сондықтан біз әрбір қадамымызды түсіндіре отырып қимылдауымыз керек. Әсіресе, діни тұлғалармен көбірек жұмыс істеу қажет. Біздің қор имамдарға көп көңіл бөледі, - дейді «Ыйман» қорының жетекшісі.

Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті бүгін Қырғызстаннан Сириядағы соғысқа 350-ден астам адам кеткен деп хабарлаған. Арнайы қызметтің дерегінше, кеткендердің 80-ге жуығы - әйелдер.

Маусым айының ортасында Қырғызстан қорғаныс кеңесі хатшылығының өкілі Рыспек Абдысаттаров Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселесіне арналған дөңгелек үстелде Сирияға кеткен қырғызстандықтар саны мыңнан асуы мүмкін деген еді.

16 шілдеде Қырғызстан қауіпсіздік күштері елдің солтүстігінде «Ислам мемлекеті» тобына қатысы бар деген күдікке ілінгендерге қарсы бірнеше операция жүргізіп, сегіз күдіктінің көзі жойылғаны туралы хабарлаған. Қырғыз арнайы қызметі күдікті топтың «елдің солтүстігіндегі Ресей жалға алған Қант әскери базасында және Бішкекте айт намазы кезінде жарылыстар жасауды жоспарлағанын» айтқан.

Өткен аптада президент Алмазбек Атамбаев елдің қылмыстық кодексіне түзетулер мен өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойған. Заңға енгізілген өзгерістер бойынша, енді шетелдердегі қарулы қақтығыстарға қатысқан немесе экстремистік-террористік топтардың лагерлерінде дайындықтан өткен азаматтар 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG