Accessibility links

Қырғыз дәрігерлері қызылша індетін діндарлардан көреді


Қырғызстандағы балабақшадағы балалар. (Көрнекі сурет)

Қырғызстандағы балабақшадағы балалар. (Көрнекі сурет)

Қырғызстанда қызылша асқынды. Екпеге қарсылардың көбі «дін тыйым салады» деген уәж айтады. Медицина қызметкерлері «вакцинаға қарсылықтан өзге де қауіпті індеттер тарауы мүмкін» деп қауіптенеді.

Бірнеше жыл бұрын келмеске кетті деген қызылша індеті Қырғызстанға қайта оралды. Бұл жолы «мәселенің» діни астары бар.

Балаларына қызылшаға қарсы екпе жасатпай отырған Ыстықкөл маңындағы Ақтерек ауылы тұрғыны Бахтияр Бердіқожаев «Біз шариғатпен өмір сүреміз. Қуаныш пен қайғы, бақыт пен сор, өлім мен қатер – бәрі Құдайдан келеді» дейді. Оның бес баласының алдыңғы үшеуіне кейбір індеттерге қарсы екпе салынған. Ал кіші екеуіне әкесі қарсы болғандықтан, ешқандай вакцина егілмеген.

Балаларына екпе салдырмай отырған Бердіқожаев АҚШ-та шу болған вакцинаға қарсылар қозғалысын қолдайды. Калифорниядағы Диснейлендте ондаған адам қызылша жұқтырып, жұрт оған баласына екпе жасатпағандарды айыптаған еді.

Сол сияқты Қырғызстанда да қазір қызылша індеті асқынып тұр. «Вакцинаға қарсы» қырғыздардың дәлелі АҚШ-тағы «әріптестерінің» пікірімен ұштасып жатыр. Бердіқожаев тәрізді адамдар бұл вакцинаның орнына «пайдалы, таза тәсілдер қолданған жөн» дейді. «Ата-бабаларымыз екпесіз-ақ күн кешкен. Олар химиялық заттарды пайдаланбай, шөппен емделген» дейді ол.

Вакцина құрамындағы заттардың сапасына күмән келтіретіндер де бар. Енді бір адамдар интернет пен DVD-дискілерден естіген нашар медициналық кеңес пен сыбыстарға сүйенеді. Мұсылмандар көп тұратын Қырғызстанда екпеге қарсылардың көбі «дін тыйым салады» деген уәж айтады.

ІНДЕТ АУҚЫМЫ

Бішкектегі иммундау және сырқаттың алдын алу ұлттық орталығының дерегі бойынша, 2014 жылы екпеден бас тартқан 6 мың 400 адамның 70 пайызға жуығы діни сылтау айтқан. Осының кесірінен Қырғызстанда соңғы жылдары қызылша қайта өршіп, індет қоғам денсаулығына қатер төндіретін жағдайға жетті.

Қырғызстандағы жұқпалы аурулар ауруханасы. Қызылшаға шалдыққандар осында жатады.

Қырғызстандағы жұқпалы аурулар ауруханасы. Қызылшаға шалдыққандар осында жатады.

Екі жыл бұрын Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі «енді балалар қызылшадан шетінемейді» деп, ел аумағында бұл кеселдің жойылғанын айтып мақтанған еді. Бірақ өте жұқпалы вирустық індет жаңа қарқынмен күшейіп оралды. 2014 жылы 200-ден астам науқас тіркелсе, биыл ақпанның 5-іне дейін 3 мың 400-ден астам науқас анықталып, 1000 жуық адам күдікпен тексерістен өткен.

Сырқаттың алдын алу орталығы бас дәрігері Буруш Асыгбекова «Балаларына екпе жасатудан бас тартқан ата-аналар көбейген сайын індет асқына береді» дейді. Ол «Осы жолы қызылша тарады, бірақ сіреспе мен дифтерия сияқты Қырғызстанда «көп жылдан бері болмаған» қауіпті індеттер де асқынуы мүмкін» деген қауіп айтады.

2010 жылы Тәжікстанға жайылған менингит пен полиомиелит те бақылауды қажет етеді. Соған орай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Қырғызстанға 2015 жылы жаңа екпелер күнтізбесін енгізбек.

«ДӘРІГЕР ШАҚЫРМАҢДАР!»

Алайда жұрт екпе алуға қарсы болса, жаңа вакциналар індеттердің алдын алуға көмектесе алмайды. ДДСҰ жұқпалы дерттің таралуына көмектесетін бірнеше «қатерлі құбылыстарды» атайды. Солардың ішінде «БАҚ-та керітартпа ақпараттардың көп тарауы, ресми деректердің халыққа жетпеуі, екпеге қарсы діни жетекшілердің танымал болуы» сияқты бірнеше «құбылыс» жазылған.

Ал Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі дінді «негізгі себеп» ретінде таниды. Олардың пікірінше, «вакцинаға қарсы үгіт» Ош және Жалал-Абадтың оңтүстік аймақтарында тараған.

Ош облысы мүфтиятының төрағасы Ниязәлі Арипов.

Ош облысы мүфтиятының төрағасы Ниязәлі Арипов.

Ош облысы мүфтиятының төрағасы Ниязәлі Арипов те екпеге оң қарап отырған жоқ. Ол «Вакцина құрамында қандай заттар бар екенін тексеру керек, оларға күмән бар. Екпеде уытты қоспалар болады, ол бірнеше жылдан соң белсіздікке әкеледі. Ал ондай күмәнді жою діни қызметкерлердің жұмысы емес» дейді ол.

Осы тақілеттес пікірлер қызылшаны жұқтырғандар көп тіркелген Бішкекте де жиі айтылады. Екі баланың әкесі Алмаз Алимбаев «Әлемді кімдер билеп-төстеп тұрғанын жақсы білеміз. Олар адамдарға вакцина салу үшін барлық амалды қолданады» дейді.

Оның екпеге қарсы болуына астыртын қастандық туралы ой, діни көзқарасы мен вакцина құрамында ауыр металл мен басқа да улы заттар болуы мүмкін деген үрей ықпал еткен. Алимбаев «Вакцина құрамында сарысу бар, шариғатта өлген хайуандардың, доңыздың еті мен қаны харам екені айтылған. Хадис немесе Құранда Меккеге баратын адамға екпе жасалсын деген бір сөз жоқ» дейді ол.

БАСҚА КӨЗҚАРАС

Сауд Арабиясының денсаулық сақтау министрлігі бұл уәжбен келіспейді. Олар «қажылыққа келетіндер менингит пен тұмауға қарсы мерзімді екпелерді салдырсын, ал «қатер тобында» тұрған елден келетін азаматтар полиомиелит, менингит пен сары безгекке қарсы егілсін» деген талап қояды.

Қырғызстанда да «екпе дінге қайшы» деген пікірмен келіспейтін дін өкілдері бар. Қырғызстан мүфтиятының орынбасары Замир Ракиев «вакцинаға қарсы пікір айтпағандарын, ол жайында сұрағандарға дәрігерлермен кеңесіңдер дейтіндерін» мәлімдеді.

Қызылша індеті асқынған кезде (қаңтардың аяғында) Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы сайт арқылы мәлімдеме жасады. Олар «адамдардың өз денсаулығы үшін жауапты екенін» айтып, «әртүрлі сырқатқа қарсы әр адамның екпе салдыруға құқығы бар» екенін ескертті.

Дәрігер балаға екпе салып жатыр. (Көрнекі сурет).

Дәрігер балаға екпе салып жатыр. (Көрнекі сурет).

Тұрғындардың вакцина сапасы туралы сауаты аз екенін, көбіне интернет пен БАҚ арқылы ғана мағлұмат алатынын ескерген діни басқарма енді әр жұма намазынан соң сырқаттың алдын алу жөнінде талқылауға шақырды.

Қырғызстан наурызда қызылшаға қарсы науқан бастамақ. Бір мен алты жас арасындағы балаларға жаппай вакцина егіледі. Иммундау және сырқаттың алдын алу орталығының бас дәрігері Асыгбекова «Ата-аналар екпенің көмегін енді ұғып, балаларына вакцина салдыра бастады» дейді.

Ол індет асқынып тұрған күннің өзінде екпеден бас тартып жатқан азаматтарға қарата «Балаларының денсаулығын ойламайды. Басқа нені ойлайтындарын білмеймін» дейді ашуланып.

(Гүлайым Ашакееваның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG