Accessibility links

«Шетел агенті» туралы заң өтпеді


Коммерциялық емес ұйымдар туралы заңға қарсы наразылық акциясына шыққан белсенділердің плакаттары. Қырғызстан, Бішкек, 2016 жылдың мамыры.

Коммерциялық емес ұйымдар туралы заңға қарсы наразылық акциясына шыққан белсенділердің плакаттары. Қырғызстан, Бішкек, 2016 жылдың мамыры.

Қырғызстан парламенті – Жогорку Кенеш коммерциялық емес ұйымдар туралы заң жобасын қабылдамай тастады. Депуттардың көбі заң жобасы азаматтық қоғам құқығын шектейді әрі Қырғызстанға көрсетілетін халықаралық көмек азайып кетеді деген уәжбен құжатқа қарсы дауыс берді.

Парламенттегі отырысқа қатысқан 111 депутаттың 65-і заң жобасына қарсы дауыс берді.

Бұл заң жобасының қабылданбайтыны оны талқылау кезінде айқын болған еді. Пікір білдірген депутаттардың көбі «заң қабылданса, азаматтық қоғам қызметін шектеп, елдің халықаралық беделіне нұқсан келеді» деді.

Мысалы, ҚСДП атынан (Қырғызстан социал-демокартиялық партиясы – ред.) сайланған парламент депутаты Карамат Орозова «ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйымдар – ред.) парламенттің негізгі әріптесіне айналды, заң жобаларының көбін қолдап келеді» деп мәлімдеді.

- ҮЕҰ-лар халықпен тығыз байланыста жұмыс істейді, біздің де әріптесіміз. Олар біздегі парламентаризмді дамыту жобасын іске асырып, заң жобаларын қоғамдық талқыға салады, мемлекеттің мұршасы келмейтін проблемаларды шешіп отыр. Сондықтан оларды қалай шектейміз? Заң жобасына қарсымын, - дейді ол.

Ал депутат Аида Салянованың пікірінше, заң жобасы дұрыс пысықталмаған, ол ҮЕҰ-ларды қадағалау құралы болуы мүмкін. Ал кей депутаттар «Ресейден көшіріп ала салған заң жобасын енді Қырғызстанға енгізбек» деп санайды.

Галина Скрипкина.

Галина Скрипкина.

​Заң жобасын қолдайтын ұйғарым шығарған парламенттің конституциялық заң, сот-құқық және адам құқығы мәселелері жөніндегі комитетінің төрайымы Галина Скрипкинаның айтуынша, құжат коммерциялық емес ұйымдардың жариялылығын қамтамасыз етуді көздейді.

- Заң жобасы әр азамат ҮЕҰ-лар ақшаны қайдан алып жатқанын, олардың қандай мүлкі бар екенін білуі үшін құрастырылды. Олар ақшаны қайдан алады? Көздеген мақсаттары қандай? Осыны ғана білу керек. Өзге мақсат жоқ, - дейді ол.

Скрипкина «Заң жобасының ҮЕҰ-лардың бәріне емес, 73-іне ғана қатысы бар» деп мәлімдеді. Бірақ ол депутаттардың «Олар нақты қандай ұйымдар?» деген сұрағына жауап бермеді.

Жогорку Кенеш қабылдамай тастаған коммерциялық емес ұйымдар туралы заң жобасының парламенттің алдыңғы шақырылым депутаттары Турсунбай Бакирұлы, Нуркамил Мадалиев және Надира Нарматова ұсынған әуелгі нұсқасынан айырмашылығы бар. Бұл депутаттар бастапқыда үкіметтік емес ұйымдар мен коммерциялық емес ұйымдарды шетел агентіне теңестіріп, оларды жаппай бақылауға алуды ұсынған.

Оқылым кезінде заң жобасына өзгерістер енгізіліп, жобада ҮЕҰ-ларжы бюджетін жариялауға міндеттейтін норма ғана қалды. Бірақ екі жыл бойы талқыланған құжат бәрібір өтпеді. Үкіметтік емес ұйым өкілдері мұны жеңіске балайды.

Сайлаушылар дауысын сатып алуға қарсы акцияға шыққан қырғыз белсенділері. Ош, 27 наурыз 2016 жыл.

Сайлаушылар дауысын сатып алуға қарсы акцияға шыққан қырғыз белсенділері. Ош, 27 наурыз 2016 жыл.

«Коммерциялық емес құқық» халықаралық орталығы өкілі Аида Рүстемованың пікірінше, заң жобасы бірнеше себеппен өтпей қалған.

- Меніңше, оның өтпей қалуына көптеген фактор ықпал етті. Жергілікті азаматтық қоғам мен халықаралық ұйымдардың рөлін айтқым келеді. Бұған қоса, жағдайды дұрыс түсінетін депутаттардың да қолдауы бар. Бірақ мына заң жобасының соңғы вариантын қабылдаудың мәні болмас еді. Алғашқы вариант мазмұнынан әлдебір күштердің тапсырысы, ықпалы сезілген, ал кейін заң азаматтық қоғамның қадағалауымен біртіндеп өзгеріп, мәнін жоғалтты, - дейді ол.

Қоғамның кей өкілдері коммерциялық емес ұйымдарға берілген анықтама дұрыс емес деп санайды. Қоғам қайраткері Эдиль Байсаловтың айтуынша, оларды көбінесе адам құқығын қорғаумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар деп қабылдайды, ал бұл - дұрыс емес.

- Бізде үкіметтік емес ұйымдар дегенде ойымызға бірден құқық қорғаушылар келеді. БҰҰ, ЕО, ЕҚЫҰ қаржыландыратын ұйымдар қаржысы банктегі есеп-шоттар мен салық қызметі арқылы өтеді. Бірақ елде өзге мемлекеттерде тыйым салынған ұйымдар бар. Мысалы, Ресей мен Қазақстанда тыйым салынған «Мұсылман жастары ассамблеясы». Ұйым Қырғызстанда еркін жұмыс істейді, кей депутаттардың қажылық сапарын қаржыландырады. Сондықтан нақты анықтама керек, - дейді ол.

Ал «Дүниежүзі мұсылман жастары ассамблеясының» баспасөз хатшысы Рахматулла Мұхамедтің айтуынша, ұйым заң аясында жұмыс істейді.

- Біздің ұйым заңды жұмыс істейді. Бюджетіміз ашық, өзге елдерде қызметімізге тыйым салынбаған. Сондықтан біз үкіметтік емес ұйымдарды бақылауды күшейтуді қолдаймыз, - дейді ол.

Қырғызстанда бес мыңға жуық ҮЕҰ тіркелген. «Коммерциялық емес құқық» халықаралық орталығы есебінше, олардың 65 пайызы шетелден қаржыландырылады.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласын орыс тілінен аударған - Айжан Оралғазина.

XS
SM
MD
LG