Accessibility links

Қырғыз оппозициясын жақтаушылар Талас облысының әкімдігін басып алды


Талас қаласындағы наразылық акциясы. Қырғызстан, 6 сәуір 2010 жыл.
Талас қаласындағы наразылық акциясы. Қырғызстан, 6 сәуір 2010 жыл.

Қырғызстандағы Талас қаласының мыңдаған тұрғындары сейсенбі күні облыстық әкімшіліктің ғимаратына басып кірген. Қырғыз оппозициясы күштік құрылымдарды өз сапына өтуге шақырды. Дегенмен үкімет Талас қаласындағы ахуалды қадағалап отырмыз деп мәлімдеді.

ОППОЗИЦИЯ ЛИДЕРІНІҢ ТАЛАСТА ҰСТАЛУЫ

Қырғыз оппозициялық «Атамекен» партиясының төрағасы Омурбек Текебаевтың Азаттық радиосына хабарлауынша, Талас қаласындағы бас көтерулерге оппозициялық саясаткер Болот Шерниязовтың ұсталуы түрткі болған.

Оның айтуынша, сейсенбі күні таңертең Талас қаласының милициясы «Атамекен» партиясының жетекшілерінің бірі Болот Шерниязовты ұстады. Ол бұл қалаға сәрсенбілік халық құрылтайын өткізу үшін бара жатқан екен.
Талас қаласындағы наразылық баскөтерулер.

- 7 сәуірде аймақтарда халық құрылтайлары өтуі керек еді. Бұл жиындарда республикалық құрылтайда көтерілген мәселелер талқылануы тиіс болатын. Бірақ жергілікті билік бұл іс-шаралардың жолын кесуге әрекеттеніп бақты. Олар белсенділерге қысым көрсетті.

Бүгін таңертең Талас қаласына кіре берісте оппозиция лидерлерінің бірі Болот Шерниязов заңсыз түрде ұсталды. Оны облыстық ішкі істер басқармасына алып барған. Артынша-ақ Шерниязовтың жақтастары сол маңға жинала бастады, - деді Текебаев.

Алайда қырғыздың Ішкі істер министрлігі Шерниязов ұсталды деген ақпарат шындыққа сай емес деп хабарлады. Министрлік таратқан ақпаратта "Шерниязов облыстық ішкі істер департаментіне шақырылып, сақтық туралы ескертуден кейін ол бұл ғимараттан өз еркімен шығып кетті" делінген.

БИЛІК ХАЛЫҚТЫҢ ҚОЛЫНА КӨШТІ

Хабарларға қарағанда тұрғындар Шерниязовты босатуды талап етіп, облыс әкімшілігі ғимаратына жиналды. Текебаевтың айтуынша, жиналғандардың саны бес мыңнан асады.

Талас қаласындағы баскөтерулер.
- Билік халықтан қорқып, Шерниязов пен оның серіктерін босатты. Бірақ тым кеш болатын. Өйткені ол маңға мыңдаған халық жиналып үлгерген еді. Тұрғындар өз талаптарымен губернаторға кірді. Бұл халық өкілдерін қабылдау болатын. Бірақ бұл жаппай басып алушылық емес, - деді Текебаев.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, мыңдаған халық милиция қоршауын бұзып өтіп, ғимаратқа басып кірген. Тұрғындар облыстық әкімшілік ғимаратының барлық қабаттарына, соның ішінде губернатордың кеңсесіне де өтті. Облыстық басшы тығылып қалған. Ғимарат ішінде тәртіпсіздік басталды, жиһаздар қиратылды.

Текебаевтың айтуынша, губернатордың қолында көпшілік халықты шектейтін билік қалмаған. Өйткені арнайы жасақтар халықтың жағына шығып кеткен.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиналған халық құрылтайды бүгін өткізуді талап еткен. Олар жұртшылықтың алдына шыққан губернатордың сөйлеуіне мүмкіндік бермеді, тіпті губернатордың өзін тұтқынға алуға әрекеттенген.

- Мемлекеттік биліктің әлсіреуі жағдайында халық өзара ұйымдасып, азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын сақтау үшін халық институттарын құра бастады, - дейді Текебаев.

Хабарларға қарағанда, Шералы Әбділдаев халық губернаторы болып сайланған.

КӨЗДЕН ЖАС АҒЫЗАТЫН ГАЗ
Талас қаласындағы баскөтерулер барысында қырғыз президенті Құрманбек Бакиевтің суреті өртелді.


Азаттық тілшісінің хабарлауынша, халық облыстық ішкі істер басқармасының ғимаратын басып алуға талпынған. Бірақ мұнда көпшілікке қарсы көзден жас ағызатын газ пайдаланылды деп хабарланды.

Жаппай бас көтерулерге қатысушылардың арасында жараланғандар бар. Бір кісіге ішкі істер департаментінің ғимараты жақтан атылған резеңке оқ тиген.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Талас қаласының әуежайына Бішкектен екі ұшақ қонды. Олар арнайы жасақ тобын жеткізген делініп отыр. Бірақ сарбаздардың нақты саны туралы мәлімет жоқ.

Бұл уақытта облыстық әкімшілік ғимаратының алдында оппозициялық партиялардың ұйымдастыруымен митинг өтіп жатты. Наразылыққа жиналғандар қырғыз президенті Құрманбек Бакиевтің үлкен суретін өртеп жіберген.

Қырғыз үкіметі облыстық әкімнің кеңсесі басып алынды деп хабарланған Талас қаласындағы ахуалды өзі қадағалап отырғанын мәлімдеді.

Кейінірек қырғыз премьері Данияр Үсенов баспасөз-маслихатында «Атамекен» партиясы төрағасының орынбасары Болот Шерниязов бастаған оппозиция өкілдері тобының облыс әкімдігі кеңсесін басып алуға тырысқанын айтып, аймақтағы барлық жағдай жіті қадағалауда деп хабарлады.

Қырғызстанның Бас прокуроры Нұрлан Тұрсынқұлов Талас қаласындағы митингінің ұйымдастырушылары мен қатысушыларына қарсы қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG