Accessibility links

Қырғызстанның ең ірі банктерінің бірі мемлекет меншігіне өтетін болды


Биліктен қуылған президент Құрманбек Бакиевтің ұлы – Максим Бакиев.

Биліктен қуылған президент Құрманбек Бакиевтің ұлы – Максим Бакиев.

Дүйсенбі күні уақытша үкімет басшысы Отунбаева «АзияУниверсалБанкін» мемлекет меншігіне айналдыру жөніндегі қаулыға қол қойды. Бұл қаржы институты бұрынғы президент Бакиевтің баласы Максим мен Михаил Надел деген кәсіпкердің бақылауында болып келген.

Қырғызстан уақытша үкіметі елдің банк пен төлем жүйелерін тұрақтандыру мен банктің қаржы жағдайына зиян келмеуі үшін осындай қадам жасап отырғандарын айтты.

Қырғыз уақытша үкіметі басшысының сот реформалары мен құқық қорғау саласы бойынша орынбасары Әзімбек Бекназаров дүйсенбі күні Бішкекте өткізген баспасөз мәслихатында былай деді:

«АзияУниверсалБанкінің» бұрынғы басқарма басшысы Михаил Надел қазір іздеуде жүр. Оның қайда екені әлі белгісіз. Оған Ұлттық қауіпсіздік қызметі мен Бас прокуратура іздеу жариялаған. Надел банктің 66 пайыз акциясын иеленген. Ол өзінің үлесін басқа бір адамға аудармай тұрғанда, біз банкті мемлекет меншігіне өткізбекшіміз».

Бұл қаулыға сәйкес, Қырғызстанның Ұлттық банкі мен Қаржы министрлігі бір аптаның ішінде уақытша үкіметке «АзияУниверсалБанк» клиенттерінің құқықтары мен мүдделерін ескере отырып, банкті мемлекет меншігіне айналдыруға қатысты жоспарларын ұсынуы тиіс.

Қырғызстан уақытша үкіметі 7 сәуірдегі халық толқуларынан кейін билік басына келген болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG