Accessibility links

Экс-спикерге үш кабинеттен бір кабинет жасап бермек


Қырғызстан парламентінің бұрынғы спикері Асылбек Жээнбеков.
Қырғызстан парламентінің бұрынғы спикері Асылбек Жээнбеков.

Қырғызстан парламентінің бұрынғы спикері Асылбек Жээнбеков қызмет бабына сәйкес қарастырылған жеңілдіктерден орнын өткізіп бергеннен кейін де бас тартқысы келмейді.

Жогорку Кенештің экс-спикері Асылбек Жээнбековке бола парламент ғимаратындағы үш кабинетті қосып біріктірген. Бірақ парламенттің баспасөз қызметі «бұрынғы спикердің мейман қабылдайтын, тынығатын жеке бөлмелері әрі өз әжетханасы болады» деген ақпаратты терістейді.

Тараған ақпараттың растығына көз жеткізу үшін Азаттық тілшісі парламент ғимаратына барып қайтты. Ғимараттың үшінші қабатындағы 324-кабинетте бес әрлеушіден тұратын бригада жұмыс істеп жатыр. Олар ішкі қабырғаларды толық бояп бітіп, кіре беріс есіктің алдындағы қуысты қоршап қойыпты, ол жерде әжетхана болатын сияқты. Қабырғаны ойып, көрші бөлмеге өтетін есік шығарған, бұл да – экс-спикер жайғасатын кабинеттердің бірі. Жұмыс істеп жатқан әрлеушілер Азаттықтың тілшісімен сөйлескісі келмей қашқақтады.

КАБИНЕТ ҮШЕУ МЕ, ТӨРТЕУ МЕ?

Жогорку Кенештің баспасөз қызметі жетекшісі Ибраим Нуракунуулуның айтуынша, Жээнбековке БАҚ хабарлағандай төрт кабинет емес, үш кабинет бөлінген.

– Шын мәнінде, Асылбек Жээнбеков үшінші қабатқа көшіп барды. Сол жақта ол кісіге арнап үш кабинетті қосып, бір кабинет жасады. Қалған депутаттардың кабинеті де дәл сондай. Бәрін өз көзіммен көрдім. Біреуі қабылдау бөлмесі болады, тағы екі кабинетті қосып, бір кабинет жасаған, онда бес адам отыратын үстел тұр. Сонымен үш кабинетті қосып, жеке екі кабинет етіп жасапты. Ал «меймандарды қабылдайтын бөлмесі бөлек екен, жеке әжетханасы бар екен» деген сөздер – өтірік, – дейді ол.

Асылбек Жээнбековтің кабинеті осы жерде.
Асылбек Жээнбековтің кабинеті осы жерде.

Нуракунуулу экс-спикер Жээнбековке бөлінген кабинетте бұрын парламент аппаратының мемлекеттік қызмет және кадрлық істер бөлімі қызметкерлері отырғанын айтады.

– Олар бірінші қабаттағы бұрын Жогорку Кенеш істері басқармасы отырған екі бөлмеге көшті. Бұрынғы кабинетке қарағанда ол жер кеңірек. Ал парламент істері басқармасы орынбасардың сол қабаттағы кабинетіне ауысты. Ал басқарма төрағасының орынбасарында жұмыс кабинеті ғана емес, парламент гаражында бөлмесі де бар. Ол сол жаққа көшті, – дейді ол.

Жогорку Кенеш баспасөз қызметінің жетекшісі Асылбек Жээенбековке әзірленген кабинетті көрсетуге уәде етті. Бірақ экс-спикер кабинетінен тіпті түскі асқа да шықпады. Сондықтан оның апартаментін көріп шығудың сәті түспеді.

Сонымен Асылбек Жээнбековке үш кабинет – 321,322 және 323-кабинеттер бөлінген болып шықты. Бірақ жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әжетхана жасалып жатқан 324-кабинеттің есігінде «басқарма төрағасының орынбасары Нұрбек Қадыров» деген тақтайша ілулі тұр. Бірақ «Қадыров гараждағы қосымша бөлмесіне көшіп кетсе, бұл кабинетті кімге дайындап жатыр?» деген сұрақ туады. Әзірше бұл сұраққа жауап жоқ.

«ҚАНДАЙ ЕҢБЕГІ СІҢІП ЕДІ?»

Жогорку Кенештегі сенімді дереккөздердің Азаттыққа айтуынша, Асылбек Жээнбеков спикерліктен кеткеннен кейін жетінші қабаттағы кабинетін Чыныбай Тұрсынбековке босатып беріп, өзі сол жердегі оның кабинетіне көшкен. Бірақ әлгі бөлмені фракция жетекшілігіне сайланған Иса Омуркуловқа босатып беруіне тура келген, алайда Омуркуловтың төменгі қабаттағы кабинетіне көшуден бас тартқан.

Жээенбеков парламент істері басқармасынан дәрет алып, намаз оқуға ыңғайлы кең кабинет бөлуді талап еткен. Бұған байланысты экс-спикердің өзінен комментарий алу мүмкін болмады.

Асылбек Жээенбековке мұншалықты кең апартамент бөліп беру қоғамда резонанс тудырды. Құқық қорғаушы әрі азаматтық белсенді Рита Қарасартова Жогорку Кенеш ғимаратында жұмыс істейтін орын жетіспей жатқанда бір депутатқа бірнеше кабинет беруді сынайды.

Келесі экс-спикерлер де Жээнбековтен қалыспай төрт кабинет ала бастаса не болады?

– «Республика – Ата-Жұрт» фракциясынан сайланған, партия жетекшісі Омурбек Бабановпен соттасып жеңген депутатқа талайдан бері жұмыс орнын тауып бере алмағанын өздеріңіз де білесіздер. Сонда депутаттардың біріне тіпті бір кабинет тауып бере алмай, ал екіншісіне үш-төрт бөлмеден беретіні қалай? Үш кабинетті қосып, «бірінде мейман қабылдайды, тағы бірінде тынығады» дейді. Егер алда-жалда парламенттен кетіп жатса, әлгі кабинеттерді не істейді? Сондықтан «Төрт кабинетке жайғасатындай оның қандай еңбегі сіңіп еді?» деген орынды сұрақ туады. Келесі экс-спикерлер де Жээнбековтен қалыспай төрт кабинет ала бастаса не болады? Олардың бәріне мұнша орынды қайдан табамыз? – дейді ол.

«​ПАРТИЯ БЕДЕЛІНЕ КІР КЕЛТІРУ»​

Бұрынғы спикерге мұндай кабинеттің бөлінуі партияластарының арасында да жағымсыз реакция тудырды. ҚСДП (Қырғызстан социал-демокартиялық парттиясы – ред.) өкілі Ренат Самудинов біреуді ерекше әспеттеп, айрықша жағдай жасауды жосықсыз әрекет санайды.

– Парламентте ешкімге артықшылық берілмеуі тиіс. Мына мәселені этикалық комитет қарауы керек. Жээнбековтің кабинеті жайлы әлеуметтік желілерден оқыдым. Мына ақпараттың қаншалықты рас екенін білмеймін. Егер рас болса, бұл дұрыс емес. Жұрттың жағдайы бірдей болуы тиіс. Қоғам назарына ілігіп, әлеумет талқылап жатқан мына мәселені партия да қарайтын шығар. Қараса, одан бүкіл партияның атына кір келтірмеуін сұраймыз, – дейді Ренат Самудинов.

Әдетте депутаттар парламент ғимаратында шағын кабинеттерге жайғасатын. Кей депутаттарға екеуара бір қабылдау бөлмесі бөлінеді, ал кейбірінде қабылдау бөлмесі мүлде жоқ.

Кезінде бұрынғы спикерлердің бірі Ахматбек Келдібеков те кабинетке қатысты жанжал шығарған. Қызметінен кеткеннен кейін ол жетінші қабаттағы залдардың бірін қоршап алып, сонда орналасқан.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG