Accessibility links

Қырғызстан билігі Азаттық хабарларының таратылуына тосқауыл қоюда


Қырғызстан үкіметінің үйі. Бішкек, 2008 жыл
Қырғызстан үкіметінің үйі. Бішкек, 2008 жыл

Қырғыз ұлттық телерадио корпорациясының Азаттық радиосы мен оның телехабарларын әуеге шығармай қойғанына екі ай болды.

Президент Асқар Ақаев биліктен қуылғаннан бері Қырғыз ұлттық телерадио корпорациясы шынайы халықтық ақпарат құралына айналған болатын. Корпорация халықаралық әріптестеріне, оның ішінде Азаттық та бар, есігін ашық ұстаған еді.

Сол 2005 жылдың наурызынан бастап, Азаттық радиосына ғана емес оның “Ыңғайсыз сауалдар” атты теле бағдарламасына да әуеден еркін орын берілген болатын. Бұл бағдарламада үкімет өкілдерімен қатар оппозицияға да тең мүмкіндік жасалып келді. Сөйтіп мұның өзі бұрынғы совет кеңістігіндегі Орта Азия елдеріне кәсіптік журнализмнің үлгісін көрсеткен еді.



Қырғыз ұлттық телерадио корпорациясы мен Азаттық радиосы арасындағы дағдарыс биылғы жылдың 1 қазанында басталды. Қырғыз ұлттық телерадио корпорациясының басшысы аяқ астынан “Ыңғайсыз сауалдардың” дайын бейнетаспасын “жоғалтып алады”.

Арада бір апта өткенде, қазанның 8-де “Кешкі Азаттық” радиобағдарламасы да, “Ыңғайсыз сауалдар” да әуеге шықпай қалған болатын. Келесі күні Азаттықтың таңғы бағдарламасы және жастарға арналған телехабарлары да әуеден алынып тасталған еді.

Мұның себебін Қырғыз ұлттық телерадио корпорациясы Халықаралық хабар тарату бюросының келісімшарт бойынша төлемақыны дер кезінде төлемей отыруымен түсіндірді. Төлемнің кешігу себебі Қырғыз ұлттық телерадио корпорациясы 5 жолы да халықаралық бюроға жаңсақ есепшотын берген екен. Алайда тиісті қаржыны алғаннан кейін де Қырғыз ұлттық телерадио корпорациясы Азаттық хабарларын әуеге шығарудан бас тартқан.

Ал желтоқсанның 1-де Қырғыз ұлттық телерадио корпорациясы БиБиСи хабарларын да тоқтатқан болатын.
Қырғыз ұлттық телерадио корпорациясының директоры Мэлс Ешімханов бұл радионың хабарын желтоқсанның 10-да қайта әуеге шығаруға уәде еткенімен, Азаттық жөнінде ондай уәде айта қойған жоқ.

Демек бұл ойынның сыртында Қырғыз ұлттық телерадио корпорациясының директоры емес Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев тұр. Жартылай ауторитарлық билікке көшкен Бакиев 2005 жылы өзінің Қызғалдық төңкерісі арқылы, демократ ретінде билікке келгенін ұмытқанға ұқсайды. Ал Азаттықтың жан-жақты да, шынайы хабарлары оның билігіне қауіп төндіре бастаған сияқты.

Ел ішіндегі “Де Факто”, “Алиби” сияқты тәуелсіз басылымдар да қудалауға ұшырауда.

Азаттық бағдарламаларының тоқтатылғанына ашулы тыңдармандар өз наразылықтарын Азаттықтың веб парақшасына үздіксіз жазуда. "Бакиевтің тоталитарлық билігі Азаттық радиосымен бір жерде өмір сүре алмайды. Ол тек өтіріктер мен алдау - арбау, пара бар жерде ғана өмір сүре алады" дейді тыңдармандар.

Олар Қырғыз ұлттық телерадио корпорациясының Азаттық бағдарламаларын әуеге қайта шығаруын талап етуде. Көптеген саяси тұлғалар Азаттыққа өз қолдауларын білдіруде.

“Азаттық радиосы Қырғыз демократиясының ілгерілеуінде, адам хұқының, сөз бостандығының дамуында зор рөл атқарды”,- деген еді Қырғызстан омбудсмені Турсунбек Акун.

Азаттық радиосына жасалып отырған кедергілер “Орта Азиядағы демократия бесігі” деп аталған Қырғызстан беделіне нұқсан келтіріп отыр.
XS
SM
MD
LG