Accessibility links

Атамбаев сынаған кезде Отунбаева шығып кетті


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Бішкек, 31 тамыз 2016 жыл.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Бішкек, 31 тамыз 2016 жыл.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев конституцияны өзгертуге шақырғандарды қолдап, 2010 жылғы Уақытша үкіметті сынады.

Қырғызстан президенті Бішкекте ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтуге арналған мерекелік шарада 2010 жылы қазіргі қырғыз конституциясын қабылдаған Уақытша үкіметке мүше болған, бүгінде конституциялық реформаға қарсы шығып отырған адамдарды сынады.

– Уақытша үкімет мүшелері өздеріне ерекше жағдай күтті. Жеңілдік пен үлкен мансап дәметті. Алайда ашығын айтайын, мен президент ретінде Уақытша үкімет мүшелері түгілі, тіпті өзімнің отбасыма да ерекше жеңілдік жасамаймын, – деді Алмазбек Атамбаев.

Ол елдің қазіргі конституциясында «авторитарлық режим құруға арналған негіздер бар, сондықтан оны өзгерту керек» деп біледі.

– Конституцияны өзгерту арқылы президент өз билігін күшейтіп алады деп қорыққандар өздеріне қарап өлшейді, – дейді ол.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев сөйлеп тұр. Бішкек, 31 тамыз 2016 жыл.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев сөйлеп тұр. Бішкек, 31 тамыз 2016 жыл.

Алмазбек Атамбаев 2010 жылы «парламенттік басқару жүйесі орнады» деген сөз нағыз өтірік, сол кезде жұрт «парламенттік басқару үшін» деп дауыс беріп, алайда президенттік-парламенттік басқару жүйесін енгізген» деп біледі. Қарсыластарының өзін «мемлекеттік билікті узурпациялап жатыр» дегенін айтқан Атамбаев «бүгін соларға жауап беруге мәжбүр» екенін мәлімдеді.

– Уақытша үкіметтің кейбір мүшелері мародерлық үшін, банктегі ұяшықтар үшін, Қадыржан Батыров бастаған сепаратистерді бүлікке бастап шағыстырғаны үшін, қызметін пайдаланып байлыққа кенелгені үшін жауап беруі тиіс деп есептеймін. Олардың кейбірі 2009 жылы менен темекі мен нанға ақша сұрап жүретін еді, бүгінде шеттерінен миллионер, мінгендері – джип, арызды бірден Венецияға жазатын болды, – дейді Атамбаев.

Айыптауларына дәлелдері жоқ екенін айтқан қырғыз президенті «ерте ме, кеш пе – барлығы да әшкере болады» дейді.

Атамбаев сөйлеп жатқан кезде 2010 жылғы Уақытша үкіметтің төрағасы болған, одан соң 2010-11 жылдары өтпелі кезеңде Қырғызстан президенті міндетін атқарған Роза Отунбаева шарадан кетіп қалды.

Атамбаев сөйлегенде Отунбаева кетіп қалды
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:52 0:00

«КОНСТИТУЦИЯНЫ ӨЗГЕРТУ» БАСТАМАСЫ

«Ата Мекен» партиясының жетекшісі Өмірбек Текебаев Алмазбек Атамбаевтың бүгінгі салтанатты жиындағы сөзіне наразы.

– Мұндай күні Атамбаев халықты бірлікке, келісімге шақыратын сөз айтуға тиіс еді. Президентке, лидерге лайықты сөйлегені жарасар еді. Алайда оның бүгінгі сөзі Қырғызстанды ұятқа қалдырды. Мұндай басшы отырғанда мемлекеттің болашағы ауыр, – дейді ол.

Президент Атамбаевтың сөзіне оның қарсыластарының бірі, кезінде Уақытша үкімет мүшесі және президент аппаратының жетекшісі болған Эмилбек Қаптағаевтың да көңілі толмаған.

Президенттің сөзі – үлкен саяси жанжалдың басы.

– Президенттің сөзі – үлкен саяси жанжалдың басы. Бұл ісі қате болды, – дейді ол.

Қырғызстандағы конституциялық реформаға қатысты саяси дау шілденің 27-сінде басталған. Жогорку Кенештегі бес фракция – Атамбаев жетекшілік еткен «Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы», «Республика - Ата Жұрт», «Қырғызстан», «Өнүгүү» және «Бір бол» лидерлері шілденің 27-і күні бірігіп мәлімдеме жасап, конституцияны өзгерту үшін референдум өткізу бастамасын көтерген.

Қырғызстандағы дауға іліккен конституцияны 2010 жылы сол кездегі президент Құрманбек Бакиев қашып кеткен соң құрылған Уақытша үкімет қабылдаған. Ол конституция «парламенттік-президенттік билік жүйесін енгізді» делінеді. Конституция қабылданған кезде оны 10 жылға, яғни 2020 жылға дейін өзгертпеу жөнінде меморандум да болған.

Конституцияны өзгертуге шақырған ұсынысты «билікті бір қолға топтастырып, президенттік басқаруды күшейтеді» деп сынаушылар бар. Олардың дені – 2010 жылғы Уақытша үкіметке мүше болған адамдар мен парламенттегі «Ата Мекен» партиясы өкілдері.

Қырғызстан заңдарында конституцияны өзгерту үшін арнайы бастамашы топ құрылып, олар 300 мың адамның қолын жинағаннан кейін ғана референдум өткізуге рұқсат беріледі.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев конституцияны өзгертуге шақырған бес фракция басшысымен тамыздың 29-ы күні кездесіп, қарсы сын-пікірлерді ескеруге шақырған және бұл бағыттағы қоғамдық талқылауды екі жұмаға ұзартқан.

  • 16x9 Image

    Қасым АМАНЖОЛ

    Қасым Аманжол – Азаттық радиосының тв-продюсері. 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Жүргенов атындағы Өнер академиясының кино және телевидение факультетін аяқтаған. 20 жылдан астам Қазақстанның телевизия саласында істеп келеді. Авторлық бағдарламалардың, деректі фильмдердің авторы. «Шынның жүзі» сұхбаттар циклын, «Анық Абай» деректі сериалын, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы жайлы фильмдерді, 2014 жылы Шығыс Украинадағы соғыс пен Қырым туралы фильмдер түсірген. 2015 жылдан бері Азаттықта тікелей эфирлер жүргізіп, тележобалар жасайды. Телетоптың жұмысына продюсерлік істейді.

XS
SM
MD
LG