Accessibility links

Алмазбек Атамбаев: Элитаны өзгертетін уақыт келді


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Азаттық радиосына сұхбат беріп отыр. Бішкек, 30 тамыз 2013 жыл.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Азаттық радиосына сұхбат беріп отыр. Бішкек, 30 тамыз 2013 жыл.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Азаттық радиосы Қырғыз редакциясына берген эксклюзив сұхбатынан үзінділер ұсынамыз.

ҚЫРҒЫЗСТАН ӨЗГЕРІП КЕЛЕДІ

Мен сыншы атаулыға «Бішкек пен Ош қалаларының көшелерін аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігі қалай өзгергенін өз көздеріңмен көріңдер» деп кеңес берер едім. Бішкекте құрылыс қарқынды жүріп жатыр. 2009 жылы, қыста шетелдік бір сапардан ұшып келе жатқанымызда Қазақстанның самаладай жарқырап, ал біздің астанамызды қара түнек басып тұрғанын көргеніміз есімде.

Қазір Бішкек те, Ош та өзгерді. Қазіргі Ош пен осыдан үш жыл бұрынғы - 2010 жылдың маусым айындағы қанды қырғыннан кейінгі қаланы салыстырып көріңіздер – арасы жер мен көктей. Әрине, бұл өзгерістердің көбі қалаларда болып жатыр. Бірақ көп ұзамай ауылдардың да жағдайы түзеледі деп үміттенем. Халықтың тұрмысы жақсарады, несие береміз, ауызсумен қамтимыз.

ҚҰМТӨР МӘСЕЛЕСІ

Құмтөр - біздің жанды жеріміз. Бірақ егес-жанжалдарды тоқтатуға болады және тоқтату керек. Құмтөрдегі қырғыз елінің үлесі әуелі 60-70 пайыз болып, кейін Қырғызстан өзінің акцияларының бір бөлігін сатқан соң азая бастады. Өз басым бұл мәселеде үкімет басшысының «біздің елдің үлестік пайызын 50 пайызға жеткізсек, тарихи әділдік орнайды» деген сөзімен келісемін. Кейбіреулер айтып жүрген 60-70 пайызға қарағанда, бұл - қол жеткізуге болатын дүние.

ЖЕМҚОРЛЫҚ ТУРАЛЫ

Коррупциямен күресіп келеміз, әлі де күресеміз. 2011 жылы басталған күрестің нәтижесінде елде өздерін заңнан биік қоятын, мызғымайтын мықтымыз деп санайтын топ қазір жоғалды. Шенділер мен депутаттарға, министрлерге қатысты сот процестері жүріп жатыр. Бүкіл әлем бойынша коррупцияны түп-тамырымен жойған ел жоқ. Ал бізде жемқорлық деген кесапат сай-саланы жайлап алғаны сондай, оны денесін метастаза кеулеп кеткен ауыр науқастың күйіне теңеуге болады.

Елдің қорғаныс кеңесінде бұл мәселені қарап, коррупциямен күрестің екінші кезеңін бастаймыз. Жағдай былай: бір жемқорды түрмеге отырғызсақ, оның орнына басқасы пайда болады. Сондықтан ұрлық-қарлық жасауға ешкімнің ой-ниеті де, мүмкіндігі де болмас үшін бүкіл мемлекеттік органдардың жұмысын жұртқа жария, ашық етеміз. Енді азаматтар олардың жұмысы туралы ақпаратты интернеттің көмегімен алатын болады.

Бірақ бұл мәселенің «қырғызшылыққа салу» деген тағы бір қыры бар. Қырғыздың бәрі «коррупциямен күресу керек» дейді де, мәселе туған-туысына тірелгенде басқаша сайрай бастайды. Жолды жауып немесе басқаша наразылық акцияларын өткіземіз деп қыр көрсетеді. Коррупциямен күрескенімізді бәрі талап етеді, бірақ туған-туыстарына немесе ауылдастарына тигізгісі келмейді.

ОППОЗИЦИЯ ЖӘНЕ ЖАҢА ЭЛИТА

Қырғызстанға оппозиция керек. Күшті оппозиция керек. Биліктің бір партияның қолында болуына жол беруге болмайды. Қырғызстан жағдайында көп партиялы жүйе болғаны жөн. Қазір бір жоба бойынша жұмыс істеп жатырмын. Оны қыркүйектің соңына қарай немесе қазан айының басында жұртшылыққа ұсынамын. Елдің болашақ элитасын әзірлеу үшін жастардың үздік өкілдерін жинағымыз келеді.

Оппозицияны ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамыз, түрлі қызмет ұсынамыз. Мысалы, оппозицияның бір басшысын дипломатиялық академияны басқаруға шақырдық. Бірақ ол сыртқы істер министрі немесе вице-премьер болғысы келеді екен, бұл ұсынысымыздан бас тартты. Мұндай адамдарды Қырғызстан да, оның келешек тағдыры да алаңдатпайды. Олардың көздегені билік қана. Олар үлкен қызметті кейін баюына жағдай жасайтын қолайлы инвестиция деп біледі.

СЫРТҚЫ КҮШТЕРДІҢ ЫҚПАЛЫ

Қырғызстанның қуатты елге айналуы сыртқы күштердің бәріне бірдей ұнай бермейді. «Демократия мен еркіндіктің жеткізген жетістігі» деп өз халқын қорқыту үшін оларға біздің алауыз болғанымыз тиімді. Саясаткерлеріміздің кейбірі шетелдің арнайы қызметінің ығында кетеді. Уақыты келгенде олардың да есімдерін атармыз.

ПАРЛАМЕНТТІК ДЕМОКРАТИЯ

Кейде мен «егер біздің ел президенттік республика болғанда, жұмысын дұрыс істесін деп, салғырт министрлерді қуып шығар едім» деп ойлаймын. Бірақ Ақаев пен Бакиевтің кезінде мұндай тұзаққа екі рет түсіп қалдық. Оны қайталаудың қажеті не? Параламенттік жүйе енді ғана қалыптасып келеді. Осы парламенттік демократияның арқасында Құмтөр немесе Батукаев болсын, басқа мәселе болсын, бізде жасырын-жабын мәселе жоқ. Осылай болғаны жақсы емес пе? Қазіргі парламенттің жұмысына көңілі толмайтындар да бар. Бірақ аяғынан тұрып кету үшін оған уақыт беру керек, сабыр таныту қажет. Сайлау арқылы нағыз парламенттік жүйеге қол жеткіземіз деп ойлаймын.

КӨРШІЛЕРМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

Көрші елдермен достық қатынас орнатамын деп уәде бергенмін. Қазақстан, Тәжікстанмен ара-қатынасымыз жаман емес. Ресеймен де арамыз біраз жақсарды. Қытай мемлекетінің басшысы Қыркүйектің 10-ында Қырғызстанға төрт күндік ресми сапармен келеді. Қытай басшысы әлемнің бір де бір елінде төрт күннен артық болған емес. Ал Өзбекстанмен ара қатынасымыз біз ойлағандай емес. Өзбекстан президентімен талай шараларда кездесіп жүрмін. Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Бішкекте өтетін саммитінде тағы кездесетін шығармыз.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың сұхбатынан үзінді:


Сұхбаттың толық нұсқасын Азаттықтың қырғыз тіліндегі сайтынан көре аласыз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG