Accessibility links

Атамбаев үй салып жатқан жер дауға ілікті


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Бішкек, 31 тамыз 2016 жыл.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Бішкек, 31 тамыз 2016 жыл.

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың Бішкек маңындағы Қой-Таш ауылынан үй салдырып жатқан жеріне байланысты дау туды.

Қырғызстандағы «Ата Мекен» партиясының жетекшісі, саясаткер Өмірбек Текебаев Бішкек маңындағы Қой-Таш ауылында «Алмазбек Атамбаев салдырып жатыр» деген үй аумағының жері «Дастан» зауытына тиісті болғанын айтады. Оның сөзінше, 27,5 гектар ол жерді 2008 жылы Бакиев отбасы бұрынғы иелерінен тартып алған. Кейін 2010 жылғы төңкерістен соң Бакиевтер отбасына тиесілі мүліктер мемлекет меншігіне өткізілген кезде ескерілмей қалған дейді ол.

– Бұл базаны 2008 жылы Укуев Анарбек Акматович деген кісінің атына меншіктеп берген. Қазір ол жерге Алмазбек Атамбаев үй салып жатыр. Бес жыл бойы, басқаша айтқанда, 2010 жылдың 7 сәуірінен бері ол жерлер заңсыз иелікте болғаны анықталып тұр. Қазір біз Бакиевтердің мүліктерін іздеп жатырмыз. Мүлік қашып кетпейді, ерте ме, кеш пе шығады, – дейді Текебаев.

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың Қой-Таш ауылында салып жатқан үйі.
Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың Қой-Таш ауылында салып жатқан үйі.

Оппозициялық партия басшысы Өмірбек Текебаевтың айтуынша, бұл жер телімі Бішкек қаласының мэрі Албек Ибраимовтың әйелі Айнура Ибраимованың атына рәсімделген. Тура бес күн өткен соң президент Алмазбек Атамбаевтың атына өткен. Албек Ибраимов Қырғызстан астанасына басшы болғанға дейін «Дастан» зауытының директоры, «Манас» әуежайының басшысы, президент аппараты жетекшісінің орынбасары қызметтерінде болған. Текебаев «астана мэрі мен президенттің арасында коррупциялық байланыс болған» деп айыптайды.

Алмазбек Атамбаев президент болғанға дейін басқарған Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) парламенттік фракциясының жетекшісі Иса Өмүркулов мемлекет басшысының адалдығына сенетінін айтты.

– Жалған жала жапқаны үшін Текебаев жауапқа тартылуы тиіс, – дейді ол.

Қырғызстан президенті аппараты Атамбаевтың ол жерді заңды түрде сатып алғанын мәлімдеді.

Президент аппаратының жетекшісі Фарид Ниязов Текебаев таратқан ақпаратты жоққа шығарды. Ол Атамбаев үй салып жатқан жердің 27,5 гектар емес, 2,5 гектар екенін айтады. Президент аппаратының жетекшісі ол жерді президент Бішкек мэрі Албек Ибраимовтан заңды түрде сатып алғанын мәлімдеді. Фарид Ниязов Атамбаевтың табысы, жұмсаған қаражаты туралы ақпараттың президент тапсырған декларацияда ашық көрсетілгенін хабарлады.

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың Қой-Таш ауылында салып жатқан үйі.
Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың Қой-Таш ауылында салып жатқан үйі.

Қырғыз президенті өткізген декларацияға сәйкес, Атамбаевтың табысы 2015 жылғы 1 миллион 298 мың 448 сом (19 мың АҚШ доллары шамасы – ред.) болған, ал шығыны – 34 миллион сом шамасында. Сонымен қоса президенттің меншігінде 2,7 гектар жер, ол жерде 116,34 шаршы метрлік құрылыс нысаны бар. Бұдан бөлек, президент 6,4 гектар өсімдік өсірілген жер алқабы бар жауапкершілігі шектеулі компанияның иесі.

Ал Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев өз билігі тұсында кітапхана болады деп үлкен ғимарат салдырып, сонда тұрған. 2005 жылғы оқиғалардан соң ол ғимарат сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал 2010 жылы екінші президент Құрманбек Бакиев пен оның жақындарына тиесілі 47 ғимарат мемлекет меншігіне өткізілген.

Қырғызстанның Орталық Азиядағы көршілері – Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қазақстан президенттерінің жекеменшік үйлері мен табыс декларациялары туралы ақпарат жоқтың қасы.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалдары негізінде дайындаған - Қасым Аманжол.

XS
SM
MD
LG