Accessibility links

Қырғыз президентінің сайлауында Алмазбек Атамбаев басым дауысқа ие болды


Қырғызстан қазіргі үкімет жетекшісі Алмазбек Атамбаев президент сайлауында дауыс беріп тұр. Бішкек, 30 қыркүйек 2011 ж.

Қырғызстан қазіргі үкімет жетекшісі Алмазбек Атамбаев президент сайлауында дауыс беріп тұр. Бішкек, 30 қыркүйек 2011 ж.

Қырғызстандағы президент сайлауының алдын-ала қорытындысы бойынша, үкімет басшысы Алмазбек Атамбаевқа сайлаушылардың 63 пайызы дауыс бергені айтылып отыр. Қырғызстан заңына сәйкес, дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының жартысынан астамын жинаған кандидат жеңіске жеткен болып танылады.

Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, қыркүйек айына дейін қырғыз үкіметін басқарып келген 55 жастағы Алмазбек Атамбаевқа сайлауға қатысқан 1,827 миллион азаматтың шамамен 1,118 миллионы дауыс берген.

Екінші орында «Бутун Қырғызстан» партиясының жетекшісі, бұрынғы мемлекеттік хатшы Адахан Мадумаров тұр, оған сайлаушылардың 14,91 пайызы қолдау білдірген.

Ал «Ата-жұрт» партиясының төрағасы, Қырғызстанның бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Қамчыбек Ташиев дауыс бергендердің 14,43 пайызының сеніміне ие болған.

Бұдан кейінгі орындарда Қырғызстандағы жаңа «Мекен ынтымағы» партиясының жетекшісі Темірбек Асанов (0,94% ), генерал Өмірбек Суваналиев (0,87%), Құбатбек Байболов (0,83%) тұр.

Шамамен 9 мың сайлаушы (0,49%) барлық үміткерге қарсы дауыс берген.

Бұл осы сайлаудағы барлығы 2318 сайлау учаскесінің 2245-індегі дауыс беру нәтижелерінің негізінде, яғни сайлау бюллетеньдерінің 96 пайызы өңделген соң айтылып отыр.

Қырғызстан заңы бойынша үміткерлердің ешқайсысы сайлаушылардың 50 пайыздан астамының қолдауына ие болмаса, онда бір ай ішінде сайлаудың екінші кезеңі өтуі тиіс. Соған қарағанда сайлаудың екінші кезеңі өтпейтін де сияқты.

САЙЛАУҒА ҚАТЫСУ БЕЛСЕНДІЛІГІ

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлауға ел тұрғындарының 60 пайыздан астамы қатысқан. Яғни, сайлаушы ретінде тіркелген 3 миллионнан астам сайлаушының шамамен 1 миллион 827 мыңы дауыс берген.

Азаттық радиосының қырғыз қызметінің хабарлауынша, басқа облыстарға қарағанда Талас, Шу облысы мен Бішкек қаласы тұрғындары сайлауға белсенді түрді қатысқан.

ЗАҢ БҰЗУ ОҚИҒАЛАРЫ

Қырғызстандағы президенттің сайлауда заңбұзушылықтардың байқалғанын азаматтық қоғам өкілдері де, президенттікке таласқан үміткерлер де айтып отыр.

Сайлау болған күні Орталық сайлау комиссиясы қарапайым азаматтардан «сайлау учаскесінде фамилиясын таба алмағанына байланысты» 50 шағым түскенін хабарлады.

Қазанның 30-ы күні Қырғызстанның ішкі істер министрі Зарылбек Рысалиев шу облысында әрбір сайлаушыға 500 сомнан (шамамен 1600 теңге) ақша беріп жүрген екі азаматтың ұсталғанын хабарлады. Министрдің айтуынша, ұсталғандар үміткер Адахан Мадумаровтың адамдары болып шыққан.

Әйтсе де, дәл осы күні кешкісін Адахан Мадумаров пен өзге де үміткерлер журналистерге сайлау кезінде әкімшілік ресурстардың қолданылғаны турасында айтып шағымданды. Олар Орталық сайлау комиссиясын тарату қажеттігін айтып еді.

Ал президент Роза Отынбаева болса, сайлауда барлық үміткерлерге бірдей жағдай жасалғанын, әкімшілік ресурсты қолданғаны турасында үміткер Қамчыбек Ташиевті кінәлау негізсіз екенін жеткізді.

Роза Отынбаева сонымен бірге журналистерге бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің жақтастары бұл сайлауда жеңіске жетуге талпынып, сол үшін аз қаржы жұмсамағанын да мәлімдеді.

Осы қызметке 2010 жылы жазда Қырғызстанда өткен референдум негізінде тағайындалған Роза Отунбаева бұл президенттік сайлауға түскен жоқ. Оның президенттік өкілет мерзімі биыл желтоқсанның 31-інде аяқталады. Сонымен бірге былтырғы референдум президенттің билігін шектеп, парламенттің құзырын күшейткен болатын.

Қырғызстан Конституциясы бойынша президент алты жылға сайланады. Елде алтыншы рет өтіп отырған президенттік сайлауға 16 үміткер қатысты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG