Accessibility links

Сеніміне бола қайта жерленген әйел


Бішкекте қабір қазып жатқан адамдар. (Көрнекі сурет)

Бішкекте қабір қазып жатқан адамдар. (Көрнекі сурет)

Қырғызстанның Жалалабад облысы Сары Тал ауылы тұрғындары мен имам ауылдастары Қаныгүл Сатыбалдиеваның мәйітін жергілікті зиратқа жерлеуге рұқсат бермей қойған. Бұған марқұмның христиан дінін ұстануы түрткі болған.

Ұзақ даудан кейін Қаныгүл Сатыбалдиеваны жерлейтін бейітті Өрікті ауылынан тапқан. Бірақ ол жақтың тұрғындары да наразы болған соң марқұмның мәйітін қайта қазып алуға тура келген.

«МЕНІ ТАСПЕН АТҚЫЛАМАҚ БОЛДЫ»

76 жастағы Қаныгүл Сатыбалдиева қазанның 13-і күні таң сәріде қайтыс болған. Шешесін жергілікті зиратқа жерлеуге ауылдастары тыйым салған соң Жұлдыз Азаева көмек сұрап, әкімдік пен жергілікті кенеш (кеңес – ред.) депутаттарына жүгінген. Марқұмды мұсылмандар зиратына жерлеуге әуелі қазанның 14-і күні жұртты жинап, Жұлдыз Азаевадан исламға бет бұруды талап еткен аудандық имам қарсы болған. Жиналғандардың кейбірі әйелді таспен атқылап, жазалауға шақырған.

Қырғызстанда бірлестік, қор, оқу орны, мешіт, медресе, шіркеу тәрізді барлығы 2800-ге жуық діни ұйым ресми тіркелген. Оның екі мыңнан астамы ислам дінін, қалған бөлігі христиан дінін уағыздайтын ұйымдар мен орындар.

- Олар менен христиан дінінен бас тартып, исламды қабылдауымды талап етті. Мұның бәрін видеоға түсіріп алды. Анамның аруағы үшін келісуге тура келді. Өзгелерге сабақ болсын деп, турасын айтқанда, күштеп көндірді.Тілімді кәлимаға келтіруді талап етті. Оны орындай алмап едім, имам мазақ етті. Исламды қабылдап, «Енді анамды жерлеуге рұқсат етесіздер ме?» деп сұрадым. Өйткені мәйіт екі күн жатып қалып, иістене бастады. Бірақ жиналғандар «бақшаңа апарып көм» деп рұқсат етпей қойды. Мұндайды дұшпаныма да тілемес едім. Имам «сені жат діннен құтқарып қалдық, әйтпесе таспен атқылар едік» деді, - дейді Жұлдыз.

Оның сөзінше, жиналғандардың ішінен жұртқа тоқтам айтып, эмоцияға ерік бермеуге шақыратын ешкім шықпаған. Оқиғаны жергілікті билік пен милиция өкілдері де бақылап тұрған.

- Шешем әлгі кітаптарды 10 жыл оқыды. Ешкімге залалы тимеген адам болатын. Әке-шешем 50 жыл отасты, әкем - намазын қаза қылмаған жан. Тұрғындар ең болмаса сол кісіні аяса қайтер еді. Менде аға-інілерім жоқ, сіңлім екеуміз ғанамыз. Әйелдердің басындағы проблемалары жайлы айтуы қиын. Адамды кім болса да жерлейді емес пе? Қылмыскер, террористерді де жерлейді. Тіпті малдың өзін көмеді ғой. Менің шешем Қырғызстанның қарапайым азаматы емес пе еді? Біз кісі өлтірдік пе әлде біреуді тонадық па? Ешкімге қылдай қиянат жасаған жоқпыз ғой, - дейді ол.

Адамды кім болса да жерлейді емес пе? Қылмыскер, террористерді де жерлейді. Тіпті малдың өзін көмеді ғой. Менің шешем Қырғызстанның қарапайым азаматы емес пе еді? Біз кісі өлтірдік пе әлде біреуді тонадық па? Ешкімге қылдай қиянат жасаған жоқпыз ғой.

Ал аудан имамы Шумкар қажы Чыналиев Жұлдыз Азаеваны мазақ еткенін терістейді. Ол «әйелмен түсіндіру мақсатында сөйлестік» дейді.

- Жергілікті ақсақалдар әкімдіктің жанына жиналып, «Сатыбалдиеваны жергілікті зиратқа жерлеуге жол бермейміз» деп мәлімдеді. Оның денесін өзге ауылдардың біріне апарып қоюды ұсындық. Бірақ ол жақтағы жергілікті мешіт имамдары да үзілді-кесілді қарсы болды. Сөйтсек, марқұмның екі қызы да өзге дінді қабылдапты. Түсіндіру жұмысын жүргіздік. Екеуі «мұнымыз дұрыс емес екен, исламға оралуға әзірміз» деп мойындады, бірақ тұрғындар көнбей қойды. Ауыл тұрғындары екеуінің шешесіне орын беруден бас тартты. Сосын христиандар зираты бар өзге ауылдарға бардық. Бірақ ол жақта да көнбеді, - дейді имам.

«ӘКІМ БАСҚАРА МА, ӘЛДЕ МОЛДА МА?»

Аудан басшысы Сонунбек Акпаралиев Азаттыққа берген сұхбатында Сатыбалдиеваның мәйітін жерлеу үшін баптистер дінін ұстанған тағы бір адам жерленген зираттан орын дайындалып жатқанын айтты. Әкім имамның қылығына қатысты шағымды міндетті түрде тексеруге уәде етті.

- Жерлейтін орын тауып қойдық. Былтыр бір баптист кісіні жерлеген жер бар болатын, қазір сол жақтан қабір қазып жатыр. Біз мұсылман емеспіз бе? Жұрттың бәрі өзге дінге көше бастаса, жағдайымыз не болады? Ал имамның әлгі қылығы жайлы әзірше ештеңе естіген жоқпын, бірақ тексеремін. Содан кейін сөйлесейік, - дейді ол.

Біраздан кейін Қаныгүл Сатыбалдиеваның мәйітін жерлейтін өзге бейіт табылғаны хабарланды. Бірақ оқиға мұнымен бітпеді. Енді әлгі зират орналасқан Өрікті ауылы тұрғындары наразылық білдіре бастады. Ақыры марқұмның сүйегін қайта қазып алып, өзге ауылға апарып, христиандар зиратында жерлеуге тура келген.

Конституцияға сәйкес Қырғызстан зайырлы мемлекет саналады. Құқық қорғаушы Тұрсынбек Акуннің айтуынша, Қырғызстан азаматтардың діни сенім еркіндігін қамтамасыз ету жөнінде халықаралық міндеттемелер алған. Ол жергілікті биліктің әрекетін сынайды.

Ислам төзімділікке, тыныштыққа үйретеді. Екеуін таспен атқыласа, не болар еді? Бұл құқықтық мемлекет емес пе? Әкім мен оның орынбасары «мұндай мәселелерді молда шешса, біз не істейміз?» деп қарап отыр.

- Қырғызстан діни сенім еркіндігіне қатысты халықаралық конвенцияны ратификациялағаннан кейін елде түрлі діндер саны күрт көбейіп кетті. Меніңше, әлгі құжатты ратификацияламау керек еді. Ал ақыры қабылдаған екенбіз, оның талаптарын орындап, жұртқа таңдау еркін, ал әлгі дін өкілдеріне зиратқа жер бөліп беру керек. Ислам төзімділікке, тыныштыққа үйретеді. Екеуін таспен атқыласа, не болар еді? Бұл құқықтық мемлекет емес пе? Әкім мен оның орынбасары «мұндай мәселелерді молда шешса, біз не істейміз?» деп қарап отыр. Бізде сонда халықты губернатор, әкімдер емес, дін басылар басқара ма? – дейді ол.

Қырғызстанда кейде дәстүрлі емес дін өкілдерін қудалау фактілері тіркеледі. Марқұм Қаныгүл Сатыбалдиева ұстанды деген христиан баптистерінің діні 1907-1908 жылдары қоныс аударған алғашқы неміс отбасыларымен келген. Қазір Қырғызстанда баптистер дінін ұстанатын үш мыңға жуық адам мен 50 ғибадатхана бар.

Қырғызстанда бірлестік, қор, оқу орны, мешіт, медресе, шіркеу тәрізді барлығы 2800-ге жуық діни ұйым ресми тіркелген. Оның екі мыңнан астамы ислам дінін уағыздайтын мешіттер, қалған бөлігі христиан дінін насихаттайтын ұйымдар.

Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісі Элеонора Бейшенбек қызының мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG