Accessibility links

«Бала сату» қауесеті Қырғызстан мен Ресейді дауластырды


Қырғызстандағы Ресей елшілігінің вице-консулы Анастасия Антонова.

Қырғызстандағы Ресей елшілігінің вице-консулы Анастасия Антонова.

Қырғызстандағы Ресей елшілігі қызметкерлерінің «дене мүшелерін алу үшін сатылған екі баланы құтқарып қалдық» деген мәлімдемесі екі ел арасында дипломатиялық дау тудырды.

Қаңтарда ресейлік телеарна осы ақпаратты тарата салысымен Қырғызстанның сыртқы істер министрі Ресей сыртқы саясат мекемесінің басшысынан ресми түсініктеме беруді талап етті.

«ҚҰТҚАРУШЫ» ДИПЛОМАТТАР

Даудың басы Бішкектегі Ресей елшілігінің вице-консулы Анастасия Антонованың мәлімдемесінен басталды. Лауазымды дипломат Ресейдің «Первый канал» телеарнасына берген сұхбатында аналары былтыр қыркүйекте жұмбақ жағдайда қаза тапқан 6 жасар Тимофей Романенко мен оның 14 жасар әпкесі Анна Черницынаны «дене мүшелерін саудалау үшін сатылып бара жерінен құтқарып қалғандарын» айтады.

Антонованың айтуынша, балалардың анасы, Ресей азаматы Наталья Романенконы оның азаматтық некедегі серігі, Тимофейдің әкесі Алексей Попов өлтіріп, балаларды адам органдарын трансплантациялап саудалаумен айналысатын қылмыстық топқа сатып жіберген. Ал Алексей Попов мұның бәрін жоққа шығарады.

«Екі бала адам саудалаушылардың көршілеріне барып тығылған, ол көршілер бұл қылмыс туралы Ресей дипломаттарына хабарлаған» дейді Анастасия Антонова.

«Екі бала адам саудалаушылардың көршілеріне барып тығылған, ол көршілер бұл қылмыс туралы Ресей дипломаттарына хабарлаған» дейді Анастасия Антонова.

Ресейдің Қырғызстандағы елшісі Андрей Крутконың айтуынша, «Ресей басшылығының шапшаң қимылдауының арқасында ғана балалар қылмыскерлерден құтқарылған».

Андрей Крутконың ағылшын тілінде шығатын siberiantimes.com сайтына берген сұхбатында бұл іске Ресей дипломаттарының араласқанын және олар жергілікті полицияның қолдауымен Бішкектің маңында қайыр тілеп жүрген Анна мен Тимофейді құтқарып қалғандарын айтқан. «Олар қайыр сұрап жүр екен, жағдайлары өте нашар болды» деді Крутко.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, екі балаға Ресей құжаттары рәсімделіп, олар аналарының туған жері – Новосибирскідегі балаларды сауықтыру орталығына жіберілген.

ҚЫРҒЫЗ ТАРАБЫНЫҢ ПІКІРІ

Ал қырғыз ресми органдары бұл оқиғаны мүлде басқаша суреттейді әрі олар Антонова мен Крутконың айтқандарына кереғар келеді.

Ақпанның 1-інде Азаттық радиосына сұхбат берген Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрлан Сүйерқұлов Ресей дипломаттары айтқан мәліметтердің жергілікті органдардың тергеу нәтижелерімен мүлде қабыспайтынын айтты. Ал Қырғызстан қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшысы Еркін Баев Азаттыққа берген сұхбатында балаларды «сату» туралы әңгіменің еш негізі жоқ деді.

Қырғыз тарабының айтуынша, аналары өз-өзіне қол жұмсап өлген соң әкелері Алексей Попов балаларға қарай алмай, оларды марқұм Наталья Романенконың досы Елена Бажинскаяға әкеліп тастаған.

Қырғыз тарабының айтуынша, аналары өз-өзіне қол жұмсап өлген соң әкелері Алексей Попов балаларға қарай алмай, оларды марқұм Наталья Романенконың досы Елена Бажинскаяға әкеліп тастаған. Бажинская хабар берген соң балалардың шетелде тұратын туысы оларды өз қамқорлығына алмақ болып Бішкекке ұшып келген. Романенко Ресей азаматы болғандықтан оның балаларын қамқорлыққа алуға қатысты құжаттардың барлығы Ресей елшілігінде реттеледі.

Еркін Баевтың айтуынша, балаларды Бажинскаяның үйінен алып, жергілікті балалар үйіне орналастырған. Елшілік барлық құжаттарды рәсімдеген соң олар Ресейге кеткен.

– 29 желтоқсанда Ресей елшілігінің ресми өкілі Анастасия Антонова екі баланы Ресейге алып кетті. Тиісті құжаттардың барлығын жергілікті билік әзірлеп берді. «Балаларды сатпақ болыпты» деген ақпарат – жалған, – деді Қырғызстан қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшысы Еркін Баев.

Қырғыз сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрлан Сүйерқұловтың айтуынша, олар оқиғаның жай-жапсарын түсіндіруді сұрап, Ресей сыртқы істер министрлігіне нота жолдаған.

Бішкектегі Ресей елшілігі жағдайды Азаттық радиосына түсіндіріп беруден бас тартты.

Осының алдында Ресей мен Германия арасында да бала тағдырына қатысты дипломатиялық дау туындаған. Ресей телеарнасы 13 жасар орыс қызын Берлиндегі шетелдік мигранттар ұстап әкетіп, зорлады деген ақпарат таратты. Неміс баспасөзінің жазуына қарағанда, өзін «Лиза» деп таныстырған қыз жақында бұл оқиғаның мүлде болмағанын, оны өзі ойдан шығарғанын айтқан.

Ресей ақпарат құралдары осы оқиға туралы көп хабар таратты. Бұл жайт онсыз да ушығып тұрған Ресей мен Германия арасын одан да қатты суытып жіберді. Ресми Берлин Мәскеуді «бұл оқиғаны өзінің насихаттық мақсатына пайдаланып отыр» деп айыптады.

Юджин Томюк пен Мерхат Шәріпжанның материалы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG